Нұрсұлтан Назарбаев: «Шеттегі әрбір қандасымыз – қазақ елінің бір бөлшегі»
Ардақты ағайын!
Қымбатты бауырлар!
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі Атажұрты – Қазақ Еліне, оның бас ордасы – Астанаға қош келдіңіздер деп, қуанышымды білдіремін!
Алты құрлыққа сауын айтқан мына алқалы жиынға әлемнің 39 елінен 350-ден астам қандасымыз келді.
Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан.
Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі.
Бүгінгі басқосуға негізінен жас буынның өкілдері шақырылды.
Себебі, жас ұрпақ түп қазығын ұмытпай, бір тамырын тарихи Отанында жаюға тиіс.
Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпай, біліп өсуі қажет.
Құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өтуде.
Біз арнайы осылай байланыстырдық.
Себебі, бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударатын ауқымды шара болып отыр.
Біз бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп, сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық.
Дүниені таңқалдырған елордамыз – Астананың өсіп-өркендеп бара жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық.
Кешеден бері Қазақстанның марқайған, көркейген астанасын көріп, көз жеткіздіңіздер.
Құрметті отандастар!
Алғашқы құрылтайдан бері 25 жыл өтті.
20 ғасырда қазақтың басынан өтпеген зұлмат жоқ. Тәуелсіздіктің 25 жылы да қиындықсыз болған жоқ.
Дегенмен, қазақтың талантты халық екені дүние жүзіне белгілі. Бәріміз бірігіп, жұмыла жұмыс істеп, бірлігімізден жазбағанның арқасында осы жылдар ішінде келелі табыстарға жеттік.
Жалпы орташа өмір сүретін халықтардан озып, олардан жоғары шықтық. 40 пайыз кедейшілікті 3 пайызға төмендеттік.
Экономикамызды 22 есе өсірдік. Елдің табысы да осынша өсті. Бүгінгі қазақтың тарихында оның жағдайы мен тұрмысы еш уақытта мұндай болған емес. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт болғанмен, қазіргі таңда тұтас дәуірге татитын уақыт. Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты да айқын.
Біз бұл жолдан да өттік. Бірінші жолымыз – тәуелсіздік алған қуанышымыз болды. Екіншісі – 2030 жылға дейінгі бағдарламамыз. Оны орындадық. Енді үшінші жол – 2050 жылға дейінгі стратегиямыз. Оның негізгі мақсаты – өркендеген ең үлкен мемлекеттер қатарына қосылу. Елдігімізді нығайтатын 5 институттық реформаны іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындап жатырмыз. Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялап, оның 5 басымдығын нақтыладық. Конституциялық реформалар жасап, саяси жаңғыруды жүзеге асырудамыз. Бұл жұмыстардың өзегіне айналатын Рухани жаңғыруды қолға алдық. Оған қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп, жаңа ұрпақ қалыптастыруға бағытталған 6 жоба негіз болады. Заман өте тез жылжып келеді. Қазір техника мен инновацияның артқан кезі. Жаңалықтар күн сайын еселенуде.
Халықтар зор бәсекелестік жолына түсті. Солардың қатарында болу үшін біз де қамдануымыз керек.
Біріншіден, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру.
Бұл – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін әрі әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Мұны айтып отырған себебім, қазір ТМД аумағындағы қазақтар кирилл әріптерін, Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды, батыс елдеріндегі бауырлар латын әліпбиін қолдануда.
Бәріміз сөйлескенде тіліміз бір болса да, оқығанда үш түрлі болып шығады. Ешбір кедергісіз түсінісетін бір қазақтың баласы бір-бірінің жазуын ұқпайтын күйге жетті. Бұл – жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатуда. Көп ұзамай бұл олқылықтар біржола жойылады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухани жақындастыра түседі.
Екіншіден, гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100 оқулықты қазақ тілінде шығару. Бұл – қазақстандықтар үшін ғана емес, күллі қазақ үшін айрықша маңызды жоба. Шет елдің оқулықтарын алдымен орысшаға, сосын қазақшаға аударғанша көп жыл өтеді. Сондықтан ең керекті 100 кітапты қазақ тілінде шығару мәселесін алға қойып отырмыз.
Енді қандастарымыз қай елде тұрғанына қарамастан дүниедегі ең таңдаулы біліммен ана тілінде сусындай алады. Қазір осында сан тілде сөйлейтін, терең білімді көптеген жастар отыр. Сіздерді күллі қазақтың өрісін кеңейтіп, деңгейін көтеретін айтулы жобаға белсене қатысуға шақырамын. Жолдауымда мұны 2025 жылға дейін жүзеге асыру керек деген меже қойған болатынмын. Бірақ оны соза берудің қажеті жоқ. Ғалымдарымыз бізге тиісті әріптерді таңдап беруге тиіс.
Меніңше, еш қиындық жоқ. Себебі, біздің балаларымыздың бәрі бірінші сыныптан бастап ағылшынша оқиды. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оны игеру еш қиын болмайды.
Үшіншіден, «Туған жер» жобасы әрбір азаматтың жері мен еліне қамқорлық жасауын көздейді. Мен тарихи Отанына септігін тигізгісі келетін қандастарымыз да көп екеніне сенімдімін. Әрқайсымыз өз мүмкіндігімізге қарай кіндік қанымыз тамған туған жерімізге жақсылық істесек, бүкіл халықтың берекесі болар еді.
«Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?» деген ақынның өлең жолдары бар. Шынында да, отаншылдық, отанды сүю туған жеріңнен, туған ауылыңнан басталады. Сондықтан «Туған жерге тәу ету» деген ұғым қазаққа тән нәрсе.
Айталық, Еуропадан дәрігер қазақ келіп, бір бауырына операция жасаса, бұл бар қазақтың жаны бір екенін көрсетпей ме? Немесе құрылтайға келген әрбір қазақ Астанада ағаш отырғызса, оны жергілікті жұрт қиырдағы бауырымның қолтаңбасы деп баптап жүрсе қандай жарасымды?! Шетелдегі қазақ өнерпазы елде концерт берсе, қазақ ғалымы тапқан жаңалығын енгізіп, кәсіпкерлер жаңа өндірістер ашып жатса, ел мен елдің қосылғаны осы емес пе?! Жобаны үйлестіруші орган Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, бұл бағытта жұмыс істеуі керек.
Төртіншіден, қазақ үшін атамекеннің бір шымшым топырағына дейін тұнып тұрған қасиет.
Тұтас түркінің алтын бесігі Алтай, киелі Түркістан, ұлт ұясы Ұлытау және басқа да орындар – барша қазақ үшін қасиетті.
Бұл жерлерге шетелден сан мың қазақ келіп, тағзым етіп жүр. Алайда, кейінгі жастардың елдегі тарихи, рухани құндылықтардан хабары аз. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасалған соң ол шеттегі қазақтарға да таныстырылуы қажет.
Қайда жүрсек те алты алашқа ортақ құндылықтар бізді біріктіре түседі. Сондай-ақ, қазақтың талай баға жетпес рухани қазыналары Қазақстаннан тыс жерде. Біз бір жылды «Ұлттық тарих жылы» деп жариялап, дүниежүзі бойынша қазақ тарихына қатысты құндылықтарды іздестірдік. Көп дүние жиналды. Кейіннен «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асырдық. Жаңа кітаптар жазып, қазақтың аталы сөздерін, әндерін, философтар мұрасының жинағын шығардық. Ғалымдарымыз шетелдерге жасаған ғылыми сапарлары арқылы көптеген құнды мұраларымызбен қайта табыстыруда. Жақында белгілі ғалымымыз 1,5 мың жыл бұрын жасалған домбыраны тауып, елге әкелді.
Көне түркі тілінде «жұпар күй әуені сүйсіндірді» деген жазуы бар домбыра қазақ күйі 15 ғасыр бұрын ұлы өнер деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. Қазақстаннан тысқары жерлерде мұндай құнды жәдігерлер жетіп артылады. Археологиялық зерттеулер жасағанда шеттегі киелі орындар мен мұралар назардан тыс қалмауға тиіс.
Бесіншіден, қазақстандық мәдениетті әлемге танытатын бірегей жоба басталды. Онда отандық мәдениеттің таңдаулы үлгілері әлемнің басты тілдерінде сөйлеп, барлық құрлықтарға жол тартады. Сондай өнер туындыларын тауып, сараптап, Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударып, дүние жүзіне тарату керек. Қазақстандық мәдениет дегеніміз – ең алдымен қазақтың мәдениеті. Ендеше, төл мәдениетімізді жер жүзіне танытуға ағайындар да атсалысуы керек.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясына сонау Аргентинада тұратын жерлесіміз келіп қатысты. 17 жыл бұрын Алматыдан көшкен неміс қызы Қазақстанның мәдени орталығын құрып, ұлттық байрақ мемориалында көк Туымызды желбіретіп жүр.
Осындай патриоттар баршаға үлгі.
Алтыншыдан, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен отандастарымызды елге таныстырып, үлгі етуді көздейді. Біз 25 жыл ішінде ғасырға татитын шаруа жасадық. Қазақстанды дүниежүзіне паш еттік. Еліміздің деңгейін көтердік. Қазақстанның көптеген бастамасы әлемде қолдау тауып, іске асуда. Осы жылдар ішінде баршаға белгілі болған отандастарымыз да аз емес. Соларды іріктеп, аттарын әлемге таныту керек.
Әрбір азаматтың табыс жолы – еліміздің даму жолының көрінісі. Оларды алыстағы ағайын білуі қажет. Сондай-ақ, өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс.
Қауымдастыққа әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасын дайындауды тапсырамын. Бұл шетте жүрген ағайынмен сан түрлі салада ынтымақтастық орнатып, барыс-келісті жандандыруға жол ашады. Рухани жаңғыру деген – бүкіл қазақтың жаңғыруы, бірлік деген – барша қазақтың бірлігі.
Бұл – негізгі мәселе. Біздің қол жеткен табысымыз ел ішіндегі тыныштық пен бірліктің арқасы. Бірлігі жоқ елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Қазақтың «Өсер елдің арманы бітпес, өспес елдің жанжалы бітпес» деген аталы сөзі бар. Сондықтан біз бірлікті, соның ішінде қазақтың бірлігін сақтап келе жатырмыз. Тарихқа көз салсақ, қазақтың жеңіліп, біреуге бодандыққа түсуі тек қана іштен ыдырап, бірлігінен айырылған кезде болған. Керісінше, қазақ біріккен кезде жеңіп отырған. Осыны ұмытпауымыз керек.
Қазіргі жаһандану дәуірінде рухани тұтастық қана қазақты ғасырлар сынынан сүрінбей өтетін Мәңгілік Ел етеді.
Қадірлі бауырлар!
Өткен 20-шы ғасыр қазақ үшін қиянатты, өте ауыр ғасыр болды. 1921-1930 жылдардағы аштықта қазақтың тең жартысынан айырылдық. Кезінде ондай жағдай болмағанда қазір қазақтың саны 50-60 миллионнан асып қалар еді. Одан кейін репрессия болды. 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды. Оның 25 мыңы атылды.
Қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиыншылықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүниежүзіне шашырап кетті. Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді. Қазір 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр.
Біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық. Бүгінде бауырларымыз Қазақстанның азаматы атанып, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Келген ағайындардың ішінде көптеген танымал ғалымдар, дарынды спортшылар мен өнер майталмандары бар. Мысалы, боксшы Қанат Ислам, әнші Майра Мұхамедқызы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Дүкен Мәсімхан және басқа да көптеген азаматтарды атауға болады. Сонымен бірге, ағайындар демографиялық жағдай жақсарып, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті.
1991 жылы елімізде қазақтардың үлесі 40 проценттей болса, қазір 70 проценттен астық.
Қымбатты отандастар!
20 ғасырда Солтүстік Кавказдан 550 мың адам, Қиыр Шығыс пен Кореядан 100 мың адам, Ресейдегі неміс ұлтынан 600 мың адам, еврейлер мен гректерден 1,5 миллиондай адам күштеп көшіріліп, жасанды түрде көп ұлтты елге айналдық.
Тәуелсіздік алған жылдарда 17 миллионға тарта халқымыз бар еді. Одақ ыдырап, ел сарсаңға түскенде солардың біразы елдеріне көшті. Содан біз 14 миллион болып қалдық. Алғашқыда жыл сайын 200 мыңдай бала дүниеге келсе, қазір жылына 400 мыңнан астам бала туады. Мен биылғы 1 шілдеде халқымыздың саны 18 миллионға жетеді деп жариялаймын. Қандастарымызға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау мен көмек көрсету үшін мына жұмыстар қолға алынуы тиіс.
Біріншіден, шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар» қорын құрамыз. Қазақ бизнесмендерін осы қорға өз үлестерін қосуға шақырамын. Мұны ұйымдастыруды Құрылтай басшылығына, Президент әкімшілігіне және Үкіметке тапсырамын. Қауымдастықтың офисін Алматыдан Астанаға көшіретін кез келді.
Екіншіден, құрылған қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін. Ол бағдарламада қазақтың көші мен алыстағы ағайынмен байланыстың барлық мәселелері қамтылуы керек. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері қор арқылы іске асырылатын болады.
Үшіншіден, елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Біз көшіп келетін ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Елшіліктер азаматтардың құжатын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруге тиіс. Оны Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Сонда шекарадағы шырғалаң да, елге келген соң құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу да болмайды. Қытай қазақтарының сотталмағаны туралы анықтама алуы жайы, ағайынның арғы беттегі еңбек өтілі есептелмеуі сияқты проблемалар бар. Үкіметке осының бәрін кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын.
Төртіншіден, жастарға қолдау көрсету. Біз шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауымыз керек. Қазір олар мемлекеттік грантпен еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есеге көбейтуді тапсырамын. Қазір білім мен ғылымға көп көңіл бөліп жатырмыз. Осы жылдар ішінде 1 500 мектеп салынды. Зияткерлік мектептер мен жоғары оқу орындарын салдық. Шетелдік қазақ студенттері үшін біліміне қарай арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу керек. Қай елдің азаматы болса да елде оқыған қазақ баласы ертең Қазақстанға қызмет ететінін есте сақтаған жөн.
Бесіншіден, сыртта жүрген бауырлардың бір бөлігі, әсіресе, жастар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуге тиіспіз. Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын.
Алтыншыдан, алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақстанда не болып жатқанын біліп, атқарылып жатқан істерді көргісі келеді. Қазір шетелдік көрермендерге арналған KazakhTV телеарнасы қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеймін. Бұл мерзімді баспасөзге де қатысты.
Жетіншіден, кез-келген мемлекет кәсіби, білімді, жаңашыл мамандарға мұқтаж. «Мен тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын» деген әрбір талантты қазақты елге шақырамын. Үкімет осындай азаматтарды елге тартып, мамандығына, мүмкіндігіне қарай жағдай жасаудың тетіктерін қарастырсын.
Сегізіншіден, біз арнайы бағдарлама қабылдап, оңтүстіктің тұрғындарын солтүстікке көшіріп жатырмыз. Ағайындар еңбек күші аз теріскей жаққа қоныстануға ынталы болуы керек. Бұл үшін көшіп келушілердің жаңа ортаға неғұрлым тез бейімделуіне жағдай жасауға тиіспіз. Ол жақта бейімдеу орталықтары жұмыс істеуі қажет. Келген ағайынды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Оны бағдарлама түрінде қолға алуымыз қажет. Олардың қажетті мамандық алуына жәрдем беріліп, жұмыспен қамтудың жол картасы жасалсын. Осының бәрі – ұлтымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ.
Ардақты ағайын!
Біз сіздердің келгендеріңізге қуанамыз. Атажұртқа тарихи отанымыз бар деп келіп отырсыздар. Сондықтан, дүниежүзіндегі қазақтардың басы қосылып, еліміздің өркендеуіне атсалысса екен деймін. Бірлігіміз ажырамасын.
Қауымдастық құрылған күннен бастап оған өзім төрағалық етіп келемін. Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын. Сіздерге айтарым, алыстағы ағайынға менің дұғай сәлемімді жеткізіңіздер. Қазақ баласы қай елде тұрса да Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі екенін жүрегінің төрінде ұстасын!
Құрылтай күнде болып жатқан жоқ. Асықпай атамекенде аунап-қунап, әсем Астананы көріңіздер. Әлем назарын тіккен ЭКСПО-ны тамашалаңыздар. Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысуда. Біз екі-үш жылдың ішінде Астананың бір ауданын салып шықтық.
Бұл сапар елмен етене танысып, ой түйер жемісті сапар болсын. Бүгін барша қазақтың басын біріктірер салмақты ойлар айтылып, ізгі істер бастау аларына сенімдімін. Екі күннен соң барша мұсылмандар үшін қасиетті айт мерекесі басталады. Біз ұмытылып кете жаздаған ата дінімізді қайтарып, Қазақстанда 2,5 мыңнан астам мешіт аштық. Елді имандылыққа шақырып келеміз. Біз – экстремизм мен терроризмге қарсы елміз. Зайырлы мемлекетпіз. Сол жолды ұстанамыз. Өркениетке, ғылым мен білімге қол созған елміз.
Айт қабыл болсын, жаратқан Қазаққа жар болсын!
Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгілік болсын!
Біздің көк байрағымыз мәңгі желбірей берсін!
Құрметті отандастар!
Дүниежүзіндегі қазақтар саны басқа елдермен салыстырғанда көп емес. Дегенмен, елдің деңгейі халқының көптігімен немесе аздығымен өлшенбейді. Елдің сіңірген еңбегімен, сол елден шыққан белгілі адамдар мен ғалымдардың жетістіктерімен өлшенеді. Сондықтан, бар қазақтың басын біріктіру – менің Елбасы ретіндегі парызым! Сенімдеріңізге рахмет!
Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз. Сырттағы ағайын әрдайым көңіліміздің төрінде. Бүгін көптеген мәселелерді талқыладық. Ұсыныстарыңыздың барлығы ескерілетін болады. Мен Үкіметке бірқатар тапсырмалар бердім, ол менің бақылауымда болады. Жалпы, бұл құрылтайдың берері аз емес деп санаймын. Қазақта «бармасаң, келмесең жат боларсың» деген сөз бар. Сондықтан, тек қана құрылтайға емес, әр уақытта келіп тұрыңыздар. Біздің есігіміз әрдайым ашық.
Шеттегі әрбір қандасымыз – қазақ елінің бір түйіршігі. Сіздер екі ел арасындағы дәнекер боласыздар. Шетелдегі қазақтар елге жиі келіп, туған жерге тамыр бекітіп тұрғаны дұрыс. Сіздер елге келіп көзайым болсаңыздар, мен де сырттағы жастарымыздың ой-өрісін, білім деңгейін, бастысы, қазақы болмыстарын көріп, көңілім толып отыр. Осы қалыптан танбаңыздар.
Қайда жүрсеңіздер де арқа сүйер атамекенді, бүкіл қазақ қасиет тұтар Қазақстанды жүрек төріне сақтап жүрі-ңіздер. Сонда өздеріңіз де, ұрпақтарыңыз да мәңгі қазақ болып қаласыздар.
Қазақ болу – мәртебе, мақтаныш, қазақ болу – жаратқанның сыйы! Осыны бәріміз де бағалай білейік! Біз сіздерге тілекшіміз, әркез біргеміз. Бәріңізді ата-бабалар аруағы қолдасын! Еліміз аман, іргеміз тыныш болсын! Көк байрағымыз биікте желбіресін!
Қазақстанның Мәңгілік Ел болуына бірлесе атсалысайық!
Akorda.kz