Жарнама
Жаңалықтар

«НҰРЛЫ ЖОЛДЫҢ ҚАСИЕТТІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ»

Мерекелік шара басталысымен-ақ балалар бір-бірімен қар лақтырысып ойнап, ән айтып, би билеп, кештің сәнін арттыра түсті.

Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кішкентай қазақстандықтарды келе жатқан жаңа 2015 жылмен бейнетаспа арқылы құттықтап, ақ тілегін жолдады. 

— Жаңа жыл – ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүние жүзі Қазақ елін құрметтейді. Сіздер – осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Ата-аналарыңды қуантыңдар, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің  жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр. Барлық өңірлерде жаңа мектептер салынуда. «Өнерлі өрге жүзеді» деген дана халқымыз. Өнер – білімнің кені. Өркенді елдің теңі болыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап, өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын! – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы құттықтауында.

Бұдан соң балаларды Жаңа жыл мерекесімен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, Елбасының атынан балаларға сыйлықтар мен қысқы жылы киімдерді табыс етті. 

— Жаңа жыл – әлем халықтарының баршасы тойлайтын, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Сондықтан, мен сендерді, сендер арқылы облысымыздың барлық балаларын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы аталарыңның атынан құттықтауға арнайы келіп отырмын.

Бүгінде жасалып жатқан жасампаз істердің барлығы мына сендердің кемел келешектеріңіз үшін атқарылуда. Осыны ұмытпаңыздар. Сендер жақсы білім алып, еліміздің абыройлы азаматы болу үшін облыста көптеген жаңа мектептер мен балабақшалар  салынуда.

Жуырда Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жария етілді. Бұл құжат та сендердің, яғни, балаларымыздың болашағы, игілігі үшін жасалып отыр. Болашақ – сіздердікі. Сондықтан, әр күндеріңді босқа өткізбей, ерінбей оқыңыздар, еңбектеніңіздер. Білім алып, спортпен шұғылданыңыздар, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Ол бүлдіршіндерді Жаңа Қой жылымен құттықтап, зор денсаулық, оқуда жетістік, жасыл шыршадай жайнап өсе беруге тілек білдірді.

Сондай-ақ, балалардың тәтті тағамды сүйетіндері ескеріліп, бүлдіршіндерге тарту етілген көп қабатты торт та ортаға әкелінді. Президенттік шырша думаны барысында көрсетілген танымды да тағылымды театрландырылған қойылымда еліміздің басты құндылықтары дәріптелді. 

— Биыл Елбасы шыршасының тақырыбы Жолдаудан туындап отыр. Сондықтан, біз Президент Жолдауын әр түрлі қызықты көріністер арқылы, ертегі кейіпкерлерінің тартымды қылықтары арқылы  балалардың санасына сіңіруді жөн көрдік. Облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсене араласып, оқу-тәрбие процесінде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген мектеп оқушыларының басын қосып отырмыз. Мұндай шара балаларды өз елінің патриоты болуға, алдағы мақсатын айқындаған еліміздің үлкен азаматы болуға тәрбиелейтіні сөзсіз, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.  

Көңілді кештің қызығына қуанып, жүздері бал-бұл жан-ған балдырғандардың ерекше көңіл-күйлеріне тәнті болдық. С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Жеңісгүл Нысанова жаңа жылдық мерекеге Ақшақар бей-   несінде келіпті. Ол өткелі отырған жыл өміріндегі ерекше жыл болғандығын айтады.

— Мен үшін бұл жыл қызықты естеліктерімен жадымда сақталады. Өйткені, менің көп жылдардан бергі арманым нақ осы Жылқы жылында орындалды. Алғаш рет Астана мен Алматыға бардым. Бұл қалалар маған қатты ұнады. Достар таптым. Мен үшін бұл ұмытылмас сәт болды, — деді ол.   

Сол сияқты, бұл күннен ұмытылмас әсер алғанын айтқан Нұржан Мақсат қойдың кейпін бейнелейтін костюмін жаңа жылға орайластырып киіп келген екен. Ол Елбасының достықты сақтауды, сабақта зерек болуды ұлағаттаған сөзін ешқашан естен шығармауға тырысатынын жеткізді. 

Атырау қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №5 орта мектептің 5-інші сынып оқушысы Ерхан Сабуханов көп балалы отбасынан шыққан. Жанұясында 11 бала бар екен. Ал, биыл, оның ең кіші қарындасы — Айым дүниеге келген. «Бүгін менің көңіл-күйім өте тамаша. Өткелі отырған жыл мен үшін қуанышқа толы жылдарымның бірі болды. Ал, Жаңа жылда барша қазақстандықтар-ға жаңа бақыт, жаңа табыс тілеймін. Келе жатқан Қой жылында көптеген жетістіктер болып, еліміз даму қарқынынан таймасын», — деген тілегін жеткізді ол.

Биылғы мерекелік шыршаның бағдарламасы да өзгеше болды. Балалар ертегі әлеміне саяхат жасап, Аяз атамен, Ақшақармен бірге думан құрып, шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы оқушылары концерттік бағдарламаның жүгін өз мойындарына алып, тамаша ат-қарып шықты. Ертегілер кейіпкерлерін сомдаған олар өздерінің актерлік өнерлерімен шараның маңызын арттыра түскендей.

Келер жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекелерін атап өтетін боламыз. Осыған орай, Қазақ хандығын құрғандардың бірі Жәнібек хан, Қазақ батыры, Достық аруы шығып, мемлекетіміз үшін 2015 жылдың маңыздылығы жөнінде айтып өтсе, «Мәңгілік елдің» діңгегі берік болып, «Нұрлы Жолдың» нұры тасысын» деген тілекпен Күн де шырша жанынан табылды. Ортаға Жылқы жылы шығып, көпшілікпен қоштасты. Пәк көңілден шыққан ақ тілектер төгіліп жатты.

Жаңа жылдық Президент шыршасы бүлдіршіндер көңіліне ерекше шаттық сыйлады. Балғындар Мемлекет басшысының өздеріне деген қам-қорлығын сезініп, Елбасына, облыс әкіміне үлкен алғыстарын білдірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button