Нұрлан Ноғаев еліміздің мұнай-газ саласын әлі де дамыта түсу керектігін атап айтты
Көне кеніштерден алынып жатқан мұнайдың өзіндік құны жоғары екендігі жасырын емес. Талай жылдардан бері қолданыста болған ұңғымалардың қайтарымы да кеміді. Ендеше, жаңа құрылымдарды қалай игеру керек? Тұзасты қабатына бұрғы бойлататын тың технологияны өндіріске қалай енгіземіз? Еліміздің мұнай-газ қорын көбейту бағытында нендей шараларды жүзеге асырамыз?
Міне, «Атыраугео – 2017» халықаралық геологиялық ғылыми конференцияға қатысушылар осындай сауалдарға жауап іздеді.
АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ
Конференция жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздің мұнай-газ саласын әлі де дамыта түсу керектігін атап айтты. Оның айтуынша, Қазақстанның, оған қоса аймақтың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келетін сектордың қарқынын арттыруға облыстық әкімдік те мүдделі. Себебі, баламалы энергия көздері табылғанның өзінде мұнай-химия өнеркәсібі өзінің маңызын жоймайды.
– Расында да, өңір экономикасының негізін қалайтын – осы сала. Сондықтан, бұл бағытта ұйымдастырылатын әр шараға біз де қызығушылығымызды танытып, өз тарапымыздан қолдау көрсетудеміз. Конференция барысында талқыланатын мәселелер өте өзекті. Кен орындарын игеру, «қара алтын» көлемін арттыру тақырыптары бізге етене таныс.
Атыраудағы көптеген елді мекен мұнай кен орындарының маңында орналасқан. Халықтың тұрмысы, әл-ауқаты осы саланың дамуына тікелей байланысты. Бұрын құжаттарда көрсетілген бірнеше кен орны бүгінде тоқтаудың алдында тұр. Мұнайдың жер астынан шығуы оңай емес. Бірақ, геолог-мамандардың маңдай терін төгіп сіңірген еңбектерінің арқасында күрделі проблемалар шешіліп келеді, — деді ол.
Аймақ басшысы алдағы уақытта әр сағат сайын жаңарып жатқан ғылым мен техниканың өркендеуін ескере отырып, ескі кен орындарын қайтадан жаңғырту керектігіне баса тоқталды. Демек, геологтардың біліктіліктерін дәлелдейтін уақыт жетті. Облыс әкімі бұл жағынан біздің мамандардың бай тәжірибелері жеткілікті екенін айтты.
– Канадада мұнайды шығару – 70, ал бізде бар болғаны – 46 пайыз. Жаңа технология мен әдістерді қолдану арқылы осы секторды өркендетсе құба-құп, — деген Нұрлан Асқарұлы салаға білікті маман даярлау жайын да атап өтті.
Жасыратыны жоқ, бүгінде мектеп бітірген жас маман бірден заңгер немесе экономист болып, кеңседе жұмыс істегісі келеді. Ал, Атырау мұнай-газ университеті қабырғасында мұнайшы мамандар дайындалады. Солардың дені кәсіпорындарда табысты еңбек етуде. Осы орайда облыс әкімі нақты мысал келтірді: Аймақ басшысы Қашаған кенішінің «Д» аралында жергілікті жігітпен жүздесіпті. «Ол Атырау политехникалық институтын тәмамдағанын, осы салада он жылдай жұмыс жасап келе жатқанын, еңбек өтілін қарапайым жұмысшыдан бастағанын айтты. Сол уақытта оның бригадасында он шақты қызметкер болса керек. Тоғызы шетелдік маман да, өзі – жергілікті кадр екен. Қазір сол бөлімді басқарады, қарамағындағы жұмысшылардың барлығы – қазақстандықтар. Бұл да біздің мамандардың біліктілігінің, тәжірибесінің артып келе жатқанын айқын аңғартса керек», — деді әкім.
ЖАҢА ЖОБАҒА – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС
Конференция барысында Қазақстан мұнайшылар және геологтар қоғамының сенімді серіктесіне айналған «ҚазЭнерджи» қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов сөз алды. Айта кетелік, қазіргі уақытта Елордада маңызды құжат – жер қойнауын пайдалануға қатысты заң жобасы қызу талқылануда.
– Егемендігімізге қол жеткізген 25 жыл ішінде Қазақстанның дамуына негізгі үлесті біздің жерасты байлықтарымыз қосты деп есептейміз. Ал, геологиясыз өндіріс жоқ. Қазақ мұнайының тарихы әріден бастау алады. Сондықтан, осынау конференцияның Атырауда өтуін орынды деп санаймыз. Бүгінгі таңда әлем бойынша жеңіл әдіспен мұнай алынбайды, көп тер төгуге тура келеді. Демек, бұрғыны тым тереңге дейін жеткізуді үйренуіміз қажет. Бұл ретте қолға алынып жатқан «Еуразия» жобасы үлкен серпіліс деп білеміз, — деді Б.Ақшолақов.
Сөз ретінде айтар болсақ, «Еуразия» құрылымындағы жобалық тереңдік – 12 мың метр. Бізде бұрын-соңды мұндай ұңғыма қазылған жоқ. Рас, бұл бағытта қомақты қаражат қажет. Сондықтан, Елбасы шетелден инвестиция тартуды ұсынып отыр.
БҰРҒЫЛАУҒА – ТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ
Солтүстік Каспий жобасының операторы, НКОК компаниясының техникалық директоры Рам Ситхарам күрделі кеніштерге керек тың технология туралы айтты.
– Қашаған кен орны соңғы 40 жылда әлемде ашылған ең ірі кен орындарының бірі болып табылады. Мұнда 13 млрд. баррель мұнай қоры болжанған. Яғни, компания үшін барлау жұмыстарының орны бөлек. Кен орнында шамамен 1,5 трлн. текше метр ілеспе газ бар. Осы орайда инвесторларға оңтайлы орта жасақталып жатқанын айта кеткен жөн. Ірі кен орнын игеру үшін мол қаражат қажет, — деді ол.
Бұдан бөлек, «Қаламқастеңіз» және «Хазар» кен орындарын қайта жандандыру жайы сөз болды. Бұл ретте НКОК пен «Каспий Меруерті Оперейтинг Компани» компаниялары арасында келіссөз жүруде. Бір-біріне жақын орналасқан бұл кеніштерде болжам бойынша шамамен 67 млн. тонна мұнай және 9 млрд. текше метр газ қоры бар.
ЕСКІ КЕНІШТЕРДІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ
«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның геологиялық барлау жөніндегі аға тете-президенті Мұхит Саурамбаев байырғы кен орындарындағы қорлардың өсімі туралы баяндады. Көздеген межені алу үшін ұлттық компания 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жасақтады. Бүгінде анықталған 29 кен орнын игеру жоспарланды.
Ал, ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ бас директоры Асқар Мұнараның айтуынша, жыл басындағы есеп бойынша республикада қоюлығы тұтқыр мұнайдың қоры 1,5 млрд. тоннадан асады.
– «Қара алтынды» мұнай қабаттарынан заманауи тәсілдермен өндірістік игеру бүгінде қанағаттанарлық емес. Ұңғымалардан мұнай алу – әлем елдері бойынша 25-тен 40 пайызға дейінгі аралықта. Ал, бізде 30-35 пайызды ғана құрап отыр, — дейді ол.
Қазақстан мұнайшылар және геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов конференцияның басты ерекшелігі ауыр өңделетін мұнай қорларын игеру жайына Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Қытай, Франция ғалымдары мен мамандары да үн қосып, проблеманы шешуге атсалысуында екенін айтты.
– Тереңде жатқан құрылымдарды, сонымен қатар, ескі кен орындарының жанынан геологиялық әдістермен қорларды іздеп табу жолдарын қарастырамыз, — деді ол.
«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков геолог маман ретінде құрлыққа көбірек мән беріліп отырғанын жасырмады. Сонымен қатар, ол өндірістегі шығынды реттеу, ескі кеніштерге көбірек күш жұмсау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Айбөпе САБЫРОВА.