Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мыңмен жалғыз алысқан…

Atr.kz/28 қазан, 2020 жыл. «Атырау» облыстық телевидениесінің Айтқали Құмарғалиұлы атындағы медиа аудиториясында Елбасының «Абай аманаты» мақаласын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өтті. Шараның модераторы – «Атырау» облыстық телевидениесінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай Абай ұлағаты туралы кеңінен әңгімелей отырып, жиынға қатысушыларды таныстырды.

Теңіздей терең…

       Филология ғылымдарының докторы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Қадыр Жүсіп Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласындаың философиялық-психологиялық тереңдігіне тоқталды:

«Абай аманатын» астын сызып тұрып, қайта-қайта оқыдым. Оқыған сайын ой тереңдігіне таңырқадым, сөз мәйегіне сүйсіндім. Біріншіден, Елбасы Абайдың қазақ қоғамының өліара кезеңінде, яғни, ескі формацияны жаңа кезең алмастырып жатқан кезде өмір сүргенін айта отырып, «алтын көпірге» баламалайды. Абай — жазба әдебиеттің негізін салды, қазақ поэзиясында түбегейлі төңкеріс жасаған реформатор.

Екіншіден, Абай – ұлттың ұлы тұлғасы. Елбасы оны әлемдік әдебиет классиктері Шекспир, Пушкин, Уитменмен қатар қойып, өз елдерінде оларды қалай дәріптесе, Абайға да қазақ халқы сондай құрмет көрсетуі керек екенін баса айтады.

Үшіншіден, халықтық педагогиканы алға тартады. Әжесі Мырзабала мен анасы Әлжанның өзін халық ауыз әдебиеті үлгілерімен сусындатып өсіргенін, сол арқылы Абай әлеміне барар қадамына қанат бітіргенін айтуы – әр ата-анаға үлгі-өнеге.

Төртіншіден, «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауыр кел» деген Абайдың өнегесі арқылы еңбексүйгіштікке тәрбиелейді.

Бесіншіден, өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ деген атамзаманғы қағиданы тарих талқысы арқылы алға тартқан. Тоныкөктің Білге қағанға, Асан қайғының Жәнібек ханға, Бұқар жыраудың Абылай ханға арқа сүйегенін айта келіп, Абайдың «мыңмен жалғыз алысқанын» алға тартады.

Алтыншыдан, Абай мұрасы арқылы халықтар достығы орынды сөз болған. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай қағидасы бүгінгі ұрпаққа, бүгінгі қоғамға керек-ақ. Жетіншіден, Абай туған жердегі Семей полигонын жабу арқылы қазақ елінің бүкіл әлемге бейбітшілік сүйгіш ел ретінде танылғаны ақиқат. Ол да Елбасының сарабдал саясаты, кемелдігі.

Сегізіншіден, дәстүр сабақтастығы көрініс тапқан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы мұраты – ел мүддесі, бірлігі, ынтымағы. Осыны іштей түйсінеді оқырман.

Тоғызыншыдан, жас буынға, жастарға үміт арту арқылы елдің болашағын тәрбиелеу мақсаты да жүзеге асқан.

Оныншыдан, Абай мерейтойларын өткізудің маңыздылығы да жеріне жете баяндалыпты.

Шыңдай биік…

Елбасының «Абай аманаты» мақаласы көптің назарын өзіне аударып, оқырмандар арасында да көп талқылауға түскені шындық. Дөңгелек үстелге қатысқан әдебиетшілер, ақындар мен ғалымдар Абай мұрасы туралы өз пікірлерін айтып, басқа да оқырмандарды тыңдады.

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деп түйіндеген Абайдың тағылымының тереңдігі туралы «Абайды абайлау» деген поэмамда жазған едім. Елбасы мақаласының да түпнегізі Абай қалдырған, жүректерге жағып кеткен сөнбес сәуле деп түсінемін. Олай айтып тұрған себебім, «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» демеп пе еді ұлы Абай?! Жүректегі сөнбес сәуле – дарындылық, сөз киесін түсіну, қаламшәріп қасиетін мойындау.

Негізі, тарихқа үңілсек, ата-бабаларымыз өте батыр, жомарт, мәрт болған ғой. Алтайдан Дунайға дейінгі жерлерге иелік еткен сол бір атышулы көшпенділердің бүгінгі ұрпағында да рух бар деп ойлаймын. Олай болса, Елбасы жазғандай, «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланғай!» — деді ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, геология және минерология ғылымдарының докторы, академик Нәсіпқали Сейітов.

Рухани темірқазық

Елбасының «Абай аманаты» мақаласы көптің көңіліндегі ойды дөп басты. Шындығында, Абайдың бүкіл мұрасы — қазақ халқының болашағының бағдар беруші темірқазығы. Мәселен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай идеясы Маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ойымен үндестік тауып тұр емес пе? Қандай керемет! Бір жолда қанша философия, қанша тереңдік жатыр десеңізші!

       Ал, «Сегіз аяқ» өлеңі — үлгі-өнегеге, тәлім-тәрбиеге тұнып тұрған дидактикалық туынды. Абай мұрасынан ұрпақ алатын тағылым орасан зор. Қара сөздеріндегі данышпандық биіктік оқыған адамды ойға қалдырып, таңырқатады, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады,- деп тебіренді ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабаев.

      Дөңгелек үстелді қорытындылаған «Атырау» облыстық телевидениесінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай «Абай аманаты» мақаласындағы ой-толғамдардың оқырманды бейжай қалдырмайтынына тоқталды. «Данышпан Абай әлеміне еніп, бірте-бірте дариядай терең ойға бойлау оңай емес. Сан ғасырлар өтсе де өзінің маңызын жоймаған Абай мұрасы халқымыз өркениет көшіне бет бұрған жаһандану кезеңінде де рухани темірқазыққа айналмақ» деді ол.

       Дөңгелек үстелге Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері, әдебиетсүйер жұртшылық қатысты. Медиа аудиториядағы кітап көрмесімен танысып, пікір алысып, жанға рухани азық алғаны ақиқат.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button