«МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАНДА» Пандемиядан қандай сабақ алдық?

630 360 1586257178 188 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл. Адам өмірі мен денсаулығы – ең басты байлық. Қандай сын сағатта да осы құндылықтарымызды қорғап, ұлт қауіпсіздігіне баса мән беруіміз қажет. Ешкім күтпеген індеттің соққысы барша адамзатқа сабақ болғаны рас. Бүгінде елімізде дүниежүзінің тәжірибелерін ескере отырып, халықтың саулығын қорғауға қамданыс жасалуда. Бұл ретте біздің облыста қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Пандемияның толқыны тағы соғар болса, оған біз дайынбыз ба? Осы және өзге сауалдарға жауап іздеп көрдік.

«Шегінерге жол жоқтың» кері

Алдымен, эпидемиологиялық жағдайдың ушыққан кезеңіне көз жүгіртелік. Әлемді жайлаған дерт Атырауды да айналып өтпеді. Күн сайын қауіпті індетті жұқтырушылардың саны артып, әрбір адамның бойын қорқыныш биледі. Бұрын-соңды кездеспеген вируспен күресу дәрігерлер үшін қан майданның ортасында жүргенмен тең болды. Ауру жұқтыру көрсеткіштерінің артқаны сонша, облыс орталығындағы инфекциялық стационар мен провизорлық орталықтар аздаған күннің ішінде науқасқа лық толды. Осы кезеңде аудандардағы денсаулық сақтау нысандары да инфекциялық стационарға айналып, жұмыс тәртібін өзгертуіне тура келді. Осы орайда қолданыстан шыққанына төрт жыл болған Махамбет ауданаралық өкпе аурулар ауруханасы ғимараты 100 кереуеттік инфекциялық стационардың қызметін атқарды. Махамбет инфекциялық стационарына жауапты топ жетекшісі болған Жаңабай Сағиевтің айтуынша, мұнда дәрігерлер ауыр күйдегі науқастарды емдеуге тура келді. Өйткені, бұл өте жауапты сындарлы сәттер еді.  – Махамбеттегі инфекциялық стационар облыстық №2 аурухана жанындағы қосалқы нысан ретінде шұғыл құрылды. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері құрамында қызмет еткен ғимарат төрт жылдан бері қаңырап бос тұрды. Сондықтан, бұл жерде инфекциялық стационар ретінде қызмет атқаруда көп нәрсе жетіспеді. Ғимараттың базалық жағдайы төмен еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен екі дәрігер және мен аудандағы нысанға жол тарттық. Атырау қаласындағы инфекциялық стационарда жағдайы тым ауыр науқастар қалдырылды. Оларды аудандағы ғимаратқа тасымалдап, бұл жерде емдеу мүлдем мүмкін емес еді. Сондықтан, ауру көрсеткіші жеңіл деген науқастарды Махамбет ауданына тасымалдадық. Бұл ретте бізге жедел жәрдем қызметінің көмектесуге мұршасы болмады. «Ембімұнайгаз» АҚ қолдау көрсетіп, науқастарды тасымалдауға арнайы автобус бөлді. Осы көлікпен науқастар ауданға жеткізілді, – деді Жаңабай Нұғымашұлы. Махамбет ауданындағы инфекциялық стационарда науқастарды қабылдау, мұндағы ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан Жаңабай Нұғымашұлы алғашқы кезеңдерде өте қиын жағдайда қызмет еткендіктерін баса айтты. – Мұнда өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраторлары мүлдем болмады. Науқастар үшін күні-түні оттегі баллондарын ғана пайдаландық. Қосымша электр тогын өндіретін құрылғы генератор болғанымен, оның аккумуляторы жоқ еді. Бұдан басқа, алғашқы күндері ауыз су болмады. Сегіз дәрігер қызмет етуі керек орында екі дәрігер ғана жұмыс жасады. Мейірбике саны 14 болуы қажет еді, алайда, сегіз мейірбике тәулік бойы қызмет етті. Талай түндерді ұйқысыз өткерді. Соған қарамастан, мұның барлығы – қазір өткен күннің еншісінде қалып отыр, – деді сұхбаттасушымыз.

Ғимараттың жайы сын көтермейді

Жан аямай қызмет еткен ақ халаттылар отбасыларынан алыстап, бұл орында 14 маусымнан бастап 1 тамызға дейінгі аралықта  еңбек етті. Барлығы 239 науқасқа уақытпай санаспай қызмет көрсетті. Қажырлы қызметтің нәтижесіндей, ауруханада қайғылы жағдай орын алған жоқ. Үрейленіп келген науқастардың бәрі дәрігердің нұсқауы бойынша емделіп, отбасыларымен қауышты. Соңғы науқас 31 шілде күні үйіне оралды. – Ең бастысы, мұнда науқастар үшін дәрі-дәрмек жеткілікті болды. Сала қызметкерлері уақытында қорғаныс костюмдері мен бетперде, қолғаптармен қамтылды. Алайда, ғимараттың материалдық жағдайын арттыру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Бұған дейін орын алған кемшіліктер бізге сабақ болуы тиіс. Қауіпті індеттің қайталану қаупі бар десек, материалдық базаға басым назар аударылғаны дұрыс, – деді. Оның айтуынша, ғимараттың материалдық жағдайын арттыруда бұл нысан кем дегенде 10 өкпені жасанды желдету құрылғысымен, 40 оттегі концентраторымен қамтылуы қажет. Қауіпті аймақ пен таза аймақ бөлек жасақталуы тиіс. Нысанда кір жуу орны мен тамақ пісіру блогын да ұйымдастыру қажет етеді. Өйткені, осы жұмыстарға кәсіпкерлерді жалдап, жұмысты тасымал  арқылы атқару бюджеттік шығынға әкеліп соғады. Мәселен, бұл кезеңде тағам тасымалында кәсіпкер бір адам үшін тағам құнын 3500 теңгеге бағалапты.

Ауруханалар қалыпты жұмысқа көшуде

Бүгінде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, Махамбеттегі аталған орын жабылды. Облыс орталығындағы инфекциялық стационарлар да біртіндеп бұрынғы қалыптағы жұмысқа көше бастады. Бұл ретте шілде айының басынан бері 400 кереуеттік инфекциялық стационар ретінде жұмыс жасаған облыстық аурухана инфекциялық орындар санын азайтып, жоспарлы емдеу шараларына дайындалып жатыр. Ауруханада таза аймақ жасақталуда. – Ендігі кезекте хирургиялық, неврологиялық оңалтуды қажет ететін бейінді науқастарды емдеуді бастаймыз. Тамыз айының ортасында күрделі оталарды аурухана шеңберінде жасау жоспарланған, – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиев. Денсаулық сақтау нысанының бас дәрігерінің айтуынша, бұрын қабылдау бөлімшесіне тәулігіне инфекциялық аурумен 60-қа жуық науқас түсетін. Қазір ол 15-ке дейін қысқарды. Бүгінде инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқан 137 науқас бар. Енді 200 кереуетке  жоспарлы түрде емделетін науқастар қабылданады. Қалыпты жағдайға көшіп, коронавирус дертімен ауырғандардың сауығып шыққаны қуантады. Алайда, дүние жүзін шарпып жатқан қауіпті індеттің келесі толқыны пайда болса, оған біздің дайындығымыз қандай? Бұл ретте облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір журналистеріне берген сұхбатында қазіргі уақытта қиындықтарға қарамастан қауіпті азайтуда бірқатар жұмыстар қолға алынатынын баса айтты. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде ауруханадағы кереует санын көбейтуді емес, медициналық нысандардың заманауи құрылғы-жабдықтармен қамтылуына, науқастарға оттегі беру жүйесін жолға қоюға бағыт ұсталуда. Облыс әкімі жоғарыда аталған мәселелерге байланысты Махамбеттегі аурухананың материалдық жағдайының күшейтілетінін де мәлімдеді.

Жылыойдағы жағдай қалай?

Өткен күндер ізі әрқайсымызға ерекше сабақ болуы қажеттігін алға тартқан облыс басшысы Жылыой ауданына қатысты жайттардың да назарға алынғанын қаперледі. – Мәселен, Жылыой ауруханасындағы орын саны бұрын 75 болса, енді оны 275-ке дейін көбейткелі отырмыз. Ол күнделікті өмірде негізгі қызметін атқара береді. Қажеттілік туса, қатерлі індетке шалдыққан науқастарды қабылдайды, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы. Жылыой ауданы әкімінің кеңесшісі Ербол Маратұлының айтуынша, Құлсары қаласындағы аталған 75 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы биыл ғана басталды. Ғимарат жұмысын «Бекболатовтар Құрылыс компаниясы» ЖШС мердігер компания ретінде қолға алған. Мұнда кір жуатын бөлмелер, бақылау-тексеру бекеті, өрт сөндіру қауіпсіздігіне арналған жабдықтар , автотұрақтар, көліктерге арналған гараж, 65 текше метрлік таза су сыйымдылығы мен басқа да нысандар салынады. Жалпы құрылыс жұмыстарына 7 175, 4 млрд. теңге қаржы жұмсалады деп жоспарлануда. Ал, аурухана 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. – Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Бекболатовтар Құрылыс компаниясы» аурухана жанынан көпсалалы диагностикалық орталықтың жобасын қолға алды. Бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттары әзір, енді оның құрылыс жұмыстарына кіріседі. Орталық пайдалануға берілгенде бір мезетте 200 науқасты қабылдап, медициналық қызмет көрсететін үлкен мемлекеттік емдеу мекемесі жылыойлықтарға есігін айқара ашады. Бұл нысан «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілік қаржысы есебінен тұрғызылады. Диагностикалық орталық құрылысы биылғы қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Өйткені, оның құрылыс жұмыстары модульдік технология негізінде жүзеге асырылады, – деді Ербол Маратұлы. Жылыой ауданының әкімдігі өкілінің айтуынша, мұнда негізінен 32 орындық қос қабатты әкімшілік-медициналық орталық корпусымен бірге, әрқайсысы 49 кереуеттік екі және 67 орындық емдеу нысандары мен 100 адамға шақталған жатақхана үйі салынады. Олардың барлығы да қосқабатты ғимараттан тұрады. Бұдан басқа, мұнда асхана, вакуумдық және қоспа дайындау станцияларына арналған мобильдік ғимараттар, автотұрақтар, су қазандары мен басқа да нысандар бой көтереді. Ал, 2021 жылы жаңа аудандық орталық аурухана іске қосылғанда қатар орналасқан қос емдеу нысаны 275 орындық көпсалалы кешенді диагностикалық орталыққа айналады.  

Дәрі-дәрмек қоры жасақталуда

Облыстағы дәрі-дәрмек қорын жасақтау – күн тәртібіндегі басты мәселе. Бұған ерекше назар аударған аймақ басшысы облысқа үш аптаның ішінде тиісті көлемде препараттар жеткізілетінін мәлімдеді. – Аймақта «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен ең ірі дистрибьютор компания арқылы бірнеше айға жететін дәрідәрмек қоры қалыптастырылуда. Жасақталған екі жақты Меморандумның аясында жыл соңына дейін 4 млн. 800 мың орама дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алуға 500 млн. теңге бөлінді. Бұл сомаға қосымша 900 мың дана медициналық мақсаттағы  бұйымдар мен дәрідәрмектердің жалпы көлемінен 73,3 млн. теңгеге 105 мың 235 дана дәрі-дәрмек қала және аудандардағы дәріхана желілеріне таратылды. Қолға алынған осы шаралардың барлығын қауіпті кесел қайталанған жағдайға дайындық деп түсінген жөн, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы.

P.S. Зерделеу барысында орын алған бірқатар проблемаға куә болдық. Сәйкесінше, мұндай мәселелердің қайталануын алдын алуда қолға алынған жұмыстардың да бар екенін аңғардық. Біле білсек, әрбір мәселенің шешімі қомақты қаржыға тіреледі. Ал, ауруханалардың материалдық базасын нығайтуға жергілікті жердің мүмкіндігі келмейді. Сондықтан, осынау проблемаларды шешу жолдары жан-жақты түрде қарастырылып, жұмыстар алдын-ала орындалса игі. Өйткені, пандемиямен күресте сақтықта қорлық жоқ екенін қашан да ұмытпаған жөн-ақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

https://atr.kz/bez-rubriki/koronovirustan-ambulatori%d1%8flyq-zhagdajda-em-alyp-zhatqandarga-tegin-dari-darmek-berilude/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз