Музей жаңа жәдігермен толықты

DSC1076 1 Жаңалықтар

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қорға тарихи құндылықтарды қабылдау сараптамалық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Тарихи-мәдени мәні бар жәдігерлерді облыстық, аудандық музейге қабылдап, қорды толықтыру мақсатында өткен жиында «Мен сыйға тартқан жәдігер» акциясында, «Отбасымен музейге» фестивалінде тұрғындардың сыйға тартқан дүниелері сарапқа салынды.

_DSC1076

Нәтижесінде музей сөрелерінен Мемлекет және қоғам қайраткері С.Мұқашевтің жеке қорында жинақталған түрлі тақырыптағы төсбелгілер жиынтығы, 1911 жылы Қазан баспасынан шыққан араб жазуымен жазылған діни кітапша орын алды. Олардың қатарында 1980 жылдары қолдан тоқылған түйе жүн жемпір және белдемше, фонарь, білтелі шам, «Сириус» радиолласы, 1957 жылы тоқылған алаша мен құр, шойын қазан, іс машинасы, кебеже де бар. Аудандық музейлер бөлімшелеріне Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеу Сабырғалиевтың заттай және құжаттай материалдары, Исатай аудандық спорт мектебінің кубок, медальондары ұсынылды.

_DSC1071

«Бұдан басқа, Қазақ КСР-інің Балық өнеркәсібі Халық Комиссары, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты Әбішев Шайхының 1958 жылдары пайдаланған телефон аппараты,  Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің ескерткіш туы,  ұлы күйші Дина Нұрпейісованың бейнесі бейнеленген кілемше, Құрманғазы ауданының азаматы Мұхтасиф Бектеновтің құжаттай материалдары қабылданды. Ендігі уақытта қор белгілі қоғам қайраткері Мелләт Сабырованың, ҚР Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтің, Ж.Нәжімеденовтің, А.Қаюпованың, Қ.Темірташевтың заттай және құжаттай материалдарымен толығады. Жалпы, биыл бүгінге дейін барлығы 436 дана жәдігер қабылданды» деді музей директоры Рашида Харипова.

_DSC1145

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз