Азат елдің рухы асқақтады

     Сенбі күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ҚР рәміздер күніне арналған «Менің Туым, менің Елтаңбам, менің Гимнім» атты акция болып өтті. Оған қаланың мекеме-кәсіпорындары, жоғары және арнаулы оқу орындары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Залға еліміздің Мемлекеттік Туы құрметті қарауылмен салтанатты түрде еніп, сахна төріне көтерілді. Патриоттық акцияға қатысушылар Мемлекеттік Гимнді асқан шабытпен шырқады. Спорттық және ұлттық нақышта киініп, қолдарына көк тулары мен жалаушаларын ұстаған жастар өкілдерінің «Менің Туым!», «Менің Елтаңбам!», «Менің Гимнім!», «Алға, Қазақстан!» деген дауыстары зал ішін кернеп кетті.

   Еліміздің өткенін айқындап, бүгінін айшықтап, болашақпен сабақтастығын көрсететін басты құндылық – Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шараға қатысушыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.
  – Елбасының жүргізіп отыр-ған сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіз елімізде ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық сақталуда. Қазақстанды мекен еткен жүзден астам ұлттар мен ұлыстар өкілдері тату-тәтті, ынтымақты тірлікте, өздерінің ойлаған істерін, жоспарларын асқақ армандарын жүзеге асыруға, салт-дәстүрі мен мәде- ниетін сақтауға мүмкіндік алып отыр. Біздің қазіргі жастарымыз Тәуелсіз мемлекетте дүние-ге келді. Олардың ойы азат, рухы биік, санасы ашық, көкірегі ояу. Осы үрдісті әрі қарай жалғастыра беретініне біз кәміл сенеміз. Алдыңғы толқын аға-апаларымыз еліміздің дамуына, осындай жағдайға жетуімізге бар күш-жігерлерін сала аянбай еңбек етті. Бүгінгі жеткен жетістіктерімізде олардың төккен терлері аз емес. Сол үшін оларға айтар алғысымыз шексіз. Ұлттық намысымызды айқындайтын басты құндылықтарымыз – Мемлекеттік рәмізде-рімізді қастерлейік, қадірлі ағайын! Айтулы мереке құтты болсын. Елімізде тыныштық пен ынтымақ-бірлік мәңгілікке жалғаса бергей! – деді Нұрлан Асқар-ұлы.
  Бұдан соң мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне шыққан бүлдіршіндер «Мен қазақтың баласы», «Дарын» ер балалар хоры «Тәуелсіз Қазақстан», Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші-сазгер Гүлмайдан Сүндетова бал-ғын өнерпаздармен бірге Әбілахат Еспаевтың «Бейбітшілік сақталады» әнін шырқады.
 Акцияға қатысушылар Медет Қарамырзаның орындауындағы Жұбаныш Жексенұлының «Қазақстан», Венера Машқа- лиева шырқаған Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған жер!» әндеріне қошаметпен қол соқ-ты. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендірдің орындауындағы сазгер Ермұрат Зейіпханның атақты «Көк тудың желбірегені» әнін зал толы халық бірге шырқап, осынау шарадан көпшілік рухани ләззат алғандай әсерде болды.

Бақытжан ЖҰМАТ.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз