Мұқыр ауылындағы орталық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары басталды
Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы орталық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының жарлығымен ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 пайызы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Осы ретте Мұқыр ауылындағы орталық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған еді.
Мұқыр ауылдық округінің әкімі Азамат Жақсиевтің айтуынша, бүгінде жоба құны 100 млн 797 мың теңгені құрайтын орталық саябақтың күрделі жөндеуін мердігер «Жайық Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастауда.
— Саябақ ішінде демалыс орындары, мерекелік шаралар өтуге арналған сахна, Ұлы Отан соғысынынан оралмаған жауынгерлерге арналған обелиск және ҰОС-на қатынасқан ардагерлердің тізім тақтасы, балалар ойын алаңы жасақталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмысы келесі жылдың соңында аяқталады. Жалпы саябақтың ауыл тұрғындары мен жастардың кешкі уақытта демалуына, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға, шағын мерекелік шаралар өткізуге пайдасы зор,- деді А.Жақсиев.
Айта кетейік, Қызылқоға ауданында 30 мыңнан астам халық болса, Мұқыр ауылында 5 мыңға жуық тұрғын бар.