«Мұнда жұмбақ жыртқыш жоқ! Жануарларға иттер шабуыл жасауы мүмкін» — Доссор кенті әкімі
13 қазан күні Доссор кентінде қорадағы малға белгісіз жыртқыштың шабуыл жасауы орын алған болатын. Мән-жайды анықтау үшін atr.kz тілшісі Доссор кентінің әкімі Болат Ермековке хабарласқан еді.
— Қазір әлеуметтік желі арқылы өсек-аяң, негізсіз ақпарат тарату көбейіп кетті. Доссор кентіндегі белгісіз жыртқыш малдарға шабуыл жасады деген бейнежазба да шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені, бейнежазба таралған бойда әкімдік тарапынан арнайы жедел топ құрылып, оқиға орын алған ауылға барды. Ауыл тұрғындары ондай жыртқышты көрмегенін айтып отыр. Мал өлекселерін жоюға арнайы мамандар да барған еді. Онымен, ешқандай өлген жануарларды таба алмады. Ал, телефонға жазба түсірген адамдар кімдер екені анықталуда. Қазір бұл іспен аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары айналысуда. Сондықтан, ауыл тұрғындарына жыртқыштан қорқып, алаңдайтындай еш негіз жоқ, — деді кент әкімі Б.Ермеков.
Әкімдік жанынын құрылған топ шалғайдағы ауылмен күнде байланысып тұр. Кент әкімінің айтуынша, қазір мамандар ауылда қаптап жүрген қаңғыбас иттерді аулауға кіріскен.
«Ауыл тұрғындарына да ерекше жыртқыш аң көрген болса, жедел түрде жеткізу туралы хабарлама таратудамыз. Әзірге ешқандай дәлел болмай тұр. Өйткені, бейнежазбадағы өлген малдарға арнайы сараптама жасалмады. Малға шабуыл жасаған иттер де болуы мүмкін. Жануарларға өздерінің немесе көршілердің иттері шабуыл жасады деп те ойлаймыз. Өйткені аулалар қоршаумен бөлінбеген», — деді Доссор кентінің әкімі.