Жарнама
Жаңалықтар

Мұнайшы ардагерлер ұлығыланды

Н.Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығындағы «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы Қазақстанның мұнай-газ саласына еңбектері сіңген, елге әйгілі мұнайшылар Бөлекбай Сағынғалиев, Қосан Тасқынбаев, Кипоний Огайлардың есімдерімен толықты. Кеше С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Ембімұнайгаз» АҚ тарихынан сыр шертетін «Вековая история славной Эмбы» және Қ.Тасқынбаев жөніндегі «Он любил жизнь во всем ее многоцветье» атты кітаптардың  тұсауы кесілді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мұнайшылар мен студент жастар қатысты.

– Атырау – қазақ мұнайының қарашаңырағы. Өлкеміздің ел экономикасын арттырудағы ролі де ерекше. Бұл шараның осындай белді саланы аяққа тұрғызуда еңбек сіңірген аға ұрпақ – ардагерлерді дәріптеуде, династияларды насихаттауда маңызы зор. Бүгінде мұнай-газ саласы дамып келеді. Жаңа технологиялар енгізіліп, әртүрлі тың әдістер қолданылуда. Баршаңызды келе жатқан 25 қазан – Республика күнімен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз елене бергей! — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Мұнайды халық игілігіне жарату жолында ерен еңбек сіңірген тұлғалардың есімі жазылған «Даңқ қабырғасына» жаңадан ескерткіш тақталар қойылды. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Теңіз кенішін алғаш ашушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бөлекбай Сағынғалиевтің құрметіне арналған ескерткіш тақта университет төрінен орын алды. Қазақстан Республикасы Жер қойнауын барлау ісінің үздігі, Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, бірнеше буынның ұлағатты ұстазы Қосан Тасқынбаевтың есімі де құрметті орынды иеленді. Мұнай өнеркәсібінің тарихы – осы саланы дамытуға ғұмырын арнаған көрнекті тұлғалардың есімдерімен байланысты. Мұнайшы мамандығын атадан балаға жалғап, атакәсіпке адалдығын сақтаған династиялар – елдің мақтанышы. Төртінші ұрпағы да мұнай саласында жұмыс істейтін Огайлар әулеті де Даңқ қабырғасынан лайықты орнын алып отыр.

– Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы басты құндылық – адам капиталын дамыту. Бұл ретте отандық мұнай-газ саласының, ғылымның өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған майталман мамандарды құрметпен айтуға тиістіміз. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы ел экономикасының жетекші саласы – мұнай-газ кешенін қалыптастырудың бастауында тұрған тұлғалардың еңбегін білуі тиіс, — деп атап өтті «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова.

Шарада Қазақ КСР және Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай  Сағынғалиев туралы айтқан Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов оның сындарлы шақта «Ембімұнайгаз» компаниясын сақтап қалған бірден-бір тұлға екендігіне тоқталды.

Сол күні, Атырау мұнай және газ университетінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен болашақ инновациялар мен әзірлемелерге арналған заманауи зертхана ашылды. Қазіргі заманғы зертханалық кешенді мұнай-газ өнеркәсібі мен инновациялық технологиялардың қажеттілігіне бағытталған белсенді зерттеулер мен әзірлемелердің орталығына айналдыру көзделіп отыр. 

Жоғары оқу орындарының төртінші миссиясы – қоғам дамуына үлес қосу болса, осы бағытта биыл университет базасында «Тұрақты даму» кафедрасы ашылған еді. Құрылым 17 мақсатты іске асыру үшін мүдделі тараптардың күш-жігері мен бастамаларын біріктіруге бағытталған жұмыстарды іске асырады.

Ал, кеше оқу орнында салтанатты жағдайда «БҰҰ-ның АтМГУ-дегі зертханалар акселераторы» ашылды. 2019 жылы БҰҰ тұрақты даму мәселелерін шешуге бағытталған әлемдегі ең үлкен инновациялық зертханалар акселераторы желісін іске қосқан болатын. Бүгінде желі Африка, Шығыс Еуропа, Азия-Тынық мұхиты аймағы, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде бой көтерген 92 елдегі зертханаларды қамтиды. Енді солардың қатарына Атыраудағы «БҰҰ-ның АтМГУ-дегі зертханалар акселераторы» да қосылып отыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суретті түсірген Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button