Мұнайлы өңір де мұқтажсыз емес
Исатай ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов арнайы іссапармен келіп, жергілікті мұнайшылармен кездесу өткізді.
Кездесуге аудан әкімі Нұрым Мусин, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Ринат Ізмұханбет, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов қатысты.
Жиында Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлы алғашқы сөз кезегін алып, алдымен жүздесуге қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап, игі тілегін жолдады. Содан соң Парламенттің өткен жыл ішінде атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасады. Халық қалаулысы есепті мерзімде жүзеге асқан заңнамалық бастамалар мен қабылданған заң жобаларына тоқталды. Елдің, соның ішінде мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.
Кездесу барысында исатайлықтар да жергілікті жұртшылықты көптен бері толғандырып, көкейлерінде жүрген маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жол сапасы, салық кодексіндегі өзгерістер, ауданда жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалар мен әлеуметтік нысандардың құрылысындағы кемшіліктерді түзету төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты қойылған сауалдардың өте өзекті де маңызды екенін атап өтіп, сол себепті олардың бірде-бірінің жауапсыз, аяқсыз қалмайтынын қаперге салды. Мәселенің бәрі де Парламент қабырғасында жан-жақты талқыланып, оң шешімін табуы үшін жұмыстанатынын сендірді.
Соңында мәжілісмен аудан орталығы Аққыстау ауылындағы құрылысы тоқтап тұрған нысандарды аралап, қордаланған проблемалардың кезең-кезеңімен шешілуіне әріптестерімен бірге ықпал ететінін жеткізді.
Дәулетқали АРУЕВ,
Исатай ауданы