ЖЕР ТЕЛІМІ – АУКЦИОНДА

ол алғаш рет  Жылыойда  өтті

Облыс бойынша алғаш рет Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының «Кең Жылыой» мәдениет үйінде жер учаскелерін сату немесе жер учаскелерінің жалдау құқығын сатып алу үшін жария бәсеке сауда (аукцион) ұйымдастырылды. Оған ынта білдіруші мүдделі кәсіпкерлер, ауыл-село әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы арнайы келіп қатысты.

 

Айта кету керек, заң талаптарына сай жария бәсеке саудаға салынатын 40 жер учаскесінің тізімі облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» және аудандық «Кең Жылой» газеттерінің сәуір айындағы соңғы сандарында алдын-ала жарияланды.

Сонымен айтулы оқиғаның тұсаукесер жиынын аудан басшысының міндетін атқарушы Жәрдем Ахметов кіріспе сөзбен ашып,  өңірде енді ғана басталған аукционның мән-маңызын, оның облыс көлемінде Жылыойда өтуінің өзі алда үлкен де іргелі іс-шараларға жол ашатындығын және бұдан былай да бірқатар жер учаскелері сауда-саттықтың осы үлгісімен сатыла бастайтынын қысқаша айтып өтті.

Бұдан кейін жария бәсеке сауданы ұйымдастырушы – Жылыой ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Дағыстан Наурызбаев ҚР Жер Кодексінің 48-бабына сәйкес кейбір жер учаскелері аукцион, конкурстар арқылы сатылу керек екендігі жөнінде жиынға қатысушыларға түсінік-мағлұмат берді.

Сонымен, Жылыойда өткен тұңғыш аукцион не берді? «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес өткен тендерде сауда-саттықты жүргізетін аукционист мәртебесін жеңіп алған атыраулық азамат Абай Қаланның мәлімдеуінше, жария бәсеке саудасына 40 жер учаскесі шығарылған. Олар аукционға қатысушы он бір адамның талас-тартысына түсіпті. Аукцион кезінде бес адам жеңімпаз атанды. Мәселен, Ақмарал Өтенова №28 лот бойынша ойын-сауық кешені үшін 0,04 га жерді бастапқы бағасы 67200 теңгеден 280 000 теңгеге дейін көтеріп, жеңіп алды. Осындай ретпен Әсия Тілегенова Құлсары қаласында сауда үйіне (29 лот), Гүлайым Дүйсенбаева Қосшағыл ауылдық округінде дүкен, аялдама, шаштараз ашуға (36 лот), Түгелбай Бекжанов Жем селолық округінде сауда-саттық дүкеніне (38 лот) және Асқар Арыстанов Ақкиізтоғай ауылдық округінде техникалық қызмет көрсету стансасына (39 лот) тиесілі жерлерді аукцион талаптарын сақтай отырып, жария бәсеке саудасында жеңіп алуға мүмкіндік алды.

Комиссия мүшелері мәлімдегендей, бұдан әрі қарай жеңімпаздармен он күн ішінде сатып алу-сату келісім-шарттары жасақталатын болады.

Алғашқы аукционның нәтижесі бойынша, жергілікті бюджетке бір миллион теңгеге жуық қаржы түсетіндігі де белгілі болып қалды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ, меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз