Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

«Мүмкіндігі шектеулі жан өзімен-өзі қалып қоймауы керек»

      ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Атырау облысына іссапары барысында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАЖ бөлімі жанындағы «Отбасын қолдау» бөлімшесі ұжымымен кездесті.

      Аталған бөлімше былтырғы қазан айынан үстіміздегі жылғы ақпанның 16-сына дейін 1 000-нан астам азаматты қабылдаған. Олар негізінен жеке көмекші, санаторий-курорттық жолдама, біржолғы әлеуметтік көмек, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін әлеуметтік көмек, тұрғын үй кезегіне тіркелу, мүгедектерге берілетін арнаулы құралдар, азық-түлікпен көмек көрсету, сәбилерді балабақшаға орналастыру, тұрғын үй таңдау, жер мәселелері бойынша көмек сұрап келген.

      Бұл туралы депутатты кеңінен хабардар еткен Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАЖ бөлімі басшысы Нұрлы Хабиева «Отбасын қолдау» бөлімшесіне келген осынша адамның 456-сының өтініштері қанағаттандырылып, 236-сына заңнамаларға сәйкес түсінік берілгенін, ал, 327-сі азық-түлікпен көмек, балабақшаға орналастыру, жер мәселесі бойынша бақылауға алынғанын айтты.

      Айтқандай, «Отбасын қолдау» бөлімшесіне қалалықтар жиі келіп, жағдайларымен бөлісіп, көмек-қолдау сұрайды. Сондай жандардың бірі – Светлана және Қаби Бектемісовтар. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлымен кездескен ерлі-зайыпты отағасының жүрегіне операция жасалғанын, енді оған қандай санаторий-курорттың қолайлы болатынын айтып, Алматыдағы «Ақбұлақ» демалыс орны жайлы әңгімеледі. Өзгенің саулығына жүрдім-бардым қарамаған депутат осы тұста Бектемісовтарға жүрегі ауыратын адамға таулы аймақтың ауыр соқпауын, қайталап ауырып қалмауына жанашырлық танытты. Сондай-ақ, жұмыссыздық, оны азайту жолдары, әлеуметтік сала қызметкерлері еңбекақыларының аздығы жайында да әңгіме болды.  

      – Елмен, халықпен кездесу, оларды толғандырып жүрген мәселелермен етене танысу, мүмкіндігінше шешу – біздің басты борышымыз. Әсіресе, әлеуметтік саланың шешімін күтер тұсы өте көп. Мен мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуын қолдаймын, оларға барынша қолұшын беремін. Дені сау адам өз күнін өзі көрер, бірақ, мүгедек жанға көмектесуіміз керек. Олар өз проблемаларымен өздері қалып қоймауы тиіс, — деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Лиза СЕЙТІМОВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button