Мүгедек жандарға мейірім сыйлады (+ФОТО)
Atr.kz/6 маусым, 2019 жыл. Елбасы халыққа Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтқан болатын. Барлығымыз бірігіп, оларға қамқорлық пен қолдауды аямауымыз керек.
Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамында осындай 1512 ересек пен 336 бала тіркеулі. Көбісі аз қамтылған отбасыдан шыққан және мүгедектіктің ең ауыр санатына жатады. Бірақ бұл олардың құштарлығына шектеу қоя алмайды. Өкінішке қарай, мүгедектік үшін төленетін жәрдемақы дәрі-дәрмек пен азық-түлікке кететін шығындарды өтемейді.
Міне, аталған ұйым осы олқылықтардың орнын толтыру үшін құрылған еді. Осы орайда, жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар мен жоспарлар, тың бастамалар мен жаңа жобалар жетерлік. Тек кәсіпкерлер қоғамы тарапынан материалдық көмек керек.
Мәселен, мүгедектердің мейлінше көп бөлігін қамту мақсатында ұйым «Consolidated Contracting Engineering&Procurement S.A.L.», «Дана», «Байшал», «Дина» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды.
Бұл бағытта «СССи» мекемесі де тұрақты серіктес болып табылады. Жақында осы компания қызметкерлері аз қамтылған және көмекке мұқтаж мүгедектердің отбасыларына тегін азық-түлік таратты. Бұған дейін де 120 мүгедек балаға жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілсе, осындай әр адам Наурыз мерекесінде 17 мың теңгенің азық-түлігімен қамтылды.
Одан бөлек, қасиетті Рамазан айында елуден астам аз қамтылған мүгедек жанұяға ет берілді. Игі іс басқа айларда да жалғасын тауып, өзгелерге үлгі болса екен дейміз.
Әмина НЫСАНҒАЛИЕВА,
Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамының төрайымы
Істеріңізді АЛЛА сауапты қылсын!