Мүгедек адамдардың жалақысын енді жұмыспен қамту орталықтары субсидиялайды
Еңбек министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. Құжат «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырады. Мұнымен қатар, Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды», — делінген бұйрықта.
Айта кетейік, бұрынғы тәртіп бойынша субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын еді. Сонымен қоса, жаңа өзгерістер негізінде енді мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Бұрын мұндай норма болмаған еді.
Жаңа қағида бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін жандардың мына мөлшердегі жалақысын субсидиялайды:
— жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды;
— жұмысқа орналасқан 13-ші айдан бастап 24-ші айға дейін жалақы мөлшерінің 65%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
— жұмысқа орналасқан 25-ші айдан 36-шы айға дейін жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасады.