Жарнама
Жаңалықтар

ҮМІТТІ ҮКІЛЕГЕН ҮШ ЖЫЛ

 

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

Облыс басшысы индустрияландыру бағдарламасы аясында бұрын-соңды облыста ғана емес, республикада өндірілмеген өнімдердің шығарыла бастағанын атап өтті.

«Индустрияландырудың екінші бесжылдығында үш жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашатын, жалпы құны 1,5 трлн. теңгеге 13 жоба іске асырылуда. Биыл оның сегізін іске қосу жоспарланып отыр. Олардың ішінде осы аптада оптикалық кабель өндірісі берілді. Сондай-ақ, химиялық реагенттер зауыты сияқты тың өнеркәсіп орындары бар» деген аймақ басшысы жоспарлық қуатқа шыға алмай жатқан жобалардың да бар екендігін айтты. 

АГРОСЕКТОРҒА – 22 МИЛЛИАРД!

Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласына 22 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асты. Облыс әкімінің есебінен белгілі болғанындай, жеке үй шаруашылығын қоспағанда, облыста жылына 10 мың тоннадан астам сүт өнімдерін, 11 мың тонна ет өнімдерін, 54 млн. дана жұмыртқа, 65 мың тоннаға жуық картоп және бау-бақша мен көкөніс өндіріп-өңдейтін өнеркәсіптік шаруашылықтар жұмыс істей бастады. «Соңғы үш жылда облыстағы жылыжай көлемі 2 есеге, тамшылатып суару алқабы 3,5 есеге артты. Біздің өңірдегі егістіктегі тағы бір тың жаңалық – «Бірінші мамыр» біріккен кәсіпорны 150 гектар жерге суармалы алқапқа күзгі қара бидай егіп, одан 250 тонна сенаж жинады» деп атап өткен облыс әкімі ағымдағы жылы жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды.

Одан әрі облыс басшысы ауыл шаруашылығына қолайлы жерлердің игерілмей жатқанын сынға алды. «Соңғы екі-үш жылда ауыл шаруашылығына жарамды жердің 30%-ы игерілмей отыр.  «Сол жерлердің 77 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. 15%-ы ескертуден кейін өздеріне қарасты жерді игере бастады. Десе де, жерлерді түгендеу жұмыстарында әлі де жайбасарлық бар» деген облыс әкімі тиісті орындарға жұмысты өз деңгейінде атқаруды тапсырды. 

КӘСІПКЕРЛЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Есепті баяндама барысында облыс басшысы тоқталған маңызды мәселелердің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайы болды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша облысқа 2012 жылы 450 млн. теңге бөлінсе, биыл 1 миллиардтан астам теңге қаражат қаралып отыр. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан облыста 6,9 млрд. теңгеге 32 жоба қаржыландырылды.

Соңғы үш жылдан бері жергілікті бюджеттен ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін жеңілдетілген несие бөлініп отыр» деген баяндамашы Бақтықожа Салахатдинұлы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2012 жылмен салыстырғанда 34 мыңнан асқанын, олар өндірген өнім 600 млрд. теңгеге таяғанын хабарлады. 

ЖЫЛЫНА – ЖАРТЫ МИЛЛИОН ШАРШЫ МЕТР БАСПАНА

Тұрғындарды баспанамен қамту көрсеткішінің де қарқыны жоғары. Облыс әкімі өңірде жылына жарты миллион шаршы метрдің үстінде тұрғын үй пайдалануға беріліп отырғанын айтты. «Соңғы үш жылда «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында 3 813 пәтерлік 76 тұрғын үй тапсырылды. 2015 жылғы 6 айда 450 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 1 284 пәтерлік 22 үй тұрғындарын қабылдайды» деген облыс әкімі түрлі әлеуметтік топтарға арналған 240 пәтерлік тұрғын үйдің алғашқысы тапсырылғанын айта келе, саладағы бірқатар проблемаларға тоқталды.

«Атырау қаласынан жеке үй салу үшін 63 мың адам жер алуға өтініш білдірген. Тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері былығының шеті әлі көрінбейді. Игерілмеген учаскені жеке меншікке заңсыз аудару, мемлекетке қайтқан жерді қайта беріп жіберу сияқты заңсыздық фактілері толып жатыр. Тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерінің де кезектілігі сақталмаған» деген облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Ақжар, Дамбы, Бірлік, Ақсай, «Атырау», Жұлдыз-3, Тасқала-3 ауылдарында коммуникация жүйесі жүргізілген жер телімдерінің бөлінетіндігін мәлімдеді. Қала және аудан әкімдеріне жерді қатаң кезектілікпен бөлуді қатаң ескертті.

 

МОНОҚАЛАЛАРДЫ ЖӘНЕ АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУ

Облыс басшысының өз қызметінде ауылдарға көп көңіл бөліп отырғандығын атап өтуге болады. Мәселен, облыстың даму бюджетінің 60%-ы ауылдық елді мекендерге жұмсалуда. «Аудан орталықтарын ажарландыру мақсатында аудандарда 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Индерде осындай екі үй пайдалануға берілді. «Аққыстау, Ганюшкинде бір үй, қазан айында Құлсарыда бес үй тапсырылады. Биыл дәл осындай алты үйдің, Махамбет, Мақат, Доссор, Аққыстау, Ганюшкин, Индербордағы бір-бір үйдің жобалау-сметалық құжаты жасақталды» деген облыс әкімі «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша Құлсарыға 2012 жылдан бері 2,3 млрд. теңге қаржы жұмсалғанын айта келе, «қазіргі уақытта іске қосуға тиіс «зәкірлі» инвестициялық жобалар құрылысы уақытында аяқталмаған. Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жұмыстары өз  деңгейінде жүргізілмей отыр. Автокөлік жолдары құрылысында үлкен кемшіліктер бар» деп олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды. Одан әрі дамуы кенжелеп қалған Индербор, Доссор кенттері мен Жанбай ауылына екі жылдық облыстық бюджеттен 6 млрд. теңгенің үстінде қаржы қаралғанын, нәтижесінде әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылым мәселелерінің шешіліп жатқандығын айтты.

 

ТАЗА СУМЕН ҚАМТУ 78 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

Есепті жиын барысында «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу барысына тоқталған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов 98 нысанның 84-і аяқталғанымен, кейбір елді мекендердің көшелері түгелдей ауыз суға қосылмағанын сынға алып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, өңір басшысы су тарифінің көтерілуіне байланысты түсінік берді. «АтырауСуАрнасының» тарифі тамыздан бастап жеке адамдарға 101 теңгеге өсті. Себебі, Жайық суының лайлылығы жоғары болғандықтан, ауыз судың өзіндік құны 120 теңгеден асады. Сондықтан, мекеме жыл сайын 400 млн. теңгеге дейін шығынмен шығып отыр.

«АтырауСуАрнасы» жаңа тарифпен пайда таппайды, шығынын әрең жабады. Су тарифін саясиландырып, ел арасына дүрбелең салып жүргендер бар. Мәселен, бір текше метр, яғни, мың литр су бағасы 101 теңге. Бұл дүкендерде сатылатын 1 бөтелке ауыз судың бағасымен бірдей. Немесе қазір қала халқы диспенсерге 20 литр суды 500 теңгеге қиналмай сатып алып отыр. Ол су еш жақтан әкелінбейді, қаланың су құбырынан алынады. Судың қаншалықты арзан екенін енді өздеріңіз есептей беріңіздер» деп атап өтті облыс басшысы.

 

* * *

Елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың негізгі жолы – халықты тұрақты жұмыспен қамту екені белгілі. Осы орайда облыс басшысы бір ғана «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 18 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтылғанын айтты. «Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты кейбір мұнай-газ жобаларының кідіруі еңбек нарығына салмақ салып тұр. Осыған байланысты облыстағы 115 мың адам қызмет ететін екі жарым мыңға жуық мекемемен Меморандум жасақталып, жұмыс орындарын сақтау бойынша тиісті шаралар атқарылуда» деп атап өтті облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. 

АПАТ ЗАРДАПТАРЫ ЖОЙЫЛУДА

Есепті жиын барысында айтылған негізгі мәселелердің бірі – 11 мамыр күні толассыз жауған жаңбырдан келген зардап және оның салдарын жою жайы болды. Нөсер судан зардап шеккендерден 1 121 арыз-шағым түскен. Үйлері суға кеткен 575 тұрғын белгіленген эвакуациялық орталықтарға жедел көшірілген. Сараптау топтары барлық арыз-шағымдарды қарап шығып, 230 үйден материалдық шығынды өтеу туралы өтініш қабылданды. Күні бүгін 155 үйдің шығыны өтелді.

Төтенше жағдай кезінде жүзден астам техника, 800-ге тарта адам күндіз-түні қызмет етті. Кеткен кемшіліктер ескеріліп, облысқа жетіспейтін техникалар алынуда» деген облыс басшысы көктемдегі нөсер жаңбырдан зардап шеккендермен жұмыстың созылып кеткендігін санамалай келе, тиісті өкілдерге табиғат апатының зардабын жоюды жеделдетуді тапсырды.

 

 

Бақтықожа  ІЗМҰХАМБЕТОВ:

Сынды  қалай  қабылдайсыз?

Cындарлы пікірді түсіністікпен қабылдаймын. Алайда, бүгінгі жағдайға халықтың бәрі бірдей разы ма? Рас, арамызда осы күнге дейін лайықты баспаналы бола алмай келе жатқан көптеген жас отбасылар, апатты үйлердің тұрғындары, жатақханада тұратын азаматтарымыз бар. Облыс маңындағы поселкелердің, көптеген селолық округтердің, сондай-ақ қала ішіндегі бірқатар көшелер асфальтталған жоқ. Біз мұның барлығын жақсы білеміз. Және тиісті шараларды қолға алудамыз. Проблемаларды толыққанды шешу үшін мол қаржы және уақыт  қажет. Бұл – бірінші мәселе.

Екіншіден, түрлі себеппен темір тордың аржағында отырған азаматтардың жақындары мен туыстарының да көңілдері күпті болады. Өз ұғымындағы лайықты жұмысты таба алмай жүрген адамдар да бар. «Елдегі байлықтан, экономиканың дамығанынан не пайда? Мен әлі күнге жоқшылықта өмір сүріп келемін?» деп ойлайтын адамдар тобы да болады. Сол адамдар «Өзім үшін, өзімнің отбасым үшін нендей жақсылық жасадым?» деп ойланып көрді ме екен? Көп жағдайда осындай адамдар айналадағы жақсылықты көргісі келмей, атқарылған істерді даттап жатады. Мәселен, көшелер жөнделсе, «мына көшелер ескерусіз қалды» дейді. Бордюр гранитке ауыстырылса, «ол автокөлік дөңгелегіне зиян» дейді. Құс фабрикасы тұрғызылса, «жұмыртқасы кішкентай» дейді.

Шын мәнінде, айналадан жау іздеп, пәле іздеп жүретін көңілі лас, пікірі теріс адам еш уақытта бақытты бола алмайды. Белгілі Рим императоры «Уа, Жаратқан Ием! Бүгін бір адамға бір жақсылық жасай алмадым. Өмірімнің бір күні босқа өлді» деп күйінген екен. Міне, егер адам күніне бір адамға бір жақсылық жасаса, мыңдаған адам бақытты болар еді. Сын болмай, мін түзелмейді. Бірақ, біз демократияны демагогиямен, сынды жаламен, тіл тигізумен шатыстырмауға тиіспіз».

 

Аймақ басшыcының атап айтқандары

¨ Әлемдегі қалыптасқан күрделі геосаяси ахуалға,  мұнай-газ нарығы мен тұтастай алғандағы экономикадағы қиын жағдайға байланысты Мемлекет басшысы республикадан бастап, отбасылық бюджетке дейін үнемдеуге шақырды.

¨ Біз біраздан бері электр қуатының ажыратулары мен ауыз судың берілуіндегі шектеулер жайында ұмыттық. Тұрғындардың кірісі тарифтерден де тез өсуде. Сөйтіп, электр қуаты мен суды үнемдеп жұмсау дегенді мүлдем естен шығардық.

¨ Көпқабатты үй пәтерлеріндегі санитарлық жүйелердің ақаулығынан судың көп мөлшердегі ысырабына жол беріп жатамыз. Жарықты жұмыс орнында ғана емес, үйімізде де өшірмей жүре беруге әдеттеніп кеттік. Энергия үнемдегіш шамдар орнатуға да асығар емеспіз.

¨ Қаланың шет аймақтарында, жеке секторда тұратындар қоқыс-қалдықтарды жол бойы, көшеге төге салуды дағдыға айналдырған. Босаған шишалар, баклажкалар мен целлофан дорбалар жол жиектерінде үйіліп жатады. Шаһардың тазалығын сақтап, қалыпты жағдайда ұстау үшін, мемлекет есебінен қаржы шығарып, жұмысшыларды жалдауға тура келеді.

¨ Өрт қауіпсіздігіне де тиісінше мән берілмейді. Шалағайлығымыздың салдарынан, әсіресе, жеке сектор үйлері мен аула-қоражайларда өрт оқиғалары жиі орын алатындығы да шындық.

¨ Көгалдандыру мәселесіне де дендеп көңіл бөлгеніміз жөн. Әйтпесе, даңғарадай етіп үйді саламыз да, айналасын қаңыратып қоямыз.

¨ Тағы бір айтпағым, ғаламторда адамдар не болса соны айтып, ойына келгенді жаза салуға, әлеуметтік желілер арқылы  жалған ақпараттар таратуға да машықтанып алған. Мұның да соңы сан соқтырар жайттарға ұрындыруы мүмкін екендігін естен шығармайық. Неге, кімге қатысты айтылса да, ақпарат шынайы болуы тиіс. 

 Дайындағандар: Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Нуржан МАТАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button