СҮТ ТЕ, СҮЗБЕ ДЕ – ӨЗІМІЗДЕН!

Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 500 бас ірі қара малына арналған тауарлы-сүт фермасы жобасы іске асырылған болатын. Енді, міне, голландиялық голштин-фриз асыл тұқымды мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы алғашқы өнімдерін бере бастады. Табиғи сүт өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен жеткізу мақсатында Атыраудағы «Дина» базарында сауда орны ашылды.
Сүзбе 300 теңге тұрса, бір литр сүт – 130 теңге, ал, қаймақ 1200 теңгеден сатылуда. Арнайы алынған итальяндық құрал-жабдықтың көмегімен алдағы уақытта облыс халқы сүт өнімдерінің 12 түрімен қамтамасыз етілетін болады. Оның ішінде йогурт та бар.
Табиғи сүт өнімдерінің денсаулыққа кепіл екендігін халық та жақсы түсінеді. Сауда орны ашылған алғашқы күннің бірер сағатының ішінде голландиялық сиырлардың сүт өнімдері толықтай өтіп кетті.

«Бірінші мамыр БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманжол Есқараевтың айтуынша, қазір тауарлы-сүт фермасындағы 170 бас сиыр күн сайын екі тонна сүт өнімін береді. «Облыстық әкімдік үлкен қолдау білдіруде. Тұрғындарға арзан бағамен сапалы табиғи сүт өнімдерін ұсынумен қоса, азаматтарды жұмысқа қабылдауға да мүмкіндік туып отыр. Қазір фермада қырыққа жуық жергілікті азамат қызмет етуде», – дейді серіктестік директоры.
– Аймақ басшысының тапсырмасына сай облыста бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асып келеді, – деді «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Абат Тасымов. – Соның бірі – тауарлы-сүт фермасы жобасы. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Бірінші мамыр» ЖШС бірігіп, «Бірінші мамыр БК» кәсіпорнын құрдық. Бүгін, міне, алғашқы өнімін алып отырмыз. Сүт өнімдерінің құны арнайы комиссия белгілеген әлеуметтік бағаға негізделген. Мұндай сауда нүктелері алдағы уақытта қала орталығында да ашылады. Сондай-ақ, қала тұрғындарын делдалсыз табиғи сүт өнімдерімен қамту мақсатында арнайы дүкен ашпақпыз.
Бұған қоса, былтыр ешкі сүтін өндіретін кешен жобасының құрылысы басталған болатын. Қазіргі уақытта аталған жоба құрылысы аяқталу үстінде. Абат Тасымовтың айтуынша, наурыз айының басында ешкі сүтінің алғашқы өнімін алу жоспарланып отыр. Ашылған сауда орындарында сиыр сүті өнімдерімен қоса, ешкі сүтінің де өнімдері сатылатын болады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз