Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeСаясатҚоғам

Министрлікте бас сарапшы болып жасайтын атыраулық азамат жүрекжарды сырымен бөлісті…

«МИНИСТРЛІКТЕ ЕҢБЕК ЕТКЕНІМЕ 30 ЖЫЛ» дейді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің БАҚ саласындағы рұқсат құжаттар басқармасының бас сарапшысы Дамир МЕДИНАМОВ.

– Дамир Бай-Еділұлы, алыстағы атыраулықтың бірісіз, сұхбаттасуға уақыт тапқаныңыз үшін рахмет! Мұнайшы отбасынан шыққан ұлдың қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі боламын деп, басқа саланы таңдауына кім немесе не себеп болды?

– Атам мен əжем. Өйткені, əке-шешем мұнайшы, күні-түні жұмыста. Мен бала күнімнен ата-əжемнің тəрбиесінде болдым. Атам да, əжем де ағартушы, ұстаз болған, əдебиетке жақын, сауатты адамдар еді. Тарихи дастан, эпостарды атам таң атқанша жырлап, жатқа айтатын. Əсіресе, Махамбеттің жырларын ұнатушы едім. Атама еліктеп, əдебиетке құмар болдым, өсе келе ол сияқты мұғалім болуды армандадым. Əкем Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін иеленген атақты мұнайшы болғанмен, мен үшін атамның мамандығы қызықты да тартымды болды. Сондықтан, əдебиетші мұғалім болып шықтым. Мамандығым өзіме ұнайды. Өмірдегі бақытымды таптым деп айта аламын.

– Студенттік шақтан соң, ару қала – Алматыда қалуды жөн санадыңыз, иə?

– Иə, университетте оқып жүргенде қоғамдық жəне саяси жұмыстарға көп араластым. Республикалық Комсомол комитетінде, «Қазақ тілі» қоғамында, республикалық газет-журналдарда, теле-радиоарналарда, Қазақстан Республикасының Үкіметінде, Президент Əкімшілігінде, министрліктерде практикалық жұмыстар жасадым. Үшінші курста оқып жүргенде, Баспасөз жəне бұқаралық ақпарат министрлігіне өндірістік тəжірибеден өтуге жіберді. Содан жыл сайын университетті бітіргенше осы министрлікке келіп, практикалық жұмыстар жасап жүрдім. Университетті бітірген күні осы министрлікке қызметке шақырды. Сол күні жұмысқа орналастым, қайнаған саяси жұмысқа кірісіп кеттім де, Алматыда қала бердім.

– Қазақстан Республикасының Баспасөз жəне бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігінен басталған қызметіңіз əлі жалғасып келеді. Құрылым өзгеріп, министрлік болған кезде де астанаға бірге көшіп, БАҚ саласындағы құрылымдық бөлімшесінде қызмет атқарып келесіз. Қазіргі лауазымыңыз, оның функциялары туралы біздің оқырмандарға тарқатып айта кетсеңіз…

– Еліміз егемендік алып, жаңа саяси бастамалармен айналыса бастаған шақта агенттіктің алдында ең жауапты, идеологиялық бағытты жетілдіру міндеті тұр еді. Президенттің алға қойған бірінші кезектегі тапсырмасы – ұлттық идеологиялық жаңа саясат жүргізу, жаңа Ата заңымызды қабылдау. Ел астанасын солтүстікке көшіруді халыққа дұрыстап түсіндіру де – жауапты əрі басты мəселе болды. Осындай тарихи жұмыстарды қолға алып, кірісіп кеттік. Тіпті, 1995 жылы елдің қарыштап өсуіне негіз болған Ата Заңымызды қабылдаған республикалық комиссия төрағасының орынбасары ретінде референдум өткізуге тікелей қатыстым. Жаңа Конституцияны дайындау жəне оны қабылдау біздің министрлікке жүктелді. Республикалық комиссия құрылып, құрамы бекітілді.

Сол кездегі Жарлықта: «Комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасы Баспасөз жəне бұқаралық ақпарат министрі Алтынбек Сəрсенбайұлы; Төрағаның орынбасары – Қазақстан Республикасы Баспасөз жəне бұқаралық ақпарат вице-министрі Асқаров Əлібек Асылбайұлы; Төрағаның орынбасары – Қазақстан Республикасы Баспасөз жəне бұқаралық ақпарат министрлігінің əкімшілік-құқық, құжаттандыру, шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, əкімшілік-шаруашылық жүргізу бөлімінің бастығы, Қауіпсіздік кеңестің бастығы Мединамов Дамир Бай-Еділұлы тағайындалсын», – деп жазылған. Бірнеше ай бойы БАҚ арқылы идеологиялық жұмыстар жүргізілді. Уақытпен санаспай жұмыс жасадық. Дауыс беру бюллетендерін дайындап, əрқайсысына қол қойып шықтым. 1995 жылы 30 тамыз – жексенбі күні бүкілхалықтық референдум өткізіп, жаңа Конституцияны қабылдадық. Елдің 98 пайызы дауыс беріп, қолдады. Комиссия мүшелері шешім шығарып, құжаттарға қол қойдық, Президентке ұсындық. Президент Жарлыққа қол қойды.

img 20220201 wa0071

Сөйтіп, алтын əріппен жазылған еліміздің жаңа Конституциясы өмірге келді. Комиссия болып жұмылып, Президенттің тапсырмасын, елдің арманын толықтай орындап шықтық. Саяси бастама сəтті аяқталып, құжаттардың барлығын архивке тапсыра бастадық. Қарасақ, Президенттен қол қойылып шыққан Жарлықтың төменгі жағына: Алтынбек Сəрсенбайұлы – Ұлы жүз, Асқаров Əлібек Асылбайұлы – Орта жүз, Мединамов Дамир Бай-Еділұлы – Кіші жүз» деп жазып қойыпты. Шынында, бұған мүлдем мəн бермеген де екенмін. Осындай тарихи кезеңге етене араласқанымыз да – естен кетпейтін оқиға. Ал, 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшіп келдік. Министрлікті көшіру жұмыстарына тікелей жауапты мен едім, барлық жұмыс үш күнде аяқталды. Президенттен, Министрден Алғыс хат алдым. Осы оқиғалардың өзі – бірнеше романға тұрарлық тарихи шақ.

– БАҚ-дарын тіркеу, есепке алу, есептен шығару сынды маңызды жұмыстарға жауапты бас сарапшы ретінде қазіргі медиа кеңістіктегі баспасөз құралдарының саны, сапасы туралы да мəліметтерді білсек бола ма?

– Əрине, тікелей қызметім – бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою, қайта есепке қою жəне есептен шығару. Бұл жауапты қызметті атқарып келе жатқаныма 30 жыл болды. Егемендік алған жылдары елде БАҚ-тың саны аз еді. Қазір біраз елдің алдына шықтық. Халық үшін бұқаралық ақпарат құралының қоғамнан алатын орны ерекше. Саяси, идеологиялық маңызы зор. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі». Бұл күнде бұқаралық ақпарат құралдарынсыз өмірді көзге елестету мүмкін емес. БАҚ-ын дамытып, сапасын арттырып, əлемдік межеге жеткізу бағытында Үкімет көптеген жұмыстар атқаруда. Жеткен жетістіктері де көп.

Қазақстан Республикасында бүгінде 5030 БАҚ е сепке қойылған. Оның ішінде 3613 мерзімді баспа басылымы, 191 телеарна, 84 радио, 490 ақпарат агенттігі, 376 желілік басылым, 866 интернет БАҚ. Оның 4754-і – отандық, 276-ы – шетелдік БАҚ. Ал, отандық БАҚ-ын аймақтарға бөліп қарасақ, ең көбі – Алматы қаласында. Мұнда 1431 баспасөз құралы тіркелсе, Атырау облысында 86 БАҚ бар. Жалпы тіркелген БАҚ ішінде ең көбі – мерзімді басылым. Барлығы 3613 болса, оның 2170- і – газет, 1443-і – журнал. Таратылу тіліне байланысты да саралауға болады. Мəселен, бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі қазақ жəне орыс тілдерінде қатар таратылады. Олардың саны – 1760. Ал, тек қазақ тілінде – 680 БАҚ, 1463-і – аралас, яғни, үш жəне одан да көп тілде таратылады. Ел аумағында шетелдік 276 телерадиоарна есепке қойылған. Олардың қатарында Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Эстония, Франция, Түркия, Кипр, Испания елдерінің таратылымдары бар.

– Сіздің өмір жолыңызда Ауған жеріндегі қанқұйлы соғыстың да өзіндік орны бар екенін білеміз. Өңіріңізге жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» тағылуының да мəні ерек. Ержүрек солдат Дамир Мединамов туралы да сол кездегі басылымдар жарыса жазыпты…

– Ол рас. Ауғанстанда екі жыл армияда қызмет еттім. Танкист болдым. Соғыстың аты – соғыс, тура екі жыл соғыстық. Жалғыз Кеңес өкіметі барлық дүние жүзінің басқыншыларына қарсы соғысты. Қайыспай бəріне қарсы тұра білдік. Əдебиетті – көк түтінге, жырды – снарядтың ысқыруына, қаламды – пулеметке ауыстырдық. Екі жыл қанды қырғында, сұрапыл соғыста мені аман алып қалған – Махамбеттің жалынды жырлары. Жалғыз өзім қалып, 30 адамға қарсы тұрып атысқанда бірнеше жарақат алдым. Алайда, оны ескеруге, емдеуге уақыт жоқ. Берілген бұйрықты толықтай орындап шықтық. Ер, батыр, қайтпас қайсарлығымызды дəлелдедік. Ерлік пен батылдықты өкімет ескеріп, жауынгерлік орден-медальдармен марапаттады. Ал, біз ол үшін соғысқан жоқпыз. Ол ке зде с анада отаншылдық рух, патриоттық сезім болатын.

– Атырауды сағынасыз ба? Жиі келуге мүмкіндік туа ма?

– Елге жылда барып тұрамын. Əрине, сағынамыз, шетте жүргенде елдің ауасын жұтып келудің өзі бір ғанибет. Демалыс алғанда, бірінші күніақ елге қарай тартып отырамыз. Туыстарды, құрбы-құрдастарды көріп, ауыл-аймақтың жетістігіне қуанып қайтамыз.

– Сізді білетін жандар «мол тəжірибелі, білікті маман» деумен қатар, «азаматтығы біртөбе» деген теңеуді қоса айтады. Негізсіз емесі анық, Атыраудан келгендерге де қол ұшын созатын боларсыз?

– Елден көптеген жерлестер келіп тұрады. Барлығын қарсы алып, қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Кез-келген жанға қол ұшын созу, демеу – парызым.

– Жұмысыңыз қауырт. Десек те, хобби, сүйікті іс болары хақ. Сіз нені жақсы көресіз, қалай тынығасыз?

– Менің хоббиым – үй салу. Кəдімгі құрылысты жақсы көремін. Демалыста, қол боста үй салумен айналысамын. Осы уақытқа дейін 20 үй салдым. Көршілерге үй салуға көмектесемін. Екінші мамандығым – энергетик, əкемнің мамандығын да ұмытпаймын. Үшінші мамандығым – архитектор, прораб.

– Отбасыңыз туралы да білсек…

– Алматыда, КазГУ-де оқып жүрген кезімде елдің қызы, қызылқоғалық Гүлбаржан Қуанғалиқызымен бас қосып, шаңырақ құрдық. Ол да мұғалім, тарихшы. Бұрын мектепте жұмыс жасаған, қазір жеке бизнеспен айналысады. Бұл күнде екі ұлымыз, үш немереміз бар, бəріміз бірге тұрамыз. Немерелерді қыдыртқанға жетер бақыт жоқ.

– Ашық əңгімеңізге рахмет!

Гүлжан ƏМІРОВА

*Өмір-дерек

Дамир Бай-Еділұлы МЕДИНАМОВ 1965 жылы 27 қаңтарда Атырау облысы Мақат ауылында, мұнайшы жанұясында дүниеге келген. 1972-1982 жылдары Қызылқоға ауданындағы Жаңашаруа орта мектебінде («Комсомол» кеңшары) оқыған. Сағыздағы кəсіптіктехникалық училищесінде білім алып, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасап, 18 жасында «ХІ бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен марапатталған. Армия қатарынан келген соң, əл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетін «қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Баспасөз жəне бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің Əкімшілікқұқықтық, құжаттандыру басқармасы басшысының орынбасары лауазымында бастады.

Кейін бөлім басшысы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры болып, саяси жауапты қызметтер атқарған. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, республикалық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі, республикалық Жастар қоғамының бөлімше жетекшісі, республикалық филологиялық кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы.

Республикалық телерадиобағдарламаларының саяси кеңесшісі болып əлі күнге жасайды. Ұстаздық мамандығын да қалдырмай, мектеп-лицей, жоғары оқу орындарында, қоғамдық даму орталықтарында саяси сабақ беріп, лекция оқып жүр.

2003 жылы мемлекеттің жолдамасымен Ганновер қаласындағы (Германия) Басқару университетінде оқып, білімін жетілдірген. «Қазақстан Республикасының Мəдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Ұлт ұстазы», «Астана қаласына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігіне 30 жыл», т.б. медальдармен марапатталған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button