Ұлттардың ұқсас дәстүрі

ҰЛТТАРДЫҢ ҰҚСАС ДӘСТҮРІ Жаңалықтар

Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қалыптасқан. Алайда, елімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен араласуынан, тығыз қарым-қатынаста бірлікте ғұмыр кешуінен бір-біріне ұқсап кеткен дәстүрлерін, салтын да кездестіруге болады. Солардың бірқатарын санамалап көрсек.

ҰЛТТАРДЫҢ ҰҚСАС ДӘСТҮРІ

Дүнгендер де шашу шашады

Қазақтар мен дүнген дәстүрлерінің үйлесімді жақтары баршылық. Мәселен, келін түсіру дәстүрінде халқымызға ұқсас жағы бар. Біздердегі секілді дүнгендерде келін түсіргенде шағын той жасалынып, дастархан жайылады. Дастархан үсті түрлі тағамдарға толтырылып, жағалай малдас құрған адамдар игі насихат сөздерін айтады. Келген қонақтарға бастапқыда шәй беріліп, содан кейін ұлттық тағамы «дүнген кеспесі» таратылады. Бір қызығы, тойға арналған тағамдарды негізінен ер адамдар дайындайды, ал әйелдер жағы ыдыс-аяқ, картоп, сәбіз тазалау сынды жеңіл жұмыстармен айналысады. Бұл рәсімнің мәні әйелдерге деген құрмет және олардың отбасылары ыдыс-аяқтай таза, мінсіз, ақ ниетте болсын дегенді білдіреді. Тойға жиналған қауымға шашу шашылып, үлкендер жағы отау көтерген жастарға өздерінің игі тілектерін айтып, ықылас-ниеттерін білдіреді.

Дүнген халқының салты бойынша күйеу жігіт қыздың отауына арнайы келіп, қызды қолынан жетектеп, қыздың әке-шешесінен бата сұрайды. Қыздың әкесі екі жасқа бата бергеннен кейін отауға қалыңдық пен жігіттің жора-жолдастары кіріп, жасау жинауға кіріседі.

«Қазақ-қырғыз – егіз ел»

Қырғыздардың тыныс-тіршілігі мен дәстүрі бізге қатты ұқсас. Оларда да біздегідей ақындар айтысы ұлттық өнер ретінде бағаланады. Негізгі аспабы – қомуз. Ұлттық спорттық ойындары – көкпар («улак-тартыш», «кёк бору»), күрес («курёш», «алыш»). Барлық көшпенді халықтар тәрізді қырғыздар да жылқыны өте қатты қадірлейді. Бешбармақ, шұжық, қуырдақ, қымыз қырғыздар үшін де ұлттық тағам болып саналады.Әлемге танылған ірі тұлғаларының ішінде Шыңғыс Айтматовтың орны ерекше.

Сондай-ақ, қырғыздардан Құрманжан датқа, Женишбек Назарәлиев сынды белгілі адамдар шыққан. Тарихы бізбен тамырлас қырғыз ағайындарымыз да 1991 жылы азат ел атанып, әлемдік сахнадан өз орнын алды. Қырғыз жұртының ерлері жылдың төрт мезгілінде де басына айыр қалпақ, үстіне ұзын шапан, ал, әйелдер  ұзын көйлек, сыртынан камзол киеді. Басына жаулық жамылып, алқа, моншақ тағынады. Бұл дәстүр қазақ салтында Наурыз мейрамында жүзеге асады. Бірақ, қазақ халқы соңғы кезде ұлттық киімді жаппай киіп жүруге бет бұруда. Демек, алдағы күндері қазақтың ұлттық оюлары бар тұрмысқа ыңғайлы киімдер шықса, қолданыстан қалмасы анық.

Татар нақыштары

Қазақта да, татарда да атастыру рәсімі бірдей: бел құда, бесік құда бар. Бесікке салу, сүндетке отырғызу дәстүрлері де бір. Тілдері де ұқсас.

Қазақ пен татар халықтарының кейбір мерекелері ортақ, тойлануында ұқсастық бар. Мысалы, Наурыз мерекесін татарлар да тойлайды. Татарлар Наурыз мерекесіне арнап жаңа киім сатып алады. Екі ұлтта да үй-iшiн тазалап, мiндеттi түрде ақ дастархан жаяды. Ұлттық тағамдары қойылады. Мерекеде бiр-бiрiне қонаққа барып, өкпе-реніштері болса, кешiрiм сұрайды. Қос ұлттың да тағамдары дәмді, әрі дәруменге бай. Денсаулыққа пайдасы көп.

Грекия халқы:

«Әй, көзің өтіп кетер, түкірші»

Грекия халқы да ырымға қатты сенетіндердің қатарында. Қала көшелеріне шықсаңыз, ойнап жүрген балалардың мойындарынан көздің белгісі бар алқаны көресіз. Олардың ойынша, бұл жолыңды ашып, бақыт әкеледі. Сондай-ақ, бұл халық біреуді мақтамас бұрын алдымен үш рет түкіріп алады. Түкіргеннен кейін ғана әлгі адамға деген сүйіспеншілігін білдіре бастайды. Қарап отырсаңыз, көрші орыстардың әдетіне ұқсайды. Орыстар мен гректердің бұл нанымына сенетіндер біздің арамызда да баршылық. Бізде де «әй, көзің өтіп кетер, түкірші», – деп жататын әдет бар ғой.

Келіндерін сыннан өткізетін корейлер

Корейлердің дәстүрі бойынша келін түскеннен кейінгі үшінші күні үй шаруасымен айналысып, өзінің не нәрсеге бейім екендігін байқатуы тиіс.

Бұл халықта да өлген адамды жоқтау салты бар. Егер үй иесі қайтыс болса, еркек туыстары оң жаққа, әйелдер сол жаққа отырады. Жоқтау айтып, жылайды.

Корей халқында кейбір мейрамдарды жыл мезгіліне, шаруашылыққа байланысты өткізген. Соның ішінде жаңа жыл салтанатын өткізуге ерекше көңіл бөлген. Олар жаңа жылды қалай көңілді өткізсең, жаңа егіннің өнімі де мол болады деп есептеген.

Көктемнің басы мен егін салу кезін де көңілді өткізген. Ал,  егін жинау орақ басталу кезінде жаңа егіннің өнімінен түрлі тағам даярлап, ұлттық ойындар мен той өткізуді дәстүр еткен.

Қазақстандық корейлер де  олардың ата-бабалары сияқты некеге тұруға ерекше мән береді. Бұл адамның өміріндегі төрт басты оқиғаның бірі және салтанатты түрде өткізіліп, оған барлық туыстарының назары аударылады. Неке алдында құда түсу рәсімі өтеді.

Корейлер отбасындағы қарт адамдарды құрметтеп, балалары олардың мерейтойларын тойлайды. Соның ішінде ең маңыздысы балалардың ата-анасының 61 жасқа толу мерейтойын тойлауы болып табылады. Бұл мерейтой  отбасындағы балалардың барлығы ер жетіп, отбасын құрып, олардың тойлары жасалып болғанда ғана тойланады. Егер ондай болмаса, мерейтой кейінге қалдырылып,  2, 4, 6 жылдан кейін тойланады. Мұндай салт біздің елде де бар. Қазақтар әке-шешелерінің дөңгелек жасын тойлайды. Сондай-ақ, қазақта 61 мүшел жас деп есептеледі.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз