Миллионер шаштараз
Түркия Республикасының Анталья қаласында өткен стилистер арасындағы «Beauty Special–2023» халықаралық байқауында бақ сынаған 34 жастағы атыраулық Әйгерім Өткелбаева жеңімпаз атанып, 11 миллион теңгелік жүлдеге ие болды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Әйгерім жүлдені командасымен бірге жеңіп алған.
– Конкурсқа 14 мемлекеттен үміткер қатысты. Тек Қазақстанның өзінен барлығы 30 шебер бақ сынады. Біздің Түркияға сапарымыздың мақсаты біліктілігімізді арттыру еді. Арамызда шаштараз, стилист, мэйк-ап шебері, басқа да мамандар болды. Шеберлік сыныптарының арасында байқау өткізілді. Бағымды сынамақ оймен командамдағы 15 қыз-келіншекпен бірге қатыстым. Нәтижесінде, бірінші орын иелендік. Жүлде қаражатын өзара бөліп алдық, — дейді жеңімпаз.
Бір қызығы, Әйгерімнің мамандығы – журналист. Бірақ университет бітірген соң бірден бьюти-индустрия саласына стилист-шаштараз болып жұмысқа орналасқан. Содан бергі жеті жылдан астам уақытта әр жарты жыл сайын әлемнің әр қаласына барып, белгілі шеберлерден сабақ алады екен. Атыраулықтар оның қызметіне бірнеше күн бұрын жазылып қояды екен.
– Кейде таңғы сағат сегізден түнгі он екіге дейін жұмыс жасайтын кездерім болады. Бастысы, жұмысым өзіме қатты ұнайды, содан зор ләззат аламын. Қазір жеке салон ашуды жоспарлап отырмын. Әзірге маркетологтармен келіссөз жүріп жатыр. Келешекте атыраулық мамандарды оқыту да ойда бар, — дейді шебер.