Табысын жасырып, айласын асырған….

IMG 5413 25 07 19 03 04 Жаңалықтар

Atr.kz/26 шілде, 2019 жыл. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке ілігіп, өздері айтқандай «байып кетпесе де, бала-шағасының несібесі» едәуір көмек болған. Бірақ, «атаулы» деп, көмекті өз пайдасына жарату мақсатында табысын жасырып, нағыз көмекке зәру жандардың алдын орап кеткендер де бар екен.

Бұл – бүгін өткен облыстық арнайы мониторингтік топтың кезекті отырысының тақырыбына айналды. Топ төрағасы Амангелді Абдоловтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жеке істеріне мониторинг жүргізілген. Мониторинг нәтижесінде АӘК тағайындауда қолданыстағы заңнама нормалары анықталмаcа да, 1 сәуірге дейін құжат тапсырғандарға артық төлем төленген жағдайлар болған.

  «Облыс көлемінде ағымдағы жылдың 1-ші сәуірінен бастап өкілетті органдар атаулы әлеуметтік көмек туралы 15 000 жуық адамға консультациялық кеңес берген. Ал, 5116 отбасының атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініштері қабылданып, сәуір-шілде айларында 29164 адамға 1599,8 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен бірге, 855 отбасындағы 4798 адамға 279,2 млн.теңге қайта есептеулер жасалынған» дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев.

Өз кезегінде сөйлеген қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлнар Құспанова түйткілді мәселенің түйінін тарқатты. Ол «Е-халық» жүйесіндегі техникалық проблемалар мен маманның жетіспейтінін айтады.

«АӘК беруге қатысты заңға өзгеріс енгізу керек. Қазір тексеру жүріп жатқандықтан, шілде айының төлемін уақытша тоқтаттық. Бұл мәселеде қарама-қайшылықтар жеткілікті. Жұмыс ауқымы үлкен, ал маман жетіспейді. Мамандар жаяулап жүріп үй-үйді аралайды. Әр бейсенбі сайын министрлікпен өтетін бейнебайланыста ұсыныс береміз» деп түсіндірді Гүлнар Набиқызы.

Жалпы, сәуір айынан бастап өтініш бергендердің ішінен 786 отбасындағы 3423 адамға шартсыз және 4330 отбасындағы 25741 адамға шартты ақшалай көмек тағайындалған.

Мәжілісте азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыруды мақсат еткен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы да қарастырылды. Жобалық кеңсе жетекшісі Айдана Балашеваның айтуынша, жоба мақсаттарына сәйкес, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеттері жолға қойылды.

Ашық диалог түрінде өткен басқосуға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы кемшіліктер және оны жою тетіктері мен жолдарын бірлесіп атқаратын ортақ шешімге келді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз