Мешіттегі мереке
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін облыс мешіттерінің жамағаты да жоғары деңгейде атап өтті. Сондай мерекелік шаралардың бірі «Иманғали» орталық мешітінде болды.
Жиналған жамағатқа мешіт ауласында тігілген киіз үйлерде құрмет көрсетілді. Ұлттық дастархан жайылып, ән мен күйден шашу шашылды. Ер азаматтар арасында кір тасын көтеру, қазақша күрес, арқан тартыс сынды ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өтті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Наурыз думанын әйелдер жамағаты бесікке салу, тұсау кесу рәсімдерімен жалғап, ақ жаулықты аналар арасында өткен бата айтыс мерекелік шараға ерекше реңк берді. Бұл күні бүлдіршіндер де назардан тыс қалмады. Мешіт ауласына орналастырылған батуттар балалардың алаңсыз ойнауына жағдай жасады.
Жиналғандарды құттықтаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Мансұров еліміздің тарихында Наурыздың өзіндік орны бар айтулы мереке және бірлік пен берекеден туындайтын ұлық күн екендігін атап өтті.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.