Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

МЕШІТ ЖАНЫНАН КИІЗ ҮЙЛЕР ТІГІЛІП, ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛМЕК

Мұсылман қауым үшін қасиетті саналған Рамазан айы биыл 2 сәуірде басталады. Осыған орай, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы тілшілермен кездесіп, Рамазан айында облыс көлемінде атқарылатын іс шаралар, сондай-ақ, ораза ұстаудың ережелері мен қасиеттеріне қатысты туындаған бірқатар сауалдарға жауап берді.

Биылғы Рамазан айы кезінде де мешіттердің жанынан «Рамаз шатыры» құрылып, Құран жарыс, «Рамазан сыйлығы», «Рамазан кәдесі» сынды балаларға арналған қайырымдылық іс-шаралары өткізіледі.

— Жаратқанның қалауымен міне, биыл тағы да қасиетті Рамазан айына қадам басқалы тұрмыз. Бұл ай – ізгі амалдардың маусымы. Ораза тұтқан адам тамақтан ғана емес, нәпсісі қалаған барлық жағымсыз қылықтардан тыйылып, рухани кемелденуі тиіс. Баршамыз ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтқанымыз абзал. Мойнымыздағы пенделік міндетті абыроймен атқарғанда ғана  Алланың разылығына жеткен боламыз. Соңғы бір-екі жылдықта күллі әлемді шарпыған қауіпті індет кезінде мешітке де кіруге шектеулер қойылғаны барша жамағатқа мәлім. Ал, биыл Аллаға шүкір, мешіттеріміздің есігі айқара ашық.  Облысымыздағы тек екі мешіттен өзге барлық мешіттерде Тарауих намазы мен Құран хатым оқылып, ауызашар беріледі. Мешіт жанынан киіз үйлер тігіліп, кәсіпкерлердің қолдауымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі. Алла қаласа, сәуірдің 1-і күні түнде мешіттерде жамағатпен Тарауих намазы оқылып, ертесі күні таңда ауыз бекітеміз, — дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

Сондай-ақ, бас имам биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленгенін айтты. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасымен есептеледі. Ұн бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталған болатын. 

Диас ТАРАСҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button