МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚОНЫС ТОЙЛАРЫ
— Ата Заңымыздың мерекесімен тұспа-тұс келген қоныс тойларыңызбен құттықтаймын, — деді аймақ басшысы. — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Соның айғағы іспеттес, облысымызда биылғы бірінші жартыжылдықта 318 пәтерлік бес көп қабатты үй иелерін тапты. Жақында Жарбосынов көшесіндегі екі үйге жас отбасылары қоныстанды. Үш жүз орындық мектеп пен Көкарна елді мекенінде балабақша пайдалануға берілді. Бүгінде 72 пәтерлік үй тапсырылды. Жыл аяғына дейін 1830 пәтерлік 32 үй беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш былтырғыдан әлдеқайда жоғары. Мемлекет басшысы өңір басшыларына әлеуметтік жағдайды жақсартуды тапсырды. Соның аясында жаңадан тақтайдай тегіс жолдар салынуда. Енді жаңа пәтерлер ішінен қуаныш пен шат-күлкі кетпесін.
Осынау ақжарма тілектен соң жетпіс екі пәтерлік Ерниязов көшесіндегі №18 үй иелерін тапты. Соның бірі – Гүлжан Жаманқұлова. Ол Ата Заңымыздың 19 жылдық тойында пәтерлі болғанына өте қуанышты. Алғысын толқи жеткізген пәтер иесі халқын әрдайым қамқорлығына алған ел Президентіне ризашылығын жеткізді.
Екінші топ мүгедегі, көп балалы отбасының отағасы Бәдел Мұқатановтың да баспана кезегіне тұрғанына 14 жыл болыпты. Бұған дейін балаларымен, немерелерімен бірге ата-анасының үйінде тұрған олар өз баспаналарына тезірек көшіп келуге асық. «Кеше кешкісін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің мамандары телефон шалғаннан кейін түнімен көз іле алмадық. Бойымызды қуаныш сезімі кернеді, сенер-сенбесімізді білмедік. Қазақта «баланың несібесі» деген сөз бар ғой, жақында сегізінші немереміз өмірге келіп қуанған едік. Енді баспаналы болып, балаша мәз-мейрам болып тұрғанымызды қараңыз. Мұның барлығы да әлеуметтік топқа мемлекет, облыс, қала басшылығының қамқорлығы деп білемін» деді ол қуанышын жасыра алмай.
Гүлжан Досжанованың да аз қамтылған отбасы ретінде кезекте тұрғанына 15 жылға жуықтапты. Бұрын шағын жатақханада бала-келіндерімен тұрған Г. Досжанова енді жаңа пәтерлі болды. Бес баланың анасы Гүлсара Рахметованың алғыстан басқа айтары болмады.
Қоныс тойын тойлаушылардың қатарында бюджеттік сала қызметкері Арай Қажығалиев те бар. Ол жаңа пәтерінің алғашқы меймандарын қонаққа шақырып, ақтан дәм татқызып үлгерді. Үйді аралаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тағы да шынайы лебізін жалғастырды.
— Бейбіт, тыныш елде өмір сүріп жатырмыз. Соның өзі – үлкен бақыт. Оның үстіне, мереке алдында Атырау қаласының ортасынан пәтерлі болудасыздар! Енді осы үйлерден балалардың күлкісі арылмасын, — деді облыс басшысы.
***
Ал, Нұрсая ықшамауданындағы 54 пәтерлік тұрғын үйдің кілттерін Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев тапсырды. Ол да қоныс иелерін айтулы мерекемен құттықтап, елімізде, аймағымызда жасалынып жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Пәтерлерді аралап шыққан ол балалар үйінің түлектері Ерімбетовтердің пәтеріне бас сұғып, ақ тілегін арнады. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастардың жаңа үйіне тұрмыстық техниканы сыйға тартты:
— Біз әрқашан алға жүруіміз керек. Жастарға әрқашан сенім мол. Сол үмітімізді ақтай біліңіздер дегім келеді. Ата-аналарыңыз тағдырдың жазуымен өмірден өткенмен, мемлекет ұдайы қамқорлығына алды. Сіздердің араларыңыздан еліміздің дамуына үлес қосатын мықты маман шығады деп ойлаймын, — деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.
«Біз ата-ананың жылы алақанын көрмей өссек те, далада қалмадық. Сегіз жыл бойы кезегімізді күтіп, арманымыз ақиқатқа айналып отыр. Отбасымызда бес баламыз. Соның үшеуі өз алдарына шаңырақ көтерді. Тек інім екеуміз бөлек пәтерде тұрамыз. Оның үстіне, бәріміз пәтерлерді бір үйден алып отырмыз. Біз ешқашан ажырамаймыз», — деді Ерімбетовтер отбасы бірауыздан.
Күні бүгінге дейін апаттық жағдайдағы үйде тұрып келген 87 жастағы Қалжан Жамашеваның да кезекте тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Енді ол да жаңа, жайлы пәтерге қоныстанбақ.
Айбөпе САБЫРОВА.