Қуаңшылық қысып тұр, одан құтыла аламыз ба?

1533536650 karmakshy 001 scaled Жаңалықтар

Газеттің биылғы 11 қыркүйектегі нөмірінде Атырау бекіре зауытының тоғандарын таптаған жылқы туралы «Тоғанға құлаған жылқы» деген мақала жариялаған болатынбыз…

Тарылған жайылымға сыймай, жем-шөп іздеп, қала аумағына үйірімен кірген бір мың бас Қамбар ата тұқымы Исатай, Махамбет аудандары тұрғындарының жеке иелігіндегі мал екен. Бірақ, сол сыннан құзырлы орындар қорытынды шығарды ма, нәтиже қандай? Араға үш айға жуық уақыт салып, сауалдың жауабын білмек ниетпен шағымданушы тарапқа хабарласып, мән-жайды білдік.

Мәселе шешілді ме?

– Қазір қыркүйектегідей көп жылқы жоқ. Арыз-талабымыздан кейін иелері келіп, алып кетті. Ара-тұра орталық трассадан байқап қаламыз, бірақ бұрынғыдай нөпір байқалмайды, – деді зауыт өкілдері.

Ал, ұзын жолдың бойында жүрген жылқы кімдікі? Анық-қанығын білу үшін Еркінқала ауылдық округі әкімінің орынбасары Амангелді Нармағамбетпен сөйлестік.

– Исатай және Махамбет аудандарынан келіп, Атырау бекіре зауытының жұмысына кедергі келтірген үйір-үйір жылқы өз иелерінің қолына өтті. Енді трассада жүрген мал – Еркінқала мен Ракуша ауылдарының тұрғындарына тиесілі түлік. Олардың да иесін анықтап, шарасын алып жатырмыз, – деді ол.

Ж а з б о й ы ж е м – ш ө п і з д е п , жүздеген шақырымды шарлап жүрген қылқұйрықтың жай-күйі, иесі кері қайтарып әкеткенімен, түбегейлі шешілді деуге келмес. Жалпы, бұл тек жылқы баққанның ғана мұңы емес, барша малшы қауымның ортақ мәселесі. Қуаңшылық алдағы жылы да жалғасар болса, кім-кімге де оңай болмайын деп тұр.

Жаһандық жылынудың жаңғырығы

Қуаңшылық соңғы бірер жылда ғана пайда болған жоқ. Оның түп-төркіні тереңде. Әрі бұл қиындықтан құтылар жол бар ма? Әлде «Жаратқанның жарлығы» деп отыра береміз бе? Екпе шөп ексек, қалай болады? Аталған сұрақтардың жауабын осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетовтен сұрадық.

– «Атмосферадағы ауаның температурасы 50 жылдан кейін +2 градусқа дейін көтеріледі. Бүкіл планетаны қуаңшылық басады» деген ғылыми болжамды ең алғаш 1965-1968 жылдары студент кезімде оқыған едім. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Ал, бүкіләлемдік обсерваториядан алынған мәлімет бойынша, Каспий теңізінің шығыс Атырау бөлігінде ауаның температурасы +1 градусқа көтерілген де, оның әсері теңіздің булануын тездеткен. Соның кесірінен Каспий теңізі де тартылады деген хабарды оқып, 60 жыл бұрынғы болжамның ақиқатқа айналғанына көзім жетіп отыр, – деп бастады ғалым әңгімесін.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Атырау өңіріне қар өте аз жауды. Сол себепті, Жайықтың суы да тартылған. Тіпті, 2005-2006 жылдан бері әрбір 1-2 шақырым сайын өзен бойында жаңа «аралдар» пайда бола бастады. Аралдардың пайда болуы мен жағадағы ну орманның орнын жыңғыл басуы – Жайық суы азаюының басты белгілері. Биыл қар болмаған соң жер де көктемей, жайылым болмаған соң, ұзын сирақты малдың асфальт жағалап кеткені әмбеге аян.

«Бәрі тың игеруден басталды»

Еркінқалаға келіп, тоғанға құлаған жылқының дені Исатай ауданы Қуаңшылық қысып тұр, тұрғындарының меншігі еді. Оны өткен жолы да жазғанбыз. Біз тілдескен шаруагерлер қуаңшылықтан зардап шегіп отырғанын айтып ашынды. Ал, ғалымның айтуына қарағанда, Атырау өңірінде жердің азуы алпысыншы жылдары тың игеруден бастау алған.

– 1955 жылдан кейін Ресейдің Саратов облысы барлық тың және тыңайған жерлерді жыртып тастады. Соның салдарынан жыл он екі ай бойы жауған қар мен жаңбырдың ылғалын жыртылған жер түгелімен бойына сіңіріп, сай-салаға қардың суы бармайтын болды. Ақыры, Нарын құмын суландырып отырған қос өзен – Сары мен Қара өзендері (орысшасы Большая и Малая Узень) күрт суалып, құмдағы жарты метр тереңдікте жататын жерасты суы (грунтовая вода) 4-5 метрге дейін қашып кеткен. Бұл туралы толығырақ топырақтанушы, академик Виктор Абрамович Ковда 1971 жылы жарық көрген «Аридизация суши и борьба с засухой» атты еңбегінде жазды, – деді Б.Мұхамбетов.

1960-1970 жылдары Жайық салаларын түгел бітегенге дейін оның сайсаласындағы cудың жағасында 5-10 шақырымнан байқалып тұратын бидайық болушы еді. Оның арасына кірген атты кісі көрінбей қалатынын көрген куәгерлер әлі де бар. Мұндай бітік өскен мол бидайық малға да, жанға да құт болғаны рас. Өкініштісі, сондай нулы жерлер қу тақырға айналса да, оны елеп-ескеріп жатқан ешкім байқалмайды.

«Қамысқаланың» қамысы қайда?

Исатай ауданындағы қазіргі Хамит Ерғалиев ауылының байырғы аты «Қамысқала», кейін «Новобогатинск» деп картаға түскен. Ауыл іргесінен қазіргі күре жолға дейін, одан әрі теңіздің жағасына дейін биіктігі 5 метр болатын ит тұмсығы кірмейтін қалың қамыс өскендіктен «Қамысқала» аталып кетіпті. Теңізді жағалай жайқалған ну қамыс Доссордан Котяевкаға дейін өсіпті. Жергілікті халық теңіз жағасына мұз түскен соң қамысты шауып, малдың астына төсеген. Яғни, мұз ерігенше, қамыс малға азық та, қамсау да болды.

Қазір оның бәрі ұмытылды. Себебі, кәрі Каспий мен Жайықтың сол тұсындағы су тартылып, сай-сала сортаңды алқапқа айналды. Шындап келгенде, Еркінқаладағы резерват аумағында 1950 жылдарға дейін Камынинский және Камышитовый деп аталатын балық зауыттары болғанын ел-жұрт мүлде ұмытты. Ал, Теңдік теміржол бекетінің арғы бетіндегі Қайыршақты деп аталатын жерде, одан арғы Ракуш мекенінде бір кезде аптасына екі рет Астраханнан келіп, кеме тоқтаған айлақ жұмыс жасағанын да білетін адам азайып кетті.

Қуаңшылықтан құтылуға қолдау керек

Ат ы р ауд а м е м л е ке т т і к ау ы л шаруашылығы бекеті жабылып қалғанына да 20 жылға жуықтапты. Ал, мұндай кәсіби орталық өңірде жұмыс жасамаған соң, қуаңшылықпен күрес жұмыстарының да ойдағыдай жүрмейтіні анық.

– Атырауда қуаңшылықпен күресетін ғылыми-зерттеу институты ашылса, көп мәселенің шешімі табылар еді. Біріншіден, теңіз үстіндегі судың буынан жаңбыр жауғызып, климатты өзгертуге мүмкіндік бар. Қуаңшылықпен күрестің бұл тәсілі бүкіләлемдік тәжірибеде оң нәтиже берді. Екіншіден, аридтік өсімдіктерді егіп, жем-шөп қорының тұрақты базасын жасауға толық мүмкіндік бар. Мұндай тәжірибе облыста бұған дейін көп жылдар бойы жасалып келді. Бірақ, неге екені белгісіз, оған ешкім назар аударған жоқ. Тіпті, әлі де бұған ден қойып отырған ешкім жоқ. Мұны жасауға Атырау ғалымдарының білімі де, біліктілігі де жеткілікті, тек қолдау болмай тұр, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Қазір жем-шөп мәселесі – облыстағы ең өзекті проблеманың бірі. Жеті ауданның жем-шөбі Қызылқоға, Құрманғазы аудандарынан, тіпті көршілес облыстардан жеткізіліп жатыр. Демек, өзен бойында отырған елдің мал азығын өзге аймақтан тасуы шынымен-ақ таңқаларлық жайт.

Тұқым сатып алсаңыз – төлемін аласыз

Биыл шаруагерлерді жердің қуаңдығы біраз әбігерге түсірді. Жер мен судың мәселесін ғалымдармен кеңесе отырып, аридтік өсімдіктер егу жөнінде түбегейлі шешімдер неге қабылдамасқа?! Жуырда Исатай ауданына іссапармен барып келген Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев та бұл мәселеден хабардар.

– Биыл, өздеріңізге белгілі, қыс айларында қар жауған жоқ, жаз айларында да жауын-шашын өте аз болып, құрғақшылық орын алды. Далада шабындық түгілі, жайылымның жағдайы қиынға соқты. Жем-шөп тапшылығын көре бастағаннан-ақ кейбір шаруашылықтар екпе шөп егуге бет бұрып жатыр. 2019 жылы субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, көлтабандарға су шығару шығындарын өтеуге төленетін субсидия тоқтап қалған еді. Басқарма тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл мәселе бірнеше рет қойылып, Парламент Сенатының облыстан сайланған депутаты Ғ.Дүйсембаевтың араласуымен, 2020 жылы субсидияны қайта төлеуге қол жеткіздік. Қазір облыстағы 23 шаруашылық бұл жеңілдікті пайдаланып, көлтабандарға шыққан шөпті мал азығына шауып алды, – деді Қайрат Есқабылұлы.

Сондай-ақ, соңғы үш жылда, яғни субсидиялау жүзеге аспай қалған уақытта дайындалған мал азығына кеткен шығындардың да бір бөлігі биыл төленетін болыпты. Шаруа қожалықтары басшыларына құлаққағыс – бір жылдық және көп жылдық екпе шөпті егуге де берілетін жеңілдіктер бар. Каналдан су пайдаланып, тіпті тұқым сатып алсаңыз да мемлекет субсидия төлейді.

Сонымен қатар, шөп шабатын техника сатып алғаны үшін шыққан шығынның бір бөлігі де инвестициялық субсидия арқылы қазынадан өтеледі екен. Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегеновтің айтуынша, биыл аудандағы 18 шаруа қожалығы жалпы аумағы 740 гектар болатын көлтабанға су шығарып, жем-шөп дайындаған. Оның 15-і субсидия алуға өтінім беріпті.

Деректерге сүйенсек, көлтабанға су шығарып, қыстың қамын жазда ойлаған шаруалардың дені – осы ауданнан. Бір қуантатыны, аудандық бөлім басшысы Н.Өтегеновке қашан хабарлассақ та, шаруа қамымен қарбалас жүреді.

P.S.

Жаздағы қуаңшылықтың қиындығы шаруа баққан жанға үлкен сабақ болғандай. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, атаның ақ таяғын ұстаған малшылар мұндай тығырықтан әуелі білім, сосын адал еңбектің арқасында жол тауып шығары хақ.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз