«Мен де бір маңып кеткен маралыңмын…»

Маралтай РАЙЫМБЕКїЛЫ 1 Жаңалықтар

Жақында Атырауға жұмыс сапарымен белгілі ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Маралтай Райымбекұлы келді. Ол – Қазақстан Жастар одағының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлықтарының  лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің төрт мәрте стипендиаты, Қазақстан Республикасы Президенті грантының иегері.

%d0%bc%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d1%80%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d1%97%d0%bb%d1%8b

Әдебиет әлеміне өткір өлеңдерімен  дүр сілкіндіре келген ақын бүгінде жыр кеңістігінде дарабоздардың  қатарында тұр.

Біз де ақынға шығармашылық табыс тілеп, бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.

Адасқақ

(Нұрлан Ноғаевқа)

Беу, Жайық, қарашығы жанарымның,

Мен де бір маңып кеткен маралыңмын.

Батысқа ішім күйіп қарай берем,

Шығыстан шыққан сайын ағарып күн.

 

Аһ ұрып аруағын арқа тұтып,

Басына тал – дарақтың шарһат іліп.

Ақ Жайық атамыздың белбеуі еді

Белінен түсіп қалған тарқатылып.

 

Беліңнен тарқатылып мен де кеткем,

Ешкім жоқ одан кейін еркелеткен.

Адасқан ақботадай анасынан,

Өзегін өмір бойы өртеп өткен.

 

Өзегін өртеген ер аз тумаған,

Ақ моншақ толқыныңда саз тулаған.

Жайығым – жаһандағы жалғызым-ай,

Қай жерім артық менің Қазтуғаннан?!

 

Еш жерім артық емес бұрынғыдан,

Білместер бұрынғымды зығыр қылған.

Ықаңның қыл қобызы не дегенін

Сүгірдің «Бозінгені» ұғындырған.

 

Жырым да, айбыным да сай тұлғама,

Менікі жан азабын айту ғана,

Орманға ұлымайды біздің жүрек,

Төменде жер, төбемде ай тұрғанда!

 

Жайығым, маған да сыр шертетіндей,

Баяғы бабам көрген ерке күндей.

… Мен саған түбі әйтеуір ораламын,

Аяғы әйбат біткен ертегідей.

 

***

 

«Қайырлы болсын сіздерге,

Менен қалған мынау – Еділ жұрт»

Қазтуған

 

Еділ жұрт

Ұлы даланың жат қолында қалған жерлері аз емес. Соның бірі – осы Еділ өзені. Біз білетін Еділ туралы екі ұлы шығарма бар. Соның бірін Қазтуған жырау тудырса, екінші шығарма Илья Жақановтың жүрегінен әуелеген «Еділ–Жайық» әні еді.

 

(Илья Жақановқа)

Еділ қалды артымда, еңіреу-еңіреу ел қалды,

Жусанына шық тұнып, меңіреу-меңіреу бел қалды.

Шүйгін еді Сүйініш қарт жайлаған қыратым,

Қайта айналып қона алмай,

Қаңғып та кеткен құстарым,

Айналып ұшпай төбемде,

Ғасыл да болды-ау, мұратың.

Еділ  қалып артымда, шемен көңіл шерменде,

«Ерің қоса туады жерін

Тәңір бергенде» – дедім-дағы аттандым  аһ ұрдым  да аулаққа,

Басқа түскен нәубеттен медет меңзеп аруаққа.

Еділ қалды артымда – күңіренген көк қалды,

Қайыры жоқ бек қалды.

Жаны ашымас жеріне, тексіз туған ездерге.

Намыс буған найзамның ұшында үшкіл кек қалды.

Әй, Еділ жұрт, Еділ жұрт!

Белге семсер  байланбай, бес қаруын сайланбай,

Дұшпанына душарсың, тыныш қалай жусарсың.

Бостандыққа сусарсың.

Ақыл айтар  дана жоқ, саумал сақтар саба жоқ.

Інгеніңнен іркіт жұт.

Мүйіздіңнен айран жұрт,

Әй, Еділ жұрт, қайран  жұрт!!!

Уа, Еділ жұрт, Еділ жұрт –

Асыл сүйек Бозтуған анам  аяқ басқан жер,

Ақ ала ордам нық тұрып ақ ірімшік шашқан жер.

Кетіп барам хош енді, хош бол, хош-хош үш өзен,

Қара нардай жалқың ем, қарға бойлы қалпыммен

Арылмастан бастан шер,

Қайта айналып көрмесем, уай, бақұл бол Аспан-Жер!

Уа, есіл ел, Еділ жұрт –

Сенде қалды  жолдасым кіндігімді кескенде.

Жасай  алмай қарсылық Алла ісіне еш пенде,

Өңімде үміт өшкенде, түсімде келіп кешкенде

Уа, Еділім еңіре!

Бір сыңарым келді деп…

Сен батырсың, мен батыр болдым екен несіне,

Басылмады қайтейін, түгел жұттым мен сені.

Өрт боп кеткен өшіме.

Уа, Еділім, еңіре!

Уа, Еділім, еңіре! –

Сенен қалған есіл жұрт болар деп кімге несібе!

 

***

Алатау

Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп,

Келеміз жүрекке мұң теңдеп алып.

Мен саған жыр оқиын, қасыма кел,

Қайтеміз түсінбейтін елге налып.

 

Алатау, сен де биік, мен де биік,

Қосылсақ – қосылғандай шерге күйік.

Сені Күн, мені күншіл менсінбейді,

Тұрған соң  табанымыз жерге тиіп.

 

Алатау, сен де көркем, мен де көркем,

Ботаңдай бауырыңа бас, еркелесем.

Қобыздай қоңырың ем,

Қолыңа алып,

Мен дайын, жан сырыңды

шертем десең.

 

Алатау, айналайын, барым –нарым,

Алладан соңғы сенсің – табынғаным.

Бұл қазақ сен болмасаң қайтер еді,

Өзіңсіз менің-дағы мәлім халім.

 

Ақын жоқ жер бетінде мен сияқты,

Тау да жоқ бұ ғаламда сен сияқты.

Жадырап тұрайықшы, беу, Алатау,

Қазасы, қайғысы жоқ ел сияқты.

 

***

Бақыт

Сорлап жүрсің билік айтар  тақ болмай,

Жүрмін мен де басыма бір бақ қонбай.

Жердің беті – шахматтың тақтасы,

Тоқтамайтын корольдері мат болмай.

 

Тағдырыммен әзілдестім тіресіп,

Тақ пен баққа қызыққам жоқ күресіп.

Бір кездері  сүйген едім бір қызды,

Сол қызбенен кетсе керек ілесіп.

 

Маған солай, бәлкім, сізге күлкілі,

Бақыт деген – балмұздақтың бір түрі.

Оны көрсем одан бұрын мұз болдым,

Жанарымды жалықтырып жылтылы.
Оу, оң көзім, қабақ шытпа сол көзге,

Сен де, ей, бақ, сәтсіз күні жол кезбе.

Танымас та ең, қонбас та ең бәрібір,

Бөтелкенің қасында едім ол кезде.

 

Ақындардан арылған жоқ сор әлі,

Мойынымда – бар әлемнің обалы.

Бақыт деген атақ, мансап болса егер,

Бақытсыз-ақ күн кешуге болады!

 

***

Жаңа  жыл  түні

Ақ жұлдыздар тойлап,

Ақ аспанда ойнап

Асығады жерге,

Жаралғандай ардан,

Ақ көбелек арман.

 

Қырдан қырға зулап,

Сәбилер жүр шулап,

Жарысып пәк желмен.

Пейілге нұр сеуіп,

Шаңғыларын теуіп.

 

Шаттыққа сән қосып,

Алақанын тосып,

Шыршалар тұр әне

Мейірім сыйлап миға,

Көктен қонған сыйға.

Сыймайтұғын сөзге,

Көрінбейтін көзге,

Тек Аллаға аян,

Ақ әлемде жарық

Бақыт бары анық.

 

…Жаңа жылдың күні,

Жаңа үміттің тіні.

Сол бір бақыт кірсін,

Бүгін әрбір үйге –

Жарылмаған күйде.

 

***

Жас  ғасыр, жаңа  замана

Абыздай суық ақылы,

Қобыздай ыстық нақылы,

Тұранға сөзін сүздірген,

Тарпаңға тисе тақымы,

Құранға қосқан хадистей,

Арқасы буса ақыны.

Жас ғасыр, мені танысаң,

Доспамбет болып табысам.

 

Ғаламның кілтін бұраған,

Жаратқан, сізден сұранам:

Қазақтың көшін құлаған

Өркениеттік жырадан

Шығатын алып дін-аман

Бір тұлға тудыр Алашқа

Ғасырда мынау алдағы

Абылай сынды талғамы!

 

Қабыл ет көптің тілегін,

Ақ, адал елдің ұлы едім.

Қазақтың жері – тірегім,

Ғарасат кешсе ғұн елім,

Ақ найза ілген білегім,

Жарасын жумай жүрегім.

Жас ғасыр, жаңа замана,

Абай боп енем санаңа.

 

Жарық күн, жанып баратқан,

Санамды теппе санаттан.

Күшігі тартып балақтан,

Бөрісі қиса тамақтан –

Патшаға атар талақ таң.

Басымды сүйе, Жаратқан!

Жас ғасыр, мені танысаң,

Махамбет болып танысам.

 

…Жастығым асау, сабыр ет,

Намыссыз болсам – нағылет!

Көк байрақ арман – арым ед,

Арманың өлсе – ақырет!

Озбасын төрге әбілет!

Азат боп кірдік, я, Алла,

Алшаңдап басып мақтана,

«Алаш» деп жазып қақпаңа.

Жас ғасыр, жаңа замана!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. атырау казағы

    Маралтай Ана өлеңін «маңып кеткен маралыңмын» деген өлеңін ит жылы жазған сиякты еді. Ол өлеңін Оралға барып оқып, шапан киіп кайтқан еді . Енді сол өлеңі нағыз иесін тауыпты ғой! Жыр деген ге жана жыр ма десем, Ай, МАралтай, кай жерде тарының исі шықса, сен тауыкка айнала каласын гой!