Мен білетін Мереке

Кулкенов Мереке Жаңалықтар

Мен Мереке Құлкеновтi ұзақ жылдан берi бiлемін. Әсiресе, онымен таныстығымыз, сiрә, менiң Маңғыстауда жүрген кезiмде болса керек. Ол журналистiк iссапармен келдi де, екеумiз екi-үш күн бойы мейiрiмiз қана әңгiмелесiп, сұхбаттасқан едiк. Екеумiздiң өмiрге, қоршаған ортаға, әдебиетке, қоғамға деген көзқарастарымыз, кiлең болмағанмен, көбiне-көп сәйкестенiп, үйлесiп кеткендей едi. Мiне, содан берi мейлi алыста, мейлi жақында жүрсек те бiр-бiрiмiзге деген ықылас-пейiлiмiз бiрде-бiр рет суып көрген емес…

Кулкенов Мереке

Мен Алматыға қызмет бабымен бiржола қоныс аударғаннан кейiн екеумiздiң қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да жиiлеп, бiр-бiрiмiзге деген құрметiмiз бұрынғыдан да тереңдей түстi. Талай-талай талқы мен тартыстарды тiзе қосып жүрiп бiрге өткiздiк. Оның өзi жеке бiр хикая.

Сырт көзге саяқ, бiртоға, жалбырап иiлiп-бүгiлудi бiлмейтiн, көбiне-көп қабағы түйiлiп, қасқайып бара жататын, жүрiс-тұрысы тәкаппарлау көрiнетiн бұл жiгiттiң бiлiсе келе, ұғыса келе кеңқолтық, кеңпейiл екенiне әбден-ақ көзiң жетедi. Бiрақ, тартысты, түйiндi бiр мәселелерге келгенде ешқандай жалтақтамастан, қабағынан қар жауғандай болып, көзiнiң қарашығы барынша кiшiрейiп төтесiнен бiр-ақ тартатыны бар. Айтқанының дұрыс екенiне әбден көзi жетiп тұрса, тiптi, содан өзi опық жейтiн болса да, алған бетiнен қайтпай кiрiседi. Қаққан қазықтай болып қасарысып тұрып алады. Мәселенi барынша iндетiп, өршеленiп, тұқыртып сөйлейдi…

Мен бiраз уақыттан берi өзiмнiң жете бiлетiн замандастарым туралы үлкен-кiшi демей өлең-портреттер жасап келемін. Соның бiрi Мерекеге де арналған. Бұл жерде сол өлеңдi келтiре кеткеннiң ешқандай сөкеттiгi жоқ деп бiлемін:

Қашан көрсем де

Сымға тартқандай

Тiк жүрiп,

Тiк тұрасың.

Соныңмен-ақ

Кiм-кiмге де

Өзiңнiң кiм екенiңдi

Ұқтырасың.

 

Қайсар мiнезiң-ай:

Айтпайсың,

Ал, айтсаң –

Қайтпайсың.

 

Өзiм дегенге

Кеудеңдi жыртып,

Жүрегiңдi жұлып

Беруге барсың.

Ал, бiрақ,

Көкiрегiн керiп,

Намысқа тигеннiң –

Қолында!–

Өлуге барсың.

 

Ондайда

Қып-қызыл өрт болып

Жанып тұрасың.

Жабыққан жандарға

Қол ұшын берiп,

Жанына сәуле түсiрiп

Шам болып

Жанып тұрасың.

 

Кескектi ой,

Ескектi сөзiңдi

Қашан да

Жақтап өтем.

Мереке, бiлiп қой,

Мына өмiрде

Сендей досымның

Бар екенiн

Мақтан етем!

 

Мереке, бiлемiн,

Тiрлiк пен үмiттен

Тұрады әр күнiң.

Кiм-кiмнiң де

Көзiне қадалып

Тiк қарайтын

Өзiңе

Қашан да тәнтiмiн!

Мен бiлетiн Мереке – осындай азамат.

Шығармашылықпен айналысатын талантты адамдардың өз әлемi, өз табиғаты бар. Ол талант қандай тақырыпты жазса да, сөз жоқ, оның сол табиғаты ақ қағазға мөр басқандай болып көрiнiп тұрары хақ. Әрине, ондай таланттың табиғаты қоршаған орта ықпалымен, iлiм-бiлiммен байып, толысып, өрiсi кеңи түсерi сөзсiз. Өйтпедi ме, онда оның талант табиғаты жұтаң тартып, жадап-жүдеп қалуы әбден мүмкiн.

Мереке шығармаларын да оқып отырып оның табиғатын бiрден танып, бiлесiң. Тiптi, басқа атрибуттарды былай қойғанда, жазушы стилi де сол Құдай берген табиғатына тамыр сап қалыптасса керек.

Мереке Құлкенов ерекшелiгiнiң бiрi адамның сыртқы қарекет-тiршiлiгiн суреттегеннен гөрi, оның iшкi болмыс-бiтiмiне үңiлгендi қалайды. Ал, адамның болмыс-бiтiмi көп жазушыға алдыра бермейтiн қатпар-қатпар қыртыстардан тұрады. Ол қыртыстардан жазылып жатқан шығармаңа, бiлгенiңнiң бәрiн бiрiнiң үстiне бiрiн үйiп баттастырмай, керегiн ғана алып шығу үшiн тек зеректiк қана емес, зергерлiк шеберлiк қажет.

Оның «Үрей» әңгiмесiн қарастырып көрейiкшi. Түн iшiнде подъезден құлақ тұндыратын ащы дауыс шығады. Сай-сүйегiңдi сырқырататын аянышты дауыс. Сәлден кейiн бiрiнен соң бiрi есiктерiн сарт-сұрт ашқан тұрғындардың үрейлi жүздерi көрiнедi. Олардың кейбiреулерi – оқыған-тоқығаны, көрген-бiлгендерi мол, кезiнде әжептәуiр жауапты қызметтер iстеген кiсiлер. Солардың iшiнде бүгiнде зейнеткерлiкке шыққан, зиялы санатындағы шал мен кемпiр де бар. Аңтарылып тұрған адамдарға алдымен тiл қатқандар да солар: «Осы жасқа келгенше бейбастақтықтың талайын кездестiрген едiк. Бiрақ, мысықтың баласын подъезге лақтырғанды алғашқы көруiм» дедi шал күйiнiп. Әрине, бұл сөзден оқырман шын аяушылықты сезiнгендей болары сөзсiз. Содан кейiн шалдың сөзiн жалғызiлiктi көршi келiншек iлiп әкетедi. «Сұрамаңыз, бүгiнгiнiң адамдарынан бәрiн күтуге болады! Мына сорлыны подъезге әкелiп тастау кiм көрiнгеннiң қолынан келе қоймас…» Келiншек сөзiнен де сол мысықтың баласына деген аяушылықтың нышанын көргендей боласың.

Үшiншi есiкте тұратын жас жұбайлар да қарап қалмады. Олар тiптi қатал болып шықты. «Осылай таң атқанша күзетте тұру ойларыңда болмаса бiр шара қолданайық. Мен қазiр бұл пәленi далаға зытырайын» деп мысықтың желкесiнен бүре түспек болғанда, жоғарыдағы келiншек «Жолама, жұқпалы ауруы болса қайтесiң?!»  деп оны тоқтатып тастайды.

Осылайша, әрi тарт, берi тарт сөздер бiразға дейiн созылады. Бiрi аяушылықпен сөйлесе, екiншiсi мысықтың баласын подъезге тастап кеткен адамның ит терiсiн басына қаптап, «…мысықты шыңғыртып подъезге тастап кеткен адам – нағыз зұлым»  деп бiр-ақ кеседi, ал, үшiншiсi «сүт әкелiп берсек қайтедi?» десе, төртiншiсi оған қарсы шығады. Бiр үйренiп алса, шықпай қоюы мүмкiн екен…

Не керек, кикiлжiң сөздерде, кiнәратты сөздер де толассыз айтылды. Бiрақ, бiрде-бiреуiнiң аузынан «қамқор болайық, пана тауып берейiк» деген сөз шықпады. Өкiнiштiсi сол, бiрде-бiреуiнiң жан дүниесiнде шын мәнiндегi аяушылық сезiмi жоқ болып шықты. Құр сөз, әлдекiмдi босқа кiнәлау… Кәдiмгi өзiмiз. Бiреудi даттағанда алдымызға жан салмаймыз. Ал, нақты iс пен әрекетке жоқпыз.

Жұрттың бәрi айтарларын айтып, ақырында абдырап тұрғанда, үнемi iшуден ауызы босамайтын екiншi қабаттағы көршiнiң есiгi айқара ашылып: «Немене, бүгiн барлығыңды түлен түрттi ме? Ұйқы бермей… қане, кiрiңдер үйлерiңе» деп зiркiлдеп, ақырында суықтан дiр-дiр етiп бүрiсiп жатқан мысықтың баласын қолындағы таяғының ұшымен iле көтерiп қақап тұрған сыртқа лақтырды…

Манадан берi аяушылығы аралас сөйлеп тұрғандардың, ең болмаса, бiрде-бiреуi араша түссейшi. Жоқ. Ләм демедi. Бойымыз бен ойымызды жайлап бара жатқан қатыгездiк-ай десеңiзшi!

Әңгiменi оқып болып адамдардың қайырымсыздығынан, имансыздығынан ендi өзiң шошисың, үрейленесiң! Үрейлi қоғам, үрейлi адамдар! Жазушының айтпағы да – осы.

Ендi жазушы «Жүрек» әңгiмесiнде қатыгездiктiң кейде не нәрсеге де бейғам қараудан, күмән мен күдiкке орынсыз мән беруден, бiлместiктен, мәселенiң байыбына бармай үстiрт ойлаудан тұратынын көрсетедi.

Бұл әңгiмеде республикаға белгiлi тележурналист Сәрсен деген азаматтың шарасыз халге түскендiгi баян етiледi. Сәрсеннiң негiзгi тақырыбы – бала тәрбиесi. Экраннан үнемi баланы қалай тәрбиелеу жөнiнде жүйелi де тартымды хабар жүргiзедi. Дәйектi де дәлелдi сөздерi қалың қауымды жаулап алғалы қашан. Хат соңынан хат келiп жатады. Бiреулерi оның хабарларына ықыласты ризашылығын бiлдiрсе, ендi бiреулерi ақыл-кеңес сұрайды. Соған оның көңiлi тоят табады, марқаяды. Бiрақ, бұл – өткiншi ғана марқаю. Өйткенi, ол бала тәрбиесiнiң ұңғыл-шұңғылын көрермендерге қаншалықты тәптiштеп айтып беретiн бiлгiр болса да, көзiнiң ағы мен қарасындай өзiнiң жалғыз баласына ие бола алмай қалыпты. Парадокс! Ол өзiнiң бала тәрбиесiнде қай жерде мүлт кеткенiн, қай жерде қателiк жiбергенiн қанша ойланса да, таба алмай басы дал болады.

Бүгiн, мiне, әйелi тағы да баласына шағынып телефон соғып отыр.

«…Тез жетпесең, мынау менi шаршатты» дейдi байғұс ана. Осындай сөздердi естiп ол да күйреп күйзеледi, iштей қабаржып қамығады. Жан жүрегi алай-дүлей болады. Бiрақ, жол таба алмай шарасыз күй кешедi. Не iстерiн бiлмей қиналады.

Әйелiнiң телефонынан кейiн ештеңеге зауқы соқпай, дел-сал күйiнде жиналып, үйiне қарай аяңдады. Ежелден таныс көше. Үйiне жақындай бергенде кеуде тұсы шаншығандай болып, көз алды бұлдырап, құлап бара жатты…

Жазушы ендi тротуар үстiнде, арық жағасында ұзынынан түсiп құлап жатқан кiсiге деген әрi-берi өткен адамдардың көзқарасын келтiредi.

Ымырт үйiрiле бастаған кез. Сол кезде, күнделiктi дағдылары болу керек, кексе тартқан екi әйел көшенi бойлап келе жатыр. Бала кездерiнен бiрге өскен әйелдер. Қаншама жылдардан берi сөздерi бiр сарқылып, таусылып көрген емес. Бастары қосылса болды, әңгiме тиегi ағытылып қоя бередi. Бүгiн де солай болды. Әңгiменi толассыз соғып келе жатқан әйелдiң бiрi кенеттен сөзiн кiлт үзiп, құрбысын бүйiрiнен түртiп: «ана теректiң түбiне көз салшы, әкесiнiң үйiнде жатқандай шалжиюын жарықтықтың…» десе, екiншiсi «е, қойшы соларды. Күнi бойғы тапқан-таянғандарын араққа жұмсайды да, бастарының қайда қалғандарын бiлмейдi. Сонымен, аяғы немен тынды әңгiменiң» деп әңгiме сорабын өз әңгiмелерiне қайтадан бұрып жiбердi. Тiптi, құрбысының «мынау ондайларға ұқсамайды» дегенiне де қараған жоқ. Екi әйел үзiлген әңгiмелерiнiң тiнiн қайта жалғап, өз жөндерiмен кете барды…

Ес-түссiз жатқан Сәрсендi маскүнемге балап, оған қайта бұрылып қараған да жоқ.

Көшемен кiм жүрмейдi? Ендi, мiне, оларға қарсы жас жұбайлар келе жатты. Олардың да көздерi арықтың қасында сұлап жатқан кiсiге түстi. Келiншек бiрден, әлгi кексе әйелдердей емес, көшеде жатқан адамға салғырт қарай алмайтынын бiлдiрiп, онысын күйеуiне айтты. Сонда күйеуi не дедi дейсiз ғой. «Жиiркенiштен қарағым келмейдi, адам өзiн соншалықты қорлауға бола ма?..» деп келiншегiнiң сөзiн кесiп тастады. Яғни, ол да Сәрсендi маскүнем деп ойлады. Ойлап қана қойған жоқ, жалпы маскүнемдер туралы ұзын-сонар пәлсапасын соғып, «қаталсың» деп тиiскен әйелiн бiраз жерге апарып тастады.

Бiржақты ойлау деген – осы. Мына өмiрдiң сан сырлы екенiн, оның қаншама себеп-салдар мен бұрылыс, қалтарыстардан тұратынын естен шығарып аламыз да, үстiрт ойлап, үстiрт шешiм жасаймыз. Өкiнiштi-ақ…

Әлгi жұптардан кейiнгi үшiншi кейiпкердiң әрекетi тiптi сорақы болып шықты. Ол дүкенге түсiп жатқан италияндық мақпал шалбарға жан ұшырып асығып бара жатып көлденеңiнен сұлап жатқан Сәрсеннiң үстiнен бiр-ақ аттап өттi. Құдайым-ау, қазақ баласы, тiптi, жатқан малды да аттамаушы едi ғой. Дүниеқоңыздық дегендi қойсайшы, адамды мақұлық қылып жiбередi екен ғой.

Ендi төртiншi кейiпкерге назар салайық. Ол – кiшкентай қызын серуендетiп келе жатқан ажарлы келiншек. Өзi кешкi самалмен еркiн тыныстап, қиялға берiлiп кеткен де, ал, қызы доптың қызығына түскен. Секектеген доп алысырақ кетiп, оны қуып жетем деп жүгiрген қыз кенеттен «мама» деп шошына айқайлап жiбередi. Жетiп келген шешесiне «мына жерде бiр аға жатыр» дейдi. «Онда қалай бардың?» деп жеки бастаған шешесiне: «телевизордан сөйлейтiн аға құлап жатыр» дейдi ғой. Шешесiнiң де көзi құлап жатқан адамға түседi. Ол Сәрсендi жақсы танитын… Көп ұзамай жедел жәрдем келіп ес-түссiз жатқан Сәрсендi алып кетедi…

Мiне, құлап жатқан кiсiге деген адамдардың көзқарасы. Олардың қабылдауы әртүрлi болып келгенмен, негiзiнен, бiржақты. Үстiрт. Қазiр адамдардың көбiсi үстiрт ойлайды, үстiрт шешiм шығарады, үстiрт өмiр сүредi. Бұл құлап жатқан адамға ғана қатысты емес, көп-көп мәселеге де қатысты. Үстiрттiк қазiр әлеуметтiк дерт, қоғамдық кеселге айналып бара жатыр. Ал, оның соңы қауiптi қатерге алып баратынын көбiмiз бiле бермеймiз-ау!..

Мереке Құлкеновтiң ерекшелiгi, бiр оқиғаны темiрқазық етiп алады да, сол оқиғаға деген әртүрлi адамдардың пiкiр-пиғылын бiлмек болып, олардың әрқайсысының iшкi дүниесiне үңiлiп, не ойлап, не қойып отырғанын қазбалап, қазып кетедi. Сол арқылы олардың кiсiлiк келбетiн, болмыс-бiтiмiн ашады, бiрақ, өзiнiң авторлық байламын жасамайды. Шешiмiн оқырманның өзiне қалдырады. Қалай бағалайсың, қалай қабылдайсың – өз еркiң.

Бiз сөз еткелi отырған «Қоштасу» әңгiмесi сол тәсiлмен жазылыпты. Әдебиетiмiзде сиректеу қолданылатын тәсiл. Айта кеткен жөн, Мереке осы тәсiлдi сәттi меңгерген.

Аты-жөнi көпке мәшһүр, атақты академик Жәкең (толық аты аталмайды) кенеттен дүние салды. Қарақұрым қалың жұрт жиналды. Сол қазаның басы-қасында Жәкеңнiң шын жанашыры, жан досы Сәкең де (оның да аты аталмайды) жүр. Кенеттен болған қазаға жаны күйзелiп, жападан жалғыз қалғандай құлазыған ол ғимараттан табытты шығарарда шеткерiрек барып тұрды. Сол кезде оған Төкен деген жiгiт жүгiрiп келіп елпiлдеп сәлем бердi. Сәкең оның сәлемiн сүлесоқ қабылдады. Оған iле-шала қасында көзiнiң жасын сүрткiлеген бейтаныс келiншек бар тағы бiр жiгiт сәлемдестi. Сәкең оған «Мұрат, амансың ба, айналайын» деп жылы шырай көрсеттi. Осы кiсiлер қабiрдiң басына бармақ болып, өзi шақырған соң, Сәкеңнiң машинасына отырды. Машина салонына жайғасқан олардың iшкi дүниесi әрқилы екенiн жазушы кезек-кезегiмен көрсетiп бередi. Әрине, сырлас та мұңдас жан досынан айырылған Сәкеңнiң жаны алай-дүлей. Жәкең екеуi өткiзген өмiр жолын көз алдынан өткiзiп, аса бiр қимастықпен қиналу үстiнде. Жәкеңнiң басынан өткен қиыншылықтарды да, алған асуларын да, ғылыми жаңалық ашпақ болып жанталасқан соңғы кезеңiн де еске алуда. Сол жолда ол не көрмедi? Бәрiн көрдi. Мiне, дәл артында Төкен отыр. Ол аса бiр құнды жаңалықты ашам деп, сыр берiп жүрген саулығына да қарамай жанын шүберекке түйiп, жар құлағы жастыққа тимей жүрген Жәкеңнiң үстiнен арыз жазған. Ендi, мiне, түк болмағандай монтиып отырысы мынау. Сәкең осы сияқты қат-қабат ойлар құшағында…

Ал, Төкен ше? Ол Сәкеңе жұрттан бұрын барып сәлемдесiп, ол кiсiнiң көңiлiн ауладым-ау деп, соған кәдуiлгiдей көңiлi тоғайып алған. Ендi бұл кiсi Жәкеңнiң үстiнен арыз жазғанын кек тұта қоймас деп, әлденеден дәмелене түседi. Жәкеңнiң қазасына оның белi түк те қайысып отырған жоқ. Қайта iштей қуанып отыр. «…Мынау бiр сәттi қаза болды ғой. Ендi ана креслоға жарбиып бiр отырып алса, арғы жағын көре жатар». Оның бар пиғылы – осы.

Ал, көзiнiң жасын қайта-қайта сүртiп отырған келiншек ше? Сырт көзге оның егiлiп жылап отырғаны Жәкеңнiң қазасына шын қайғырып отырғандай көрiнуi әбден мүмкiн. Шындығында, тiптi де олай емес. Көзiндегi жас бiр кезде өлердей ғашық болып, артынша алысқа кетiп, айырылып қалған Мұратпен осы өлiм үстiнде кездескенiне мәз болған қуаныш жасы екен. Тiптi, оның бұл қазаға қатысы жоқтың қасы. Жәкеңдi ғұмырында Мұраттың таныстыруымен бiр-ақ рет көрген. Оның қазiр есiл-дертi Мұратта.

Мұрат ше? Ол қандай күйде? Әрине, ол – Жәкеңнiң көп үмiт күткен шәкiртi. Оның Жәкеңдi ақырғы сапарға шығарып бара жатқаны жанына қатты батады. Бiрақ, оның осы ойын жанында отырған келiншек бұзып кете бередi. Қазiр ол екi ұдай сезiмде. Бiрi – Жәкеңнiң қазасы, екiншiсi – қасындағы келiншек. Әйтеуiр, бiр әрі ауып, бiр берi ауып қақпақыл күй кешуде.

Зырқыратып машина айдап келе жатқан шофердiң де ойы басқа жақта. Кеше ғана алыс қалада оқитын қалыңдығынан «күтiп ал» деген телеграмма алған едi, мiне, көрдiң бе, сол шаруасына мына қаза кесiр жасап тұр. Ол iштей кiжiнулi…

Автор бұл әңгiменiң де байлауын оқырманның өзiне қалдырады. Бейне бiр, сен де мұны ой елегiңнен өткiз де, кесiмiн өзiң айт дегендей…

Ал, бiз түйiндеп бiр-ақ сөзбен айтар болсақ, әңгiменi оқып шығып, осы бiз не болып барамыз деп, ерiксiз ойланып, жабырқайтынымыз хақ.

Әрине, бiр мақалада Мерекенiң барлық шығармаларына тоқталып пiкiр айту шарт емес. Ол шығармаларының қай-қайсысын оқысаңыз да, оның нағыз психолог жазушы екенiне көзiң жете түседi. Әр адамның психологиясы арқылы өзiн қоршаған ортаның, дәлiрек айтқанда, қоғамның дертi мен кеселiн ашады. Ал, бұл үлкен шеберлiктi қажет етсе керек.

Сондай-ақ, Мереке Құлкеновтiң азаматтық позициясын айтпай кету мүмкiн емес. Бұл ретте оның «Бiздiң қоғам» деп аталатын толғаулары алдымен ауызға iлiгедi. Ол осы толғаулар алдында жазған беташар сөзiнде былай дептi: «Соңғы жылдары заман өзгердi, заманмен бiрге адам өзгердi. Қазақстан деп ат қойып, айдар таққан елiмiздегi өмiр сүрiп, өсiп-өнiп жатқан сан алуан ұлттар мен ұлыстардың пиғылы, мiнез-құлқы, сезiм-түйсiгi, түсiнiк-танымы мүлдем басқа. Кейбiреулерi бiзге жат» дей келiп, «Ықылым заманнан келе жатқан бауырмалдық, адамгершiлiк сияқты қасиеттi ұғымдар санадан өше бастағандай. Есесiне қаталдық, тiптi, қатыгездiк, арамдық, ұятсыздық, көргенсiздiк жер бетiн жайлап кеткенде, көбiне әрi-сәрi құлазыған күйде жүресiң. Бұған қазақтан басқа жан баласына керегi жоқ рушылдық, жершiлдiк, ағайыншылық сияқты дерттi қосыңыз. Соның салдарынан пайда болып жан сарайымызды жайлап алған сауатсыздық, мәдениетiмiз бен тарихымыздан, салт-дәстүрiмiзден бейхабарлық, ана тiлiмiзден саналы түрде жерiну сияқты осы қоғамның iндетiн мойындамасқа амалымыз жоқ»  деп күйiнедi.

Одан әрi қарай автор толғауларын «Қарапайым халық», «Шенеунiктер», «Әкiм мен оның командасы», «Министр және басқа атқамiнерлер», «Депутаттар», «Шындық және өтiрiк», «Ақсақалдар», «Бюрократия» сияқты тағы да басқа тақырыптарға бөлiп әрқайсысын жеке-жеке қарастырады. Оларға деген өз көзқарасын, олардың ұстанымдары мен атқарып жатқан жұмыстарына көбiне-көп көңiлi тола бермейтiнiн ешқандай бүкпесiз, ашық түрде әңгiме етедi. Қоғам мен адам бойын дерт болып жайлап бара жатқан кесапат-кесiрлiктiң сорақы келбетiн ызалы да ызбарлы сөздермен көз алдыңа әкеледi. Рухани азып-тозуымыздың басты себебi ұлттық болмыс-бiтiмiмiзден қол үзiп, әлдеқандай жат, бөгде, ырду-дырдулы қойыртпақ әлемнiң iшiне дендеп кiрiп бара жатқанымыздан, тойым мен қойымды бiлмейтiн құлқынқұмарлықтан, имансыздықтан, арсыздықтан, т.б. деп бiледi.

Автордың кесек турап, кесiп сөйлегенiне тәнтi боласың.

Сөз соңында оқырман қауымды өз жолы бар ерек талантымен тәнтi еткен автордан ендi жаңа шығармалар күтiп жүргенiмiздi айтқымыз келедi.

Темiрхан МЕДЕТБЕК,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз