Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек – Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек.
Бұл туралы «Qazaqstan» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сұхбат барысында телеарна тілшісі Мемлекет басшысының алғашқы интервьюі орыс тілінде болғанын айта келе, мұның қазақ тілін кемсіту емес пе екендігін сұрады. «Бұл ешқандай кемсіту емес. Ешқандай менсінбеушілік те емес деп айтуға болады. Көптеген арна осыған дейін менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын. Кейін тек «Хабар» арнасына ғана сұхбат беремін деп шештім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты. Соларға тоқтау салу керек болды. Ол сұхбат ең алдымен әлем жұртшылығына Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпарат беру үшін жасалды. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатымды кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Қалай болса да, орыс тілі — Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен өзіміз оған құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.