Атырауда құрғақ құрылыс қоспалары қайта шығарыла бастады

KYRLIS3 Жаңалықтар

Аtr.kz/24 мамыр, 2019 жыл. Индер аудандағы Есбол, Бөдене ауылдарында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аудан орталығында «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауыты ашылды.

Осы заманның озық технологиясымен жарақталған өндіріс орны нарыққа сапалы өнім шығарады. Алдағы уақытта 82 адам жұмыспен қамтылмақ. Индерліктер асыға күткен жаңа нысандардың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев қатысты.

«Алтын сандық» аталған Индер ауданында қазба байлықтың алуан түрі бар. Оны алғашқыда кешенді игеру мақсатында «BIAS TECH» ЖШС жұмыс жасай бастаған. Өндіріс көлемі де ауқымды еді. Жобалық қуаты 125 мың тонна гипс шығаруды қамтамасыз ете алса, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жылына 150 мың тоннаны құраған. Дегенмен, 120 адам жұмыс істеген зауыттың тірлігі көпке ұзамады. Осыдан бес жыл бұрын қаржылық қиындықтарға байланысты өндіріс тоқтап қалды.

Өткен жылдың қыркүйегінде «АзияКредитБанкі» мен «Fincraft Resources» акционерлік қоғамы жалға алу арқылы сатып алу келісім-шартын жасаған болатын. Соған сәйкес, «Fincraft Resources» компаниясының еншілесі – «Ақтау Битум» серіктестігі жыл басында зауытты оңалтуды қолға алды. Ескі техникаларды қалыпқа келтіріп, жаңасын әкелді. Түркияның құрал-жабдығын орналастырды. Білікті мамандарды тартып, жұмысты жүйеге түсірді. Соның нәтижесінде енді зауыттың жылына 120 мың тонна өнім шығаратын мүмкіндігі бар. Еліміздің гипс тас пен құрғақ құрылыс қоспаларына деген сұранысының бір бөлігін қамти алады. – Өндіріс орнынан 30 шақырым жерде гипс өндіретін және ұсақтап сұрыптайтын кешен жұмыс жасайды.

KYRLIS

Бұл жерден 0-300 фракциялы гипс тасын алуға болады. Зауыт жеке темір жол тұйығымен қамтамасыз етілген. Осының бәрі сапалы өнімді тұтынушыға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының қаржы жөніндегі директоры Дамир Мусин. Бөдене ауылындағы мәдениет үйі 200 адамға арналған. Оның құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған еді. «РайымбекСтройСервис» ЖШС өкілдері жаңа нысанның барлық талапқа жауап беретінін айтады. Өйткені, нысан сапалы салынған. Жекешелендіру кезінде бұрынғы мәдениет үйі талантаражға түскен ауыл үшін бұл айта қаларлықтай жаңалық.

Есбол ауылының тұрғындары да ерекше қуанышқа кенелді. 300 орындық нысанның жалпы сметалық құны 805,2 млн. теңгені құрайды. Шынымен көмкерілген мәдениет үйі ауыл көркіне ерекше сән беруде. Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи болашақта халыққа қажетті нысандар мен жұмыс көзін қамтамасыз ететін орындардың көбейетінін мәлім етті.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз