Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Бүгінде мемлекеттік қызметшіге қойылар талап өзгерді. Соған сай, олардың еңбегін бағалауға қатысты жаңа әдістер қолданыла бастады. Нақтырақ айтсақ, бұл саланың  жаңалығы көп. Алдын ала газетімізде хабарланғандай, редакция ұйымдастырған «қауырт желіде» оқырман тарапынан түскен сауалдарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов жауап берді. 

????????????????????????????????????

 Телефон арқылы қойылған сауалдар

 – Әдеп жөніндегі кеңес кез келген мемлекеттік қызметшіні тексере ала ма?

– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті еліміздегі басқа да мемлекеттік органдары секілді өз жұмысын қабылданған заңнамалар аясында жүргізеді. Ал, Әдеп жөніндегі кеңес қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының мүшелеріне, облыстық маңызы бар қала, облыс аудандарының және қала әкімдеріне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың басшыларына немесе оның орынбасарларына қатысты тәртіптік істерді қарайды.

– Тәртіп бұзған мемлекеттік қызметшіге қандай шара қолданылады?

Департамент өз жұмысында мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылық жасап, жазалы болғанынан гөрі, сол құқық бұзушылыққа бармау, оның алдын алу мәселесіне басты назар аударып келеді. Дегенмен, мемлекеттік қызметші өз міндетін атқару барысында тәртіп бұзушылыққа барса, заңдылыққа сәйкес, қызметшілерге тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаның ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, лауазымын төмендету, атқаратын лауазымынан босату түрлері қолданылады.

– Біздің облыс бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын бұзғандар болды ма? Нақты деректер келтірсеңіз…

– Елбасы атап өткеніндей, абыройлы міндет – мемлекеттік қызмет саласында жүрген азаматтарға жүктелер үлкен жауапкершілік. Осы орайда, биылғы жылдың бес  айында мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын тәртіп бұзған мемлекеттік қызметшілердің ісі Әдеп кеңесінің отырысында қаралды. Атап айтсақ, кеңестің ұсынысы бойынша 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, ал, тәртіптік теріс қылыққа жол бергендер  – 3, қысқартылған іс – 5. Оның ішінде, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» – 3. Ал, Әдеп кодексі талаптарын бұзғандар болған жоқ.

– Жоғары оқу орнын жаңадан бітірген жас маманды алаңдататын бір мәселе бар. Ол – еңбек өтілінің жоқтығы. Мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылданар сәтте оларға қандай талап қойылады?

– Жалпы, еліміздегі барлық мәселелер, оның ішінде мемлекеттік қызмет пен еңбек тәртібі құқықтық нормалармен белгіленген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы  13  желтоқсандағы №85 бұйрығымен бекітілген «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес  мемлекеттік органның штат кестесінде осы лауазым төменгі болған жағдайда, онда жұмыс тәжірибесі талап етілмейді.

– Мемлекеттік қызметшілер әдебі қандай болуы қажет?

– Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру. Және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің саясатын ұстанып, оны дәйекті түрде жүзеге асыруға тиіс.

– Мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі қалай жүзеге асырылады?

– Мемлекеттік қызметке үміткерлер үш сатылы іріктеу жүйесінен өтеді. Қызметтік саты ең төменгі лауазымнан басталады. Ал, одан әрі жоғарылау үшін төменгі лауазымда жұмыс өтілі болуы керек. Ерекше айта кетерлігі, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық жоғарылауы тек қана конкурс арқылы жүргізіледі.

– Мемлекеттік қызметке алғаш рет келгендер қандай кезеңдерден өтуі қажет?

–  Жалпы мемлекеттік қызметке қадам басқандар үш кезеңдік іріктеуден өтеді. Біріншісі – тестілеу, екінші кезең – жеке қасиеттерін бағалау, үшінші кезең – әңгімелесу. Аталған кезеңдерден сүрінбей өткендерге тәлімгерлер бекітіліп, 3 айдан 6 айға дейін сынақ мерзімінен өтеді.

– Мемлекеттік органдарға смартфонмен кіруге тыйым салынғаны белгілі. Алдағы уақытта бұл талап өзгере ме?

– Қоғамнан да, мемлекеттік қызметшілерден де осы мәселеге қатысты ұсыныстар талқыға түсуде. Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Сондықтан,  бұл ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, смартфонға қатысты тыйымның алынып тасталуы  мүмкін.

 Әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдар

 – «Азаматтық бақылау» жобасы дегенді естідім. Сол туралы толық мағлұмат берсеңіз.

– Аталмыш жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңының және мемлекеттік қызмет саласында, мемлекеттік қызмет көрсету және қызметкерлердің Әдеп кодексі талаптарының сақталуына байланысты сұрақтарға консультациялық көмек көрсету, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық әрекетіне тап болған барлық азаматтарға тегін заңды кеңес, бағыт-бағдар беру. «Азаматтық бақылау» қоғамдық қабылдауы күнделікті сағат 10.00-17.00 аралығында жұмыс істейді.

Әр азамат заңға байланысты барлық сұрақтарға тегін кеңес ала алады. Сонымен қатар, сұрақтар, арыз-шағымдар телефон желісі немесе электрондық пошта арқылы да қабылданады. Жоба аясында айына бір рет әр мемлекеттік қызмет орындарының бірінші басшылары қабылдау өткізеді. «Азаматтық бақылау» тегін кеңес беру қоғамдық қабылдау жобасы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Төртінші билік» қоғамдық бірлестігімен жүзеге асырылуда. Жоғарыда айтылған мәселелер толғандырса, жұртшылықты Атырау қаласындағы «Өнерпаз» сауда үйі, 3-қабат, 318 «А» кабинетінде күтеміз.

– Қала көшелерінде танымал тұлғалардың «Парақорлыққа жол жоқ» деген тақырыптағы бейнелері бар билбордтарды көрдім. Осындай насихат жұмыстары нәтиже береді деп ойлайсыз ба?

– Мұндай ауқымды шаралар заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында облыс және аудан орталықтарында жүзеге асырылуда. Көшеде ілініп тұрған осындай тақырыптағы билбордтар кез келген адамға ой салады деген ойдамыз. Сондықтан да, мұндай бастамалар әлі де жалғаса беретіні сөзсіз. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салу болса, ал, 1424 Call-орталығы толғандырған сауалыңызға жауап береді.

– Қазіргі уақытта інім жоғары оқу орнының 4-курс студенті. Болашақта мемлекеттік қызметке орналасқысы келеді. Ол үшін не істеу керек?

– Тестілеуден өту үшін электрондық үкімет  порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алдын ала жазылуы қажет. Үміткердің өзіне ыңғайлы уақытын, өту күнін және қаланы белгілеу мүмкіндігі бар.

– Мемлекеттік қызметке орналасар алдында үміткерлер тест тапсыруға міндетті. Оларға қандай сұрақтар қойылады?

– Әкімшілік бос лауазымдарға тестілеуді тапсыру үшін үш бағдарлама қарастырылған. Тест сұрақтары заң шеңберінде бағдарламаға сәйкес компьютермен тапсыру арқылы өткізіледі. Ал, құқық қорғау органдарына төрт тестілеу бағдарламасы бойынша өткізіледі. Үміткерлер ҚР Конституциясы, ҚР Мемлекеттік қызмет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарды білуі қажет. Сондай-ақ, Әкімшілік рәсімдер, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң бойынша сұрақтар қойылады. Сынақтан сүрінбей өткен азаматтарға сертификат беріледі.

– Әдеп жөніндегі отырыста көптеген тұлғалардың жауапқа тартылғанынан хабардармыз. Былтыр қанша лауазымды тұлғаның тәртібі қаралды?

– Өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында 20 тәртіптік іс қаралды. Оның ішінде, әдеп бойынша – 10, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін – 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 5 тәртіптік іс қысқартылды.

– Жақында мемлекеттік қызметке орналасу үшін тест тапсырдым. Сынақтан өте алмадым. Екінші рет қашан тапсыра аламын?

– Мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестілеуден өтпей қалған жағдайда бір ай мерзім өткеннен кейін қайта тапсыруға болады. Тест тапсыруға шектеу қойылмайды. Ал, тестілеудің әділетті өтетініне жүз пайыз сенімдімін. Сондықтан алдағы уақытта мұқият дайындалып келгеніңіз жөн болады. Айта кетейін, әр аптаның бейсенбісінде ақылы түрде байқау сынағына қатысып, біліміңізді тексеруге мүмкіндігіңіз бар.

– Мемлекеттік мекемелердегі мамандардың кейбірі қазақ тілін білмейді. Қазақша сұрасам, орысша жауап алған кездер болды…

– Біздің облыста ондай жағдай сирек кездеседі. Себебі, мемлекеттік мекемелердегі мамандардың басым көпшілігі қазақ тілін меңгерген. Сондықтан, мамандардың екі тілде сөйлеп, сапалы қызмет көрсете алатынына сенімдімін.

– Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі туралы білгім келеді.

– Биыл Ұлт жоспарының 5 және 6-қадамдарын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, Астана және Маңғыстау облыстарының әкімдіктерінде пилоттық режимде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы берудің жаңа жүйесі енгізілді. Ол ай сайынғы жалақыны есептеуге және бонустық төлемдерге қатыс-ты өзгерістерді қамтиды. Жаңа жүйедегі сыйақы мәселесіне келетін болсақ, біріншіден, «сыйақыны» енді «бонус» деп айтамыз. Екіншіден, олар жылдың соңында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс қорытындысына байланысты төленеді. Жаңа жүйе мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа ынталандыратын әділ бағалау деп ойлаймын.

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» деп атап өтілген болатын. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсету жұмысының барысы қалай?

– Бұл тұрғыдан облыс бойынша атқарушы органдар мемлекеттік қызмет көрсетуді өз деңгейінде жүзеге асырып келеді. Мәселен, 700-ден астам мемлекеттік қызметтің 80 пайызын электронды форматқа көшіру жоспарда бар. Сонымен қатар, Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында аудан тұрғындарын мемлекеттік қызметтерді электронды форматта және мемлекеттік көрсетілетін қызметті «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы алуға, ақпараттық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстар нәтижесін беруде. Ауылдық округтерде компьютерлер қойылып, мемлекеттік қызметтерді барынша оңтайландыру, қолжетімділікті дамыту, сапасын арттыру және «Электронды үкімет» порталы «Egov» арқылы көрсетілетін қызметтер туралы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары күн тәртібінен түспейді.

– Мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттыру аясында қандай жұмыстар атқарылды?

– Мемлекеттік қызмет саласындағы ең маңызды мәселе – мамандардың біліктілігіне сай болуы. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілерді оқыту, біліктілігін арттыру мәселесіне баса назар аударып келеміз. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылығымен бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Жақында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Анар Есенгельдина мемлекеттік қызметшілермен арнайы кездесу өткізген еді.

Кездесу барысында Анар Сатыбалдықызы академияның магистратура және докторантура бағдарламасына қабылдау ережелерін, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер үшін оқу артықшылықтарын түсіндірді.  Менің ойымша, мемлекеттік қызметші ретінде кәсіби тұрғыдан дамып, халыққа тиімді қызмет еткісі келетін әр маман мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланады.

Жазып алған:  Майра  ОРАЗҒАЛИЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button