Мемлекеттік қызмет қалай қалыптасты?

Мемлекет саясатының  жүзеге асырылуының басты  құралы–мемлекеттік қызмет. Кеңес Одағы ыдырап, құрамындағы республикалар өз алдына отау тіккен сол бір сындарлы кезеңде Қазақ елі де мемлекеттік басқарудың жүйесін түбегейлі өзгертіп, оның жаңа моделін қалыптастыруды, реформалауды ойластырды.

Алғашқы реформа

Осы арқылы мемлекеттік қызмет институтын жетілдіру мен реформалау жұмыстары біртіндеп  қолға алына бастады. Тиімді мемлекеттік басқару аппараты құрылмайынша, дамыған демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мүмкін емес. Ал, мемлекеттік басқару аппаратының негізі – білікті кадрлар мен мамандар.

Қазақ еліндегі мемлекеттік қызметтің қалыптасуы мен даму процесі алғашқы  Конституция қабылданған уақыт, яғни,  1993 жылдан басталды. Ал, негізгі кезең 1995 жылдан 2007 жылға дейін жалғасын тапты.

Бұл кезеңнің өзін екіге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы, 1995-1998 жылдар аралығындағы жаңа Конституциямен қатар қабылданған бірінші базалық құқықтық акті. Яғни, Президенттің «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды күшке ие Жарлығы. Осы Жарлықтың қабылдануы – Қазақстандағы мемлекеттік қызмет институтының алғаш рет қалыптасып, жұмыс істеуіне  түрткі болды.

Құжатта мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары, оның ішінде жалпы қоғамдық қолжетімділік, азаматтардың құқықтары мен мүдделері белгіленген болатын. Алайда, жағымды нормалардың болғанына қарамастан, Жарлық декларативті сипатта жасақталып, мемлекеттік қызметтің қол жетімді болуына мүмкіндік бермеді.

Күнделікті тәжірибе көрсеткендей, ол кездегі мемлекеттік  қызметте кадр құрамының тұрақсыздығы, білікті мемлекеттік қызметшілердің көп бөлігінің  жеке экономикалық секторға ауысуы, құзырлы орган жұмысының  жабық күйде жүзеге асырылуы, жалақының аздығы, сыбайлас жемқорлық пен пара алудың көбеюі секілді кемшіліктер орын алды.

Десе де, өтпелі кезеңдегі бұл құжат – мемлекеттік қызметтегі кадрлар ядросын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 1998 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өз жұмысын бастады. Оған мемлекеттік қызметті басқару саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыру тапсырылды.

Қағазбастылықтан  арылдық

Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалаудың екінші кезеңі ретінде 1999 – 2007 жылдар аталады. Бұл кезеңде «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңы қабылданды. Оны дайындау барысында, көршілес Ресей, алыс-жақын орналасқан өзге де шет мемлекеттердің тәжірибесі тиянақты зерделеніп, ұлттық ерекшеліктермен ұштастырылды.

Ал, 2003 жылғы заңдағы өзгерістерді ескерсек, мемлекеттік  қызметтегі  қазақстандық позиционды-мансаптық модель пайда болып, соның нәтижесінде жабық конкурс алынып тасталды. Мемлекеттік қызметке қабылдану барысындағы қағазбастылық жойылды. Лауазымдық өсуге жағдай жасалды. Кадрлық резервті жасақтаудың негізі кеңейтілді.

Осылайша бүгінгідей сапалы мемлекеттік қызмет жүйесіне, реформаларға уақыт тезінен өткеннен соң ғана қол жетіп, бұл сала 25 жыл ішінде Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды.   

      Ренат СӘЛІМҒАЛИ,

            ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз