
Мемлекеттік қызметтегі мықты команда анықталды
23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында облыста сала мамандары арасында дәстүрлі спартакиада өтті. «Тәні саудың – жаны сау» дегендей, бұл жолы қызметкерлер тек кәсіби алаңда ғана емес, спорт алаңында да өзара бақ сынасты.

Денсаулықты нығайтып, ұжым ішіндегі ынтымақты арттыруды мақсат еткен іс-шараға 300-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты. Қатысушылар тоғыз спорт түрінен – волейбол, шаxмат, үстел теннисі, арқан тарту, гір көтеру сынды жарыстарда өз шеберліктерін көрсетті. Қазақ «Еңбек түбі – береке» десе, бұл сайыс барысында әр аудан мен басқарманың командалары ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Екі күнге созылған бәсекенің қорытындысы бойынша Құрманғазы ауданының командасы жалпы командалық есепте I орынды жеңіп алды. II орын – облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне, III орын Қызылқоға ауданының командасына бұйырды.
Спартакиаданың жабылу салтанатында Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов жеңімпаздарды құттықтап, Алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.

Енді әр спорт түрінен топ жарған қызметшілер арасынан үздіктер іріктеліп, олар Атырау облысының атынан Өскеменде өтетін республикалық спартакиадада бақ сынайды.
Спорттық шарада қатысушылар жарыс тек жеңіс үшін емес, ұйымшылдық пен сергектікті арттыруға ықпал ететініне сенімді. Солардың бірі – Венера Нұртілеуова Махамбет ауданының командасында шаршы тақтадағы жарысқа қатысқан.
– Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін сала. Ал шахмат – сол тәртіп пен ой дәлдігін дамытатын интеллектуалдық ойын. Бұл тек жарыс емес, әріптестермен пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге де үлкен мүмкіндік. Осындай шаралар бізге тың серпін, жаңа шабыт береді, — деген Бақсай ауылдық округінің бас маманы өз әсерімен бөлісті.
Айта кетерлігі, бұл жарыс тек жеңіс үшін емес, ұйымшылдық пен сергектікті арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Бұл жолы әр команда өз саласының білгірі ғана емес, денсаулықтың жанашыры екенін де дәлелдеді.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуі – облыстағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, адами қарым-қатынасы мен ұжымдық рухының берік екенін аңғартады. Бұл – ел игілігіне қызмет ететін жандардың жан-жақты дамыған тұлға екенін танытатын жарқын көрініс.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ