
Мемлекеттік қызметшінің жеке бренді
Мемлекеттік қызмет – қоғамның жауапты саласы. Ал мемлекеттік қызметші – «халықтың қызметшісі». Оның әдебі – қоғам айнасы. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті болмақ.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді.
Қазір мемлекет пен қоғам арасынағы өзара сенімге негізделген мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үрдісі мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сәйкес жүзеге асыруға қажет негізгі құндылықтар мен қағидаттарды қайта қарауды өзектендірді.
Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мұндағы басымдық – мемлекеттегі қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу. Бұл жерден мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар, ұстанымдары өзгерек болуы керек. Яғни, бекітілген нормативтік-құқықтық актілерге ғана негізделмей, кез-келген жұмысты agile (икемді) әдісі арқылы, креативті ойлау арқылы кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру болмақ.
Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру, яғни жеке брендін жасау. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметшіге түбегейлі өзгеріс қажет. Бұл ниет қалаулары мен ұстанымдардың өзгеруіне әкеледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуінде: «Елдегі өзгерістер, кіші ме, үлкен бе… ең бастысы кіші қадамдардан, яғни кіші өзгерістен басталады. Әрбір қызметкер, ол әкім ба, иә маман ба атқарып жатқан қызметіне қарамастан жаңару процесіне өзіндік үлесін қосу қажет. Бұл, Сіздің жетістікке жетудегі жеке тарихыңыз болып қалады. Ал ол жеке жетістіктеріңіз Еліміздің жаңа бағытқа өзгеруіне жол ашады», деп үн қосқан болатын. Яғни, бұл әр адамның өзгермелі әлемде өзгеріске төтеп беретін, өзгерісті қалайтын тұлға қалыптастыру қажеттігінен туындады десек болады.
Жалпы мемлекеттік басқару жүйесі операциялық және жобалық қызмет болып екіге бөлінеді. Барлық дамыған елдер жобалық басқару жүйесінде. Қазақстан да әлемдегі өзгерістерден қалыс қалмай, қазіргі операциялық қызметтен жобалық қызметке өту барысында. Осы ретте, міндетті түрде мемлекеттік аппаратқа жаңа заманауи бағытқа өзгеріп, жеке бренд жасау маңызды болмақ деп есептеймін. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіруге қатысты әлемдік тәжірибені зерделегенде баршаға ортақ, әмбебап, үздік тәжірибе немесе бір үлгілік стандарт жоқ. Халықаралық тәжірибеден аңғарғаным – мемлекеттік қызметтің біртұтас және тиімді жүйесін құру әр елдің тарихи, мәдени, ұлттық және басқа да құндылықтарын ескере отырып жүргізілетіні. Сондықтан, отандық мемлекеттік қызметшілердің жеке брендін жасау өзге елдердің тәжірибесіне арқа сүйеп қана қоймай, қазақ ұлтының ұлттық кодтарына негізделуі шарт.
Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тікелей байланысты. Жеке бренд жасауда Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» ұстанымын жіті ұстаған жөн деп пайымдаймын. Себебі, жеке бренд жасауда тек қана білімнің салмағы аздық етеді, онымен қоса мінез-құлық, адамгершілік пен ар-ождан биік тұруы керек.
Қорыта келгенде, әр мемлекеттік қызметшінің брендін қалыптастырудағы алғышарттары, алдымен, әділдік. Орта ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағұн мемлекеттік басқаруда қажет ететін төрт қағиданы негіздеген. Соның ең бастысын әділетті қойған. Одан кейін дәулет, ақыл-парасат және қанағат. Әділдікті күнге теңеген. Оның мәні аспан жарығы барлығына бірдей, ешкімді алаламай нұрын төгетіні сияқты әділдік те барлығына ортақ игілік деп есептеген. Одан кейін ашықтық . Бюрократияға жол бермеу, кемшіліктер мен олқылықтар орын алған кезде шынайы болу. Қазіргі дамыған қоғамда ашықтық – билік пен халықты жақындастырудың басты инструменті. Одан күтетін нәтиже – қоғам тарапынан сенімге ие болу. Ал, адалдық, Абайдың тілімен айтқанда «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын», яғни сөзіне тұра алмайтын, уәделерін орындамай түкке тұрғысыз тұлға қалыптастырмау. Адал адам – арлы адам болу. Төртінші, жауапкершілік. Әр қызметші әр ісіне жауапкершілікпен қарап, іс-әрекеті үшін жауапты болуды жоғары мәдениет ретінде қарауы қажет. Содан кейін креативтілік. Қызметтегі әдісін жаңа, икемді әдістермен алмастыру. Тапқырлықпен мәселені шешу.
Мемлекеттік қызметші жоғарыда айтылғандарды ескеріп, саналы өзгеріске бет бұрса, оның тұлғалық болмысының да уақыт талабына сай жаңа сипатта жаңғырары анық. Сол себепті, мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы болмысы мен тұлғасына қатысты саналы жаңғыруға бағытталған стандарт немесе әдістемені жетілдіру қажет (бұл құжат мемлекеттік қызметшінің жеке бренд жасауына түрткі болады). Жеке бренд жасау бағытында әр түрлі байқаулардың ұйымдастырылуы, БАҚ арқылы танымалдығын арттырудың маңызы зор (мемлекеттік қызметшілердің бренд жасауға мотивация, қолдау болады. Сонымен қатар, жетістікке жеткен, айрықша көзге түсіп, қоғамда өзіндік қасиетімен ерекшеленген мемлекеттік қызметшіні конкурссыз жоғары лауазымға тағайындау (мемлекеттік қызметшіні ілгерілету) керек деген де ұсынысым бар.
Айгүл ҚУАНЫШ,
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің ЕМРА-24 магистранты