Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін дамытуға арналған құжат әзірленіп жатыр

a634e7960e04b1633c103382004fe526 Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін жетілдіруге арналған ұстанымдар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік міндеттерді қоғамның талап-тілектеріне сай жүзеге асыру үшін негізгі құндылықтар мен басымдық берілетін қағидаттарды қайта қарау – өзекті. Мемлекеттік қызметтегі адам ресурсын ілгерілету мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдірумен де тығыз байланысты», – деді Дархан Жазықбаев елордада өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» форумында.

Осы орайда ол агенттік мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайлы, сондай-ақ сананы жаңғыртуға бағытталған құжат даярлап, оны таныстыруды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге қатысты қағидаттар мен ұстанымдар жүйеленіп жатыр.

Оның пайымынша, бұл құжат мемлекеттік қызметшілерде әдістемелік құрал ретінде болуы тиіс. Онда қоғамға үлгі көрсету, ұлттық мүддені ойлап, мемлекетшіл болу, әділдіктің баршаға ортақ игілік болуы, пікір алуандылығын қолдау, антқа адалдық сынды негізгі қағидаттар белгіленуі жоспарланған.

«Бұл құжатты біз алдағы уақытта қоғаммен талқылауға салатын боламыз. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру жүйелі түрде өзгеруді, қайта құруды қажет етеді. Адамдардың ой-санасын жаңғырту адам ресурстарының сапасына әсер етеді. Ұсынылатын құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруін ынталандыруға бағытталған және олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде жүргізуге арналған. Ең бастысы – ел алдындағы жауапкершілікті сезіну», – Дархан Жазықбаев.

фото: gov.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз