Мемлекеттік қызмет: Тәлімгер не үшін қажет?

e1516623507403 Жаңалықтар

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Жоғары кәсіптік мемлекеттік қызмет пен басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру ісі көп жағдайда мемлекеттік қызметшінің кәсіби шеберлігімен байланысты.

Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет орналасқан, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілерге сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімі кезеңіне тағайындалған күннен бастап бес жұмыс күннен кешіктірілмей мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлер бекітіледі.

Тәлімгер – қызметшіге таңдаған мамандығын игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді. Қызметшіге жұмысын тиімді жүзеге асырудың, сондай-ақ қойылған міндеттерді өздігімен шешудің оң үлгісі болып табылады. Оны ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тартады, салауатты өмір салтын жүргізуге үгіттейді, жалпы мәдени және кәсіби зерденің дамуына көмектеседі, патриотизмге тәрбиелейді.

Сонымен қатар, қажеттілік болған жағдайларда қызметші жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысына оған тәрбиелік және тәртіптік әсер ету шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізе алады.

Сынақ мерзімін сапалы және тәлімгерлікті тиімді жүргізу мақсатында тәлімгер сынақ мерзімі кезеңіне мемлекеттік қызметшінің бейімделу жоспарын әзірлейді. Осылайша қызметшінің бейімделу жоспарын орындауына күнделікті бақылауды жүзеге асырады және тәлімгерлік бойынша жұмыс жағдайы үшін жауапты болады. Яғни, тәлімгерге үлкен жауапкершілік артылады.

Сондықтан мемлекеттік қызметке алғаш кірген қызметшіге тәлімгер ретінде кез келген қызметші бекітіле бермейді. Тәлімгерлікке мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан кем емес, жоғары кәсіби қасиеттерге ие, соңғы жыл бойы қызметін бағалауда «тиімді»-ден кем емес нәтижелері, тәрбие жұмысына бейімділігі және ұжымда беделі бар, сондай-ақ соңғы жыл бойы тәртіптік жазасы жоқ мемлекеттік қызметшілерден бекітіледі.

Тәлімгерлік мерзімі аяқталғаннан кейін қызметші бейімделу жоспарының орындалуы туралы есеп дайындайды, ал тәлімгер қызметшіге лауазымдық міндеттерінің орындалу нәтижелері бойынша пікір жасақтайды. Дайындалған есепті және пікірді басшыға ұсынады.

Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) қызметшінің есебі мен тәлімгердің пікірін тәлімгерлік аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тәлімгерлер кеңесіне ұсынады.

Тәлімгерлер кеңесі ақпаратты қарау қорытындылары бойынша уәкілетті тұлғаға қызметшінің сынақ мерзімін өтуі, не өтпеуі туралы ұсыныс енгізеді.

Тәлімгерге қойылатын басты міндет жас мемлекеттік қызметшінің бойында адамгершілік, жауапкершілік, бастамашылық, тәртіптілік, кәсіби шеберлік сияқты қасиеттерді қалыптастыру.

Бүгінгі күні, облыс бойынша мемлекеттік органдарда 392 мемлекеттік қызметші тәлімгерлер резервінде тұр. Бұл резерв кәсіби шебер, ұжымда беделі бар, үйрету, тәрбиелеу жұмысына бейімді мемлекеттік қызметшілерден құрылған.

Жас маман мемлекеттік қызметке орналасқан уақытта өзінің шешімін таппаған күрделі мәселесімен немесе жұмыстағы қиындықтарымен жеке қалмайды. Оның мемлекеттік қызметке тағайындалған күнінен бастап сынақ мерзімінен толық өткен күнге дейін қасында әрдайым кәсіптіліктің кепілі болып табылатын тәлімгері болады.

Атырау облысы бойынша 2019 жылдың I жартыжылдығында  мемлекеттік қызметке 106 мемлекеттік қызметші қабылданды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандар саны 71 бірлік, ал мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін қайта кіргендер саны 35 бірлікті құрайды. Барлығы күні бүгінге дейін 71 мемлекеттік қызметші тәлімгер болып бекітілді.

Ал, 2018 жылдың I жартыжылдығында  мемлекеттік қызметке 95 мемлекеттік қызметші қабылданды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандар саны 65 бірлік, ал мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін қайта кіргендер саны 30 бірлікті құрады. Жылдық қорытынды бойынша 65 мемлекеттік қызметші тәлімгер болып бекітілді.

Жас мамандарға тәлімгерлерді бекіту үрдісі, жас маманның кәсіби жетістігі жақсы әлеуметтік қарымқатынас пен ұжым арасындағы нәтижелі қатынастың сай болуы кезінде аяқталды деп санауға болады. Егер жас маманның бейімделуі ойдағыдай өтсе, бұл мемлекеттік органның кадр процессіндегі тұрақтылықтың жетістігі.

Шолпан ҚАЙНЕНОВА,
ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң

Атырау облысы бойынша департаментi
Мемлекеттiк қызмет басқармасының басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз