ҚАЛАМЫЗҒА ЖАҢА ОН АВТОБУС ӘКЕЛІНДІ

Облыс орталығындағы жолаушы тасымалын қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым саналатын «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің (бас директоры Мақсот Сүйінов) автобус паркі таяу күндері 10 су жаңа көлікпен толықты.
Бұл жөнінен бізді хабардар қылған Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің транспорт, энергетика және жолаушылар көлігі секторының басшысы Қуаныш Ибрагимовтың айтуынша, Қытай елінің «Голден Дракон» компаниясынан шығарылған заманауи автобустардың адам отыратын орны 25 болғанымен, сыйымдылығы мен жолаушыларға жайлылығы, жолда жүргендегі қозғалыс қауіпсіздігі жөнінен ерекшеліктері мен артықшылықтары бар көрінеді. Оның үстіне есіктерінің ашылғандағы кеңдігі мен мініп-түсетін табалдырығының төмендігі де жолаушыларға жайлы тиюде.

Айрықша назар аударарлық жайттың бірі сол, сары түсті бұл автобустардың маршруты да бұрынғыдай қағазға жазылып, жапсырылмайды. Электронды түрде, күндіз де, кешкілік қараңғылық мезгілінде де жан-жағынан жарқырап жанып, алыстан көрініп, көзге шалынып тұрады.
Және бір білгеніміз, көліктердің бәрі де қазірде «Балықшы-Авангард» аралығына қатынайтын №12 маршрутқа бөлінген. Ал, осыған дейін аталған бағытты қамтып келген көліктер басқа маршруттарға ығыстырылады.
Жалпы алғанда, биылғы жылдың соңына дейін қаланың автобус паркін жалпы саны 80 жаңа әрі сенімді жолаушы көлігімен толықтыру көзделген.

Дәулетқали АРУЕВ.
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз