«Мемлекеттік қызмет мектебінің» кабинеті ашылды
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Мемлекеттік қызмет мектебі» – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті филиалы аудиториясы салтанатты жағдайда ашылды. Аталған шараға университеттің «экономика және мемлекеттік басқару» мамандығының студенттері, профессор-оқытушылары қатысты.
Университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов өз сөзінде: «Оқу орнынан экономика және мемлекеттік басқару саласы бойынша білікті мамандардың көптеп шығуы – біз үшін үлкен мақтаныш» десе, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетов мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды тұлғалардың білім ошағы аудиторияларында студенттермен жүздесуі, оларға дәріс оқуы екі жаққа да тиімді болады, деді. Сонымен бірге, кеңес төрағасы түрлі семинар-тренингтер мен «дөңгелек үстелдер» өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Шарада Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Бақтыбек Таубаев, «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Райхан Өтәлиева, «Қылмыстық- құқықтық» пәндер кафедрасының аға оқытушысы Қаділбек Тұрдалиев сөз алып, жылы лебіздерін білдірсе, «экономика және мемлекеттік басқару» мамандығының студенті Ләззат Қалмырза арнайы ашылған жаңа кабинет үшін студенттер атынан алғыс айтты.
Лиза ШАЙХАШҚЫЗЫ