Халық және балық немесе теңіз жағасындағы түйткілді мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Halyik zhane balyik21 Жаңалықтар

Халык жане балык4

Заң бәрімізге ортақ

Аға ұрпақ өкілдері, орта буынның бірқатары сонау жылдары Жайықта балық сыймай, бір-бірімен соқтығысып жататынын жақсы біледі. Асасың ба, қуырасың ба – әйтеуір дастарханның сәнін келтіретін. Тіпті, сорақысы сол – бекіренің уылдырығын алып, өзін жағаға лақтырып тастайтын. Молшылықты бағалай білмеудің белгісі ғой. Қазақ «қай нәрсені қадірлемесең, түбі соған зар боласың» дейді. Міне, енді басқасын айтпағанда, қарапайым қара балыққа қол жеткізу мұң болды. Кеше қалалықтар ауылдағы ағайынға тегін таратып жіберетін кішкене шабақтың әр түйірінің өзі базарда бәлен теңге тұрады. Ендеше, мұндай күйкі күйге қалай жеттік? Өзеннің өзегін сығып, байлығын талан-таражға салып жүргендер кімдер?

Заңсыз балық аулаушыларды браконьерлер деп атаймыз. Ал, олар қайдан шықты? Аспаннан салбырап түсті ме, әлде басқа жақтан ауып келді ме? Әрине, жоқ. Бәрі де – өзіміздің жергілікті адамдар. Әйтсе де, бірі жанын саудалап, күн көріп жүрсе, екіншісі солардың тасасында толағай табысқа кенелгендер. Осы орайда әлеуметтік ахуалды да назардан тыс шығармаған жөн.

«Іштен шыққан жау жаман» демекші, браконьерлер мен олардың жолын кесуге тиіс құқық қорғау органдарының адамдары ауыз жаласып кетсе, іс ілгері басушы ма еді? Осы орайда бұдан он шақты жыл бұрын редакция тапсырмасымен Исатай ауданына шұғыл аттанғанымыз еске түседі. Сонда білгеніміз – осындағы жергілікті жастардың балық инспекторларымен шекісіп қалғандығы. Оның соңы үлкен ұрысқа ұласып, екі жақ бір-біріне жұдырық ала жүгірген. Оқиғамен танысу барысында ақсақалдармен әңгімелескенбіз. Солардың бірі «Мұны көп дабыра ететін түгі жоқ, бұрын өздері өзара келісіп жүрген жандар ғой, бұл жолы балықты бөлісе алмай қалған шығар» деді жайбарақат. Ащы шындық. Расында да, бұған дейін қыруар қаржы жұмсалып, бәлен жыл бойы жүргізілген пәрменді шаралардың нақты нәтижесі ретінде өңірде браконьерліктің тамырына әлдеқашан-ақ мүлдем балта шабылар еді. Ендеше, қолға алған қарекеттер неге қайтарымсыз? Сөйтсек, әлгі қадірменді қарт айтқандай, күштік құрылымдар қызметкерлері кейбірі заңсыз кәсіп иелерімен жең ұшынан жалғасады екен ғой. Аймақ басшысы Исатай ауданында жұртшылықпен жүздескенінде жергілікті тұрғындардың браконьерлерді қорғаштайтын лауазымды тұлғалар бар екенін жайып салуы да сондықтан.

Расында да, науқан кезінде де, өзге уақытта да ұйымдастырылған рейдтік шаралар айтарлықтай нәтиже бермейді. Әншейінде айдын төсінде толып жүретін қайықтар жым-жылыс жоқ болады. Қолға түскен бірер адамнан аз-кем балық тәркіленеді. Кейін соны ауыз толтырып айтып, есеп беріп жатамыз. Демек, балық қорын қорғауға тиіс құзырлы орындар өкілдерінің бірқатары браконьерлермен байланыс орнатқан. Болғалы тұрған шараны соларға алдын-ала хабарлап қояды.

Мұны шекарашылар да жоққа шығармайды. Әскердің осы түріне айдын төсін қорғаумен қатар су маржандарын сақтау міндеті де жүктелген. Олардың командирлерінің айтуынша, тікұшақтарды өзге күштік құрылымдардан жасырын пайдалану керек. Өйткені, бұлар ара-тұра көкке көтеріліп, айдын бетін сүзгенімен, сол сәтте браконьерлер кездеспейтін көрінеді. Қайықтар жайы-мен жағада тұрады, балық аулап жатқан жан жоқ. Браконьерлерді шетінен бұғалықтауға бекініп шыққан шекарашылар жанар майын текке шығындап кері қайтады. Демек, заңсыз кәсіп иелері құлақтанып қойылған. Егер бағалы байлығымызды сақтау міндеті жүктелген құзырлы орындар өкілдері өзара сенбестік танытса, онда нендей нақты нәтиже күтуге болады? Сонау жылдары науқан кезінде автожолдардағы тексеру бекеттеріне прокуратура мен полиция (ол кезде милиция делінетін) қызметкерлерін, балық инспекторларын, әскерилерді қатар қоятын. Бұл әдіс заңдылықты күшейту шарасы секілді көрінгенімен, сайып келгенде, олар бір-бірін бағып тұратын. Осы тәсіл тиімді ме, кім білген?

Өткен жылы Атыраудан асып, Астраханда қолға түскен төрт тонна балық жең ұшынан жалғасу салдары емес пе? Жүк машинасына жасырылған заңсыз тауарды таба алмайтындай жергілікті полицейлерге не көрінді? Оның үстіне, жасыратыны жоқ, ұрлығымен әшкереленіп жатқан балық қорғау инспекторлары да баршылық. Ал, биылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық «Ұлан» қызметкерлері мінген «Газель» автокөлігінен жалпы салмағы 182 кг 47 бекіре табылуы – тіпті сорақы оқиға. Қазір осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, әскери полиция тергеп жатыр. Демек, алдымен құқық қорғау саласында үлкен ұйымдастыру шарасы қажет-ақ.

Халык жане балык21

Шығынды ақтамайтын айыппұл заңсыз балық аулаушылардың айылын жимауына соқтырып отыр. Оларды тобымен ұстап, кінәсін мойнына қойғанымен, көбіне 300 мың теңге төлеп, шығып кетеді екен. Ал, тікұшақтың әуеге бір мәрте көтерілгеніне бұдан екі есе көп ақша жұмсалатын көрінеді. Шекарашылар шыққан шығынның өзін ақтамайтынын айтып шырылдайды. Өйткені, заң жұмсақ. Бекіренің аса бағалы балық екендігіне, оны аулауға мораторий жарияланғанына қарамастан, оған тор құрушылар көбіне жазамен жеңіл құтылады.

Жанбайлық жігіттер бір тоннадан аса бекіре балығымен қолға түскенімен, жазасы екі жыл шартты мерзіммен шектелді. Рас, өмір бойы балық аулауға тыйым салыныпты. Соңғысы адамның күлкісін келтіреді. Осындай да жаза болады екен? Браконьерлер онсыз да заңсыз кәсіппен шұғылданады емес пе? Енді соларға заңды түрде рұқсат етілмей ме? Оның үстіне, салынған 252 млн. теңге айыппұл қашан өтеледі? Жалпы келтірілген шығынның орны түбі тола ма? Әлде тағы да заңның жұмсақ жеріне тап келіп, соңы сиырқұйымшақтанып кете ме?

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары да айыппұлдың тым аз екендігін айтады. Өйткені, браконьерлердің тауып жатқан табысы оны төлей салуға артығымен жететін көрінеді. Содан соң олар тізгінін тартар ма?

Қазіргі заңдылықтардың тағы бір осалдығы – браконьерлердің өздерінен тәркіленген құралдарын ешқандай қиындықсыз қайта алатындығы. Тек ұсталған сәтте қолданыста болмаса жеткілікті. Демек, заңсыз кәсіппен шұғылданушыларға жүрдек қайықтары кейін қайтарылады. Оларды қуып жетуге инспекция қорындағы шағын құралдар қауқарсыз. Осы орайда, құзырлы орындар мамандары браконьерлерден тәркіленген жабдықтардың сот шешімімен өздеріне берілуін қалайды. Мұндай ұсынысты прокуратура да қолдайды. Ендеше, қолданыстағы заңдылықтарға өзгеріс керек.

Қылмыспен күрес баршаның ісі екендігін жиі айтамыз. Одан, әрине, қоғам тыс қалмайды. Әйтсе де, әркім өз міндетін адал атқарғаны абзал. Республикалық деңгейдегі маңызды мәжілісте Астанадан келген бір лауазым иесі «Егер осы жиналысқа қатысқандар соңыра үйлеріне барып уылдырықты уыстап жеп отырса, онда браконьерлікпен күрес те өрістемейді» деген-ді. Кейбіреулер оған күле қараған. Қарапайым халықтың бұл жеңсік асты ауыз толтырып асамақ түгілі, көзімен көрмегеніне де біраз жыл болды. Ал, шындығында, дастарханның бір шетінде тұрса, одан бас тартатындар табылмас.

Дегенмен, түйіндеп айтқанда, күштік құрылымдар жұмысын жүйелемесе, жоспарланған шараның бәрі текке төгілген термен тең. Олар бір-біріне күдік білдіріп, сенімсіздік танытса, мұны заңсыз кәсіп иелері өз мүддесіне пайдаланады. Сонымен қатар, браконьерлермен байланысы бар адамдарды анықтап, оларға қатаң жаза қолданған жөн. Халыққа керегі – науқан кезінде кімнің қанша балықпен немесе уылдырықпен ұсталғаны емес, осы қылмыстың тамырына түбегейлі балта шабылуы. «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» демекші, бес-алты балығымен немесе бір-екі келі уылдырығымен қолға түскендер – бер жағында жүргендер. Шындығында, бекірені тонналап заңсыз айналымға салатындар – көзге көрінбейтін құдіреттілері. Соңғы уақытта бұл бағытта ірі іс қаралды ма? Бірнеше жыл арқалап, темір торға тоғытылғандар бар ма?

P.S. Әйтсе де, бұл тақырыпқа нүкте қоюға әлі ерте. Балық шаруашылығы төңірегінде былық туғызып отырған түйткілдің бірі – браконьерлік. Сол әбден жойылмаса, бар байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Бекірені қолдан өсіріп әуреленіп жүргенде Жайықтағы байлығымыз жемқорлардың жемсауында жұтылады. Әлде осы саланы орталықтандырып, бір жерден басқару істің ілгері жылжуына оң септігін тигізер ме?

Сіз не дейсіз?

Нұрлан НОҒАЕВ, Атырау облысының әкімі:

Құқық қорғау органдары басшылығының және әкімшілік өкілдерінің тарапынан жебеушілік көрсету деректері бар. Көптеген хаттар аламын, оларда ашық немесе аноним түрде осы жай айтылады. Тағы да ескертемін, әрбір адам жеке жауапкершілік арқалайды. Браконьерлерге ешқандай жебеушілік болмауы тиіс.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз