Мемлекеттік қызмет – жауапты міндет
Еліміздің жан-жақты дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін басты жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге жүктелетіні белгілі. Осы орайда соңғы үш жыл бойы Елбасының Жарлығымен 23 маусым – мемлекеттік қызметшілердің күні ретінде аталып өтіп келеді. Бейсенбі күні Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтады. — Елге, мемлекетке қызмет ету қай қоғамда да абыройлы іс болып саналады. Бүгінгі таңда Атырау облысында 3546 мемлекеттік қызметші бар. Олардың ішіндегі он бір «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісіне ие азаматтар да ортамызда жүр.
Күнделікті өмірде білімдеріңіздің, біліктіліктеріңіздің арқасында халыққа адал қызмет атқарып келесіздер. Тұрғындардың мұң-мұқтажын шешу, әл-ауқатын көтеру жолындағы ерен еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Ерекше ризашылығымды алдыңғы буын аға-апаларымызға да білдіргім келеді. Кезінде олар да бар білген-түйгенін, өмірлік тәжірибелерін кейінгі ұрпаққа үйретіп, тәрбиеледі. Бұл – «ұрпақтар сабақтастығы» деген ұғымның орындалысының нақты көрінісі. Алда да солай жалғасатыны сөзсіз. Өйткені, қазіргі жаһандану үрдісінде, бәсекелестік белең алған заманда әр азаматтың, әр мемлекеттік қызметшінің білігінің жоғары болуы — басты шарт. Елбасымыз қазақстандықтардың білімін, біліктілігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, мемлекеттік қызметшілерді даярлауға да ерекше назар аударып келеді. Қазақстанның дамуын қамтамасыз ететін бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамның» І бағыты — бұл кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Жаңа мемлекеттік қызметшінің этикалық нормалары, бәсекелестікке қабілетті азаматтардың әділ өсуін қамтамасыз ету, аппарат қызметіне еңбекақы төлеу мәселелері оңтайлы шешіледі, — деп аймақ басшысы бір топ сала мамандарын марапаттады. Атап айтсақ, салаға сіңірген еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әлібек Ермекқалиға министрліктің Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар, Ольга Новоковская, Қайрат Ысмағұлов, Гүлнар Керешева, Сымбат Наурызбаева, Жақсылық Жанұзақов және тағы басқа мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сахна төріне көтерілген ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Мұхит Ізбанов сала бойынша биыл атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, алдағы жоспарларымен де бөлісті. — Биылдан бастап облыстағы барлық мемлекеттік қызметші медициналық мекемелерде тіркелді. Енді сала мамандары кезек күтіп тұрмайды. Уақыттарын үнемдеп, жұмыс орнынан тез табылуы үшін мемлекеттік қызметшілерге осындай жағдай жасалды. Болашақта кәсіподақ құрып, сол арқылы мемлекеттік қызметшілерге демалыс орындарына жолдама қарастыру жоспарлануда, — деді Мұхит Кәрімұлы. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.