Мемлекет қаржысы – қатаң бақылауда
Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жыл басынан бері 9 айда 24 аудиторлық іс-шара жүргізіп, нәтижесінде жалпы сомасы 4 588,6 млн. теңгенің бұзушылықтарын анықтады. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 820,9 млн. теңге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар – 3767,7 млн. теңге. Ал, 13 аудиторлық іс-шара электронды аудит қорытындысында жалпы сомасы 75,8 млн. теңгенің рәсімдік сипаттағы заң бұзушылықтары белгілі болды.
Иә, қазына қаражатының заңсыз жұмсалуы мемлекет пен қоғам үшін үлкен зиян келтіретіні белгілі. Бюджеттік қаражаттың дұрыс әрі тиімді пайдаланылуы мемлекет дамуының негізгі көрсеткіші болып табылады. Қаржыны заңсыз немесе тиімсіз игеру қоғамдағы сенімнің төмендеуіне, экономикалық тұрақсыздыққа, әлеуметтік бағдарламалардың дұрыс жүзеге аспауына әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қаржыны бақылау және оның дұрыс игерілуін қамтамасыз ету мақсатында ішкі мемлекеттік аудит органдары, қаржы бақылау қызметтері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар үнемі жетілдіріліп, қатаң қадағалануы тиіс. Бұл қадамдар бюджеттік қаражатты дұрыс басқаруға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Есепті кезеңде камералдық бақылау арқылы 14271 мемлекеттік сатып алу қамтылып, 3994-і бойынша 38 930,4 млн. теңгенің бұзушылығы анықталған. 3994 хабарлама толықтай орындалған. Ал, 536 лауазымды тұлға жалпы сомасы 40,5 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бюджетке 26,2 млн. теңге өндірілген.
Департамент тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы аудит объектілеріне нұсқамалар жолданып, қорытындысында 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бері тоғыз ай ішінде департаментке 1893 өтініш түсіп, уақытылы тиісті жауаптары берілді.
Сондай-ақ, ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіру мақсатында әдіснамалық және консультациялық көмек көрсету, жүргізілген қаржылық бақылау бойынша есептерге талдау жүргізу, олардың тоқсан сайынғы есебін комитетке ұсыну, мемлекеттік органдардың басшыларына ішкі аудит қызметтері басшыларының, ішкі аудит қызметі жүргізілген аудиторлық материалдарды ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары атқарылды.
Есепті кезеңде ішкі аудит қызметі 5 аудиторлық іс шара жүргізіп, 3 аудит материалына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес келетіндігітуралы сапа бақылауының қорытындылары ұсынылды.
Мәулен МҮТИЕВ,
Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы