Бәсекеге қабілеттілік журналиске де қажет

87cf49d3 7870 4d8e a9ff 23de33ce9d50 870x400 1 Жаңалықтар

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары арасында кейбір газеттер мен телеарналар мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың негізінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс стилі өзгереді.

Оны басшылық та, журналистер де қабылдай білуі шарт. Сонымен қатар әр қызметкер заман талабына сай бейімделуді бүгіннен бастағаны жөн-ақ. Бұл туралы Атырауға арнайы келген белгілі журналист Асқар Ақтілеу «Ақпарат тазалығы», «Журналист этикасы» тақырыбында өңірдегі БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен семинарда атап айтты. Жасыратыны жоқ, қазір ақпарат көзінің көптігі сонша, салада бәсекелестік те күшейген. Бүгінгі оқырманға оқылымды, тартымды дүние ұсыну үшін заманауи әртүрлі тетіктерді орынды қолдана білу керек.

– Байқасақ, қазір «ҚазАқпарат» агенттігінің өзі бұрынғы әдіс-тәсілдерді жаңартып, заманауи стильдерді қолданып жүр. Сондықтан мамандар медиа сауаттылыққа назар аударуы қажет. Көршілес елдердің өзі осыған баса ден қойып жатыр. Біз ақпарат өндіруші ретінде тұтынушыға, яғни оқырмандарға тартымды, оқылымды өнім ұсына білуіміз керек. Компьютерлік, аудиовизуал, ақпараттық, жаңалық, мультимедиалық сауаттылық қазіргі күннің басты талабына айналып кетті. Газет журналистерінде көсілген ұзақ материал жазса, өзін жақсы журналиспін деп ойлайтын түсінік қалыптасқан. Шындығында қазір мұндай түсініктен мүлдем арылып, оқырманның ізінен ғана жүру шартқа айналды. Қаласақ та, қаламасақ та бүгінгінің талабы осындай, – дейді А.Ақтілеу.

Спикер жоба аудиториясы мен ортаны зерттеудің маңызына да тоқталды. Өнімді аудиторияға сай ұсына білген жөн. Журналиске жүктелер тағы бір міндет –ақпарат жазарда «төңкерілген пирамида» принципін қолдану керек. Бұл әдісте материал әуелі оқырман назарын аударатын басты жаңалықтан бастау алуы тиіс. Ал қайда, қашан өткенін қажет болса ғана соңынан айтқан дұрыс. Газетке жарияланған дүниені желідегі контентке ұсыну да қазіргі трендтегі әдіс-тәсілдерді қолдануды аса қажет етеді. Қазақстан Журналистер одағының Атырау филиалы ұйымдастырған басқосуда өңір журналистері көкейдегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз