Жарнама
Жаңалықтар

Мемлекет ақшасына мұқияттылық керек

Биылғы 15 мамырға дейінгі мәліметпен, аудиторлық қызмет нәтижесінде аймақта 1 млрд. 371 млн. теңгенің рәсімдік сипаттағы бұзушылығы анықталған. Сонымен қатар, 151 млн. теңгенің қаржылық бұзушылығы орын алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Еркебұлан Марайымовтың журналистермен жүздесуінде мәлім болды.

2-1

Жалпы, лауазым иесінің айтуынша, халықтың қазынасы болып табылатын қаржы саласына мемлекеттік бақылау керек. Бірақ, мекемелерді жиі тексеру арқылы олардың ішкі қызметіне араласу да жөн емес. Сондықтан, соңғы кезде бақылауды анағұрлым азайту қолға алынған. Мәселен, 2015 жылы осындай 279 шара жүзеге асырылса, былтыр 150-ге дейін қысқарған. Биыл небәрі 54 бақылау жоспарланған.

Әйтсе де, бұл мемлекеттік мекемелердің бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсауына жол ашпайды. Қазіргі жариялылық жағдайында департамент мамандары кабинеттен шықпай-ақ, барлық құрылымдардың қызметін қадағалай алады. Егер кемшіліктер анықталып жатса, соған сәйкес шарасы да алынады. Мәселен, биылғы өткен мерзімнің қорытындысымен екі лауазымды тұлғаға 816,8 мың теңге айыппұл салынды. Жалпы, сомасы 41 млн. теңгелік үш аудит материалы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаментіне жолданды. Тағы да 159 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Аудиттік бақылау барысында Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйі, облыстық наркологиялық диспансер, Балқұдық орта мектебі тәрізді мекемелерде орын алған олқылықтар анықталды. Мұндағы кемшілік аз ба, көп пе – мәселе онда емес. Ең бастысы, қолданыстағы заңдылықтар сақталмаған. Соның салдарынан кейбір мердігерлердің конкурстық өтінімдері негізсіз жеңімпаз болыпты.

Мысалы, әлі бітпеген жұмысқа қаржы аударылады. Бүгінде алдын ала төлем талабы жоқ. Тендерге түскен үміткер өзінің әлеуетін бағалай білуі шарт. Сондықтан, жеңімпаз болып танылған мердігер нақты атқарған жұмысының ғана ақысын алады. Бұл талап, мәселен, оқушылардың ыстық  тамағын ұйымдастырушыларға тән.

Сараптама нәтижесі көрсетіп отырғанындай, кемшілік көбіне білім беру саласында кездеседі. Жалпы, тендерді дұрыс ұйымдастыру – сауатты заңгерге байланысты. Ал, мектепте оны қайдан табасың?

Меңдібай Сүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button