Жарнама
ЖаңалықтарБілім

Мектеп психологтарының жұмысы қалай бағаланып жүр?

Қазіргідей технологияның дамыған және жаһандану заманында ұрпақты қауіп-қатерден қорғауда балаларға жан-жақты психологиялық қолдау көрсетілуі тиіс. 

Бүгінгі педагог-психолог маманның алдында қазіргі әлемдегі балалар суициді, отбасылық қолайсыздықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік желілердің теріс әсері, ойынқұмарлық, интернетке тәуелділік, кибербуллинг, басқа да көптеген күрделі проблемалар тұр. Бұл туралы Атырауда өткен педагог-психологтардың республикалық форумында айтылды.

Жасөспірімдермен тиімді қарым-қатынас құру және олардың салауатты дамуы үшін қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған шараға Астана қаласынан келген белгілі психологтар мен жергілікті ұстаздар қатысты. Олардың қатарында EdLight академиясы психология бөлімінің басшысы Жанат Жұбекешева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының психология, тұлғаны тәрбиелеу және дамыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Анар Тәңірбергенова, «Отбасы Академиясының» негізін қалаушы, кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев және басқалары болды.

–  Қазіргідей әлеуметтік желі дамыған уақытта педагог-психологтардың біліктілігін арттырудың маңызы зор. Бұл бүгінгі уақыттың сұранысы. Сондықтан олардың жұмысын жүйелеп, ілгерілету кезек күттірмейтін іс. Осы семинар да мамандардың біліктілігін толықтыра түсуіне себеп болары сөзсіз, — деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков.

Мыңдаған бала оқып жатқан білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметті дамыта түсу аса қажет. Ал, психологиялық қызмет беталды жүргізілмейді, оны жүзеге асырудың нормативтік-құқықтық құрылымы мен құқықтық принциптері бар. Екі күнге созылған семинар барысында педагог-психолог мамандар орталықтан келген спикерлердің сабағына қатысып, салаға қатысты біраз ақпараттарға қанықты.

Семинар барысында психологтың әдістемелік нұсқауы, жұмыстағы кәсіби шаршап-шалдығудың алдын алу, аутодеструктивті мінез-құлықты түзету және осы контексте проекциялық әдістерді қолдану, суицидтің алдын алу, адам психикасының механизмдері психиканың құрылымы мен мінез-құлықтың қалыптасуына әсері туралы жан-жақты айтылды. Қазіргідей ақпараттық технология дамыған, мобильді уақытта балаға қауіптің қайдан дерің жоқ. Дегенмен семинар қатысушысы Анар Тәңірбергенова мұның да  шешімі барын атап көрсетті. «Біз бірге әр баланың дамуы үшін қолайлы жағдай жасап, білім беруді қолжетімді етіп қана қоймай, оны құнды ете аламыз», — деді ол.

2016 жылы психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін бекіту ісі өңірлердің құзырына берілгенде әр облыс өзінің жеке психологиялық қызметінің жұмыс ережесін жасап, өңірлік ерекшелікке сай әртараптандырылып кетті. Соның салдарынан педагог-психологтар өз проблемаларымен жеке қалды. Ал 2021 жылы бұл міндет министрлікке беріліп, 2022 жылы қабылданған арнайы бұйрыққа сәйкес республикадағы барлық орта білім беру мекемелерінің психологиялық қызметі бір ізге түсті. Соның негізінде құрамында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог бар арнайы қызмет құрылып, қажетті жағдайда олардың қатарына сынып жетекшісі, дәрігер секілді қосымша мамандар қосуға да рұқсат берілді.

Мәлике МӘЛІК

Сурет: freepik.com

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button