Самбошы Асқар Еспосынов әлем чемпионы атанды! 

FB IMG 1539442023104 Жаңалықтар

Алдағы дүйсенбіде Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында самбо күресінен  жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мәреге жетеді. 

FB_IMG_1539442023104
Жұмада жалауы желбіреген әлемдік  доданың алғашқы күнінде  атыраулық екі  самбошы кездесулерін  жүлделі орынмен аяқтады. Әсіресе, 48 кило салмақта белдескен Асқар Еспосынов қарсыластарының бәрінен ұтып, әлем чемпионы атанды.
Ол бұған дейін  үш рет осындай әлемдік додада бақ сынады.  Былтыр Сербияда өткен әлем  чемпионатының  финалында  ресейлік қарсыласына есе жіберіп, күміс медаль иеленген еді. Енді міне, бұл жолы ресейлік спортшыдан айласын асырудың сәті түсті.

IMG-20181013-WA0029
– Әлем чемпионы атану  оңай емес. Бұл жеңіске жету үшін үздіксіз еңбектендім. Бұрын үш рет бақ сынап, тәжірибе  жинадым.  Бұл жолы бағым жанды. Жеңіске жететініме сенімді болдым. Ресей спортшысын негізгі уақыттың бітуіне санаулы секунд қалғанда ұттым, – дейді Асқар Еспосынов.

Сондай-ақ, 56 килода сынға түскен  Гүлзада Алмаз  қола жүлдені иеленді. Ол қола жүлде  үшін болған тартыста француздық самбошыдан ұпай санымен ұтылып жатыр еді. Алайда, ел намысын қолдан бермеген қазақ қызы қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Гүлзада қарсыласының аяғын ауырту әдісімен жеңіске жетті.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз