
Мейірім мен сұлулық үстемдік құрған күн
Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың салтанат құрған күні атыраулық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Әйелдер күні халықаралық мерекесіне арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов арнайы қатысып, нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтады.

-Қазір әйелдер қауымы сан салада еңбек етіп жүр. Олар Отанымыздың көркеюіне қомақты үлес қосып жатыр. “Ата-ұлды, ана — ұлтты тәрбиелейді” емес пе? Сондықтан әйелдер қауымына құрметіміз ерекше. Елдіктің жүгін ер азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғысымыз шексіз, — деді өңір басшысы.
Әрі қарай түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен аруларға Құрмет ордені, Ерен еңбегі үшін медальдарын табыстады. Көпбалалы аналарға алтын, күміс алқаларын тақты. Бірқатар қыз-келіншекті Мемлекет басшысының және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Жиында ҚР Президентінің 2025 жылғы 3 наурыздағы №804 «ҚР мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығымен еңбек ардагерлері Айжан Изимова мен Руза Үмбетова «Құрмет» орденімен және Атырау облысы әкімі аппаратының Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина мен жеке кәсіпкер Бибігүл Ізбасова «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Аймақ басшысы «Көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін Қызылқоға ауданының тұрғыны Гүлмира Ақбатыроваға, «Кәсіби таңдау» ЖШС маманы Құралай Жолдыбаеваға, Жылыой аудандық бөбекжай тәрбиешісі Марта Тәженоваға, Махамбет ауданының тұрғыны Алтын Хамидуллинаға «Алтын алқа» табыс етті.
Сонымен қатар алты бала туып, тәрбиелегені үшін «Күміс алқа» Индер аудандық орта мектеп мұғалімі Мадина Дәуленоваға, Құрманғазы аудандық ауруханасының акушері Раушан Жаймаханбетоваға, Исатай аудандық ауруханасының мейіргері Назым Қажиденоваға, Мақат ауданының тұрғыны Индира Көккөзоваға, Атырау қалалық 36 орта мектеп мұғалімі Самал Махамбетоваға және Жылыой аудандық орта мектеп мұғалімі Бибінұр Тайлановаға берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы АМӨЗ химиялық талдау зертханашысы Гүлжан Әлмұханова мен Құлсары теміржол станциясының жүк іздестіру агенті Сара Сатқанова берілді.

Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматша облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Шара Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері — Жұбаныш Жексенұлы мен Елена Әбдіхалықова, сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ