МЕЙІРБАН ЖАНДАР МЕРЕКЕСІ
Оған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, барша аналарды, қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтады.
Аймақ басшысы түрлі сала бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосып жүрген қыз-келіншектердің тындырымды істеріне тоқталды.
— Білім мен денсаулық саласында еңбек етіп жүргендердің көп бөлігін әйел азаматтар құрайды. Жағдайымыздың жақсаруы демографиялық өсімге жол ашты. Өткен жылы облыста 16321 сәби дүниеге келіп, отбасыларын бақытқа бөледі. Шаңырақтарымызға шамшырақ себетін, жүректерімізді жібіте білетін, қиналғанда қуаныш сыйлайтын әйел заты қашан да құрмет пен қошеметке лайық. Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегі-ңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша маусымы – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер! — деген тілегін білдірді облыс әкімі.
Бұдан соң Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасының биылғы жылғы қаңтардағы Жарлығына сай көп бала тәрбиелеп, өсірген бір топ ананы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапаттады. Кеште аймақ экономикасының дамуына үлес қосқан бір топ қыз-келіншек облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Салтанатты шара Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясы әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Бақытжан ЖҰМАТ.