Медициналық ұйымдарға 4,6 млрд теңге айыппұл салынды

vrachi 0 Жаңалықтар

Atr.kz/12 тамыз, 2020 жыл. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты 460 мыңнан астам түрлі заңбұзушылық анықтады, медициналық ұйымдарға 4,6 млрд теңге айыппұл салынды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалы хабарлады.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда бекітілген стандарттар сақталмай көрсетілген медициналық көмек көлемі 3 есе көп, ал 2019 жылдың 1 жартыжылдығында салынған айыппұл 2,7 млрд теңге еді. Атырау облысы бойынша 103,9 млн теңге болды. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 277 млн теңге айыппұлды құрады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС пакеті бойынша медициналық көмек көрсету сапасына тұрақты түрде мониторинг жасайды.

Медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтер үшін қаржыны көрсетілген медициналық көмектің бекітілген стандарттарға сәйкестігіне мониторинг жүргізілгеннен кейін төлейді. Сапа мониторингі ақпараттық жүйелерді пайдаланып, қашықтықтан жүргізіледі де, осылайша «адами факторды» барынша азайтады. Медициналық сақтандыру қоры амбулаториялық-емханалық деңгейден стационарға дейінгі аралық мониторингті қоса алғанда, процестерді автоматтандыру ісін жалғастыруда.

Қор медициналық көмектің сапасын сараптау тәсілдерін жетілдіріп, қиын жағдайлардың мониторингі бойынша тәжірибесін арттыруда. Мұндай жұмыстар күн сайын және тұрақты негізде жүргізіледі. Салынған айыппұлдар қайтадан медициналық қызметтерге төленетін ақы ретінде пайдаланылады.

Қазір азаматтар әлеуметтік желілерде медициналық ұйымдар «жалған тіркеген» фактілерді белсенді түрде жазып, талқылауда. «Біз қызмет көрсетушілер арасындағы заңбұзушылықтарды жоюға мүдделіміз. Сондықтан азаматтар тәртіп, иә болмаса заңбұзушылыққа тап болса, бізді хабардар етуін сұраймыз. Қор пациенттерден келген әрбір өтініш бойынша тиісті шара қабылдайды», – деді медициналық сақтандыру қорындағылар.

Шағым немесе өтініштерді 1406 телефоны немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы қалдыруға болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз