Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мәжіліс депутаты жаңа нысандардың жобасымен танысты

Мақат ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаевтың ауданымызға сапары бүгін Мақат кентінде жалғасты.

Облыс халқының аманатын арқалаған ел азаматы алдымен «Болатжол» бастауыш партия ұйымының қызметкерлерімен кездесіп, еліміздегі орын алып жатқан соңғы оқиғаларды ой елегінен өткізіп шықты.

«Елімізде үлкен өзгерістер болып жатқанын бәріңіз де хабардарсыздар. Президентіміз өз сөзінде «Халықтың бірлігін сақтай отырып, экономиканың барлық саласына өзгерісіп енгізіп, реформа жасау керек деген болатын» Сондай-ақ, Үкіметке халықтың жағдайын көтеруге тапсырмалар берді. Кәсіпкерлермен кездесуінде де «бүкіл халықтың байлығының қызығын көріп отқан тек 162 адам» деп баса айтты. Ел экономикасынан түсіп жатқан пайдадан менің отбасыма неге сол қаражат дарымайды деген сауал қарапайым халық арасында да туындап жатқаны жасырын емес. Бұған дейін билік басында болған азаматтарға тексерулер жасалып, шет ел асып кеткен қаржыларды қайтаруға жұмыстар жүргізіліп жатыр»,-деді мәжіліс депутаты С.Нақпаев.

«Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап еткен бейбіт мақсаттағы шерулерін өзге де теріс пиғылдағы күштер басқа арнаға бұрып жіберді. Көптеген қарулар ұрланды. Қолды болған үш мыңға жуық қарудың бүгінде тек үштен бірі ғана кері қайтарылды. Қарудың тарауы — қауіп»,-деді өз сөзін толықтырған қонағымыз.

Сондай-ақ, Сәлімжан Жұмашұлы жақында «Жаңа Қазақстан» деп аталатын депутаттық топтың құрылғанын хабардар етті. Аталмыш депутаттық топқа мүше болған 31 депутаттың қатарында екенін жеткізген ол кез-келген мәселеге құлақ түруге дайын екенін жеткізді.

Жиынға қатысқан теміржолшылардың сауалдары кентіміздегі кемшіл тұстардан бастап республикалық маңызы бар нәрселерді де қамтыды. Мәселен, осы жылдың екінші жарты жылдығында Мақат кентін қамтитын 24 км жолдың жұмысы басталғалы тұр. Сондай-ақ аудан әкімі кент ішіндегі 12 көп қабатты үйдің шатырлары мен қасбеттері 1-2 жылда жөнделетінін тілге тиек етті.

Әрі қарай С.Нақпаев №2 бастауыш мектебіне жапсарлас ғимарат құрылысын салу мәселесімен танысу үшін аталмыш алтын ұяға табан тіреді. Бүгінде бұл білім ордасында 173 оқушы болса, мұғалім саны — 22. «Жалпы 2018 жылы 250 балаға жапсарлас ғимарат құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы жасақталынған болатын. Қаржы бөлінбеуіне байланысты құжаттаманың үш жылдық мерзімі өтіп кетті. Осыған байланысты жобаға өзгерістер енгізу үшін құрлыс басқармасына қайта жолданды»,-дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Долдашев. Сәлімжан Жұмашұлы білім ордасының жай-күйімен танысқаннан кейін кентіміздегі жақында ғана жұмысы жанданған спорттық кроссфит кешенініне ат басын бұрып, болашақ чемпиондарымызға сәттілік тіледі.

Тозығы жетіп тұрған теміржол вокзалының перроны да мұнайлы мекенге табан тіреген депутат назарынан тыс қалмады. Жоба бойынша перрон 1,2 метрге көтеріледі және 60 метр шатырмен жабылмақ. Перрон ұзындығы — 448,8 м, ал ені — 4 м. Барлық аумағы 4150м². Сондай-ақ перрон аумағында 20,5*6 метр болатын ғимарат қарастырылған. Бұл ғимаратта ЛОВД, демалыс бөлмесі, кафе, әжетхана және жүк қоймасы қарастырылған. Сонымен қатар, жобада лэд шамдары бар көше жарығы және жолаушылар ыңғайлылығы үшін 10 дана отырғыштар, 10 дана қоқыс жәшіктері қарастырылған. Вокзал аумағын тоқпен қамту үшін 1 дана КТПНГ 25Ква 6/0.4 кв қондырылады. Мәжіліс депутаты вокзал маңында жергілікті ақсақалдармен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, жақында ғана бой көтерген «Боздағын іздеген ана» ескерткішімен танысты.

А.САДЫҚОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button