Жарнама
Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты өңірдің түйткілдерін тыңдады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында маңызды кездесу өткізді. Ол алдымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының жұмысымен танысты. Резерватты жергілікті атқарушы органға беру туралы ұсыныс жиында кеңінен талқыланды.

735126e6 aeca 42dd b267 10c2c62e3f17

Кездесуге табиғатты қорғау мен су ресурстарын басқару саласының өкілдері – балық қорғау және су жолдары инспекциялары да қатысты. Негізгі назар Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр тұсындағы экологиялық және құқықтық мәселелерге аударылды.

Серік Ерубаевтың айтуынша, резерватта және балық қорғау инспекциясында кадр мен техника тапшылығы сезілуде. Бұл браконьерлікпен күреске кедергі келтіріп отыр. Қазір браконьерлер заманауи, қуатты техникалар қолданады, ал ресми органдар олардың мүмкіндіктерінен артта қалып отыр.

c906a829 c603 469d b08f 6cbe19086afa

Бассейн бойынша бас мемлекеттік инспектордың орынбасары Нұрболат Қаратекеев браконьерлердің 250-300 ат күші бар моторлы қайықтарды заңсыз пайдаланатынын айтты. Мұндай техникалар мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Қолданыстағы заңнамада бұл мәселелерді реттейтін нақты құралдар жоқ. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр. Бұл мәселе Көлік инспекциясына бірнеше рет жолданғанымен, нақты шешім қабылданбаған.

d24c30f8 b5fb 4545 a8d2 674c97c42d02

Жиында тағы бір маңызды мәселе – балық жүретін өзектердің (арналардың) жағдайы сөз болды. Қазіргі таңда тек кеме жүретін канал жұмыс істейді, ал табиғи балық жолдары – оң және сол жағалаудағы 14 өзек лайланып, тереңдігін жоғалтқан. Егер оларды тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілсе, балықтардың табиғи өрісіне жол ашылар еді.

Сонымен қатар, табиғатты қорғау саласындағы кадр тапшылығы да өткір күйінде қалып отыр. Нұрболат Қаратекеевтің айтуынша, өткен көктемде су тасқыны кезінде бірқатар аймақтарға дер кезінде тексеріс жүргізу мүмкін болмаған. Себебі қажетті маман саны жетіспеген. Бір шағымды қарау үшін бес адам қажет болса, инспекцияда тек екі-үш маман ғана бар. Бұл тексеріс жұмыстарының кешігуіне себеп болған. Мұндай жағдайларда блогерлер мәселені бірінші көтеріп, жариялап жатады. Қаратекеев бұл шындықты жасырмай, керісінше мойындап, бар күшпен жұмыс істеуге тырысатындарын жеткізді.

Жиында көтерілген мәселелер Мәжілістің тиісті комитеттерінде қаралып, нақты заңнамалық және практикалық шешімдер қабылданатын болады. Бұл тек Атырау өңірі үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды экологиялық әрі құқықтық жауапкершілік болып саналады.

Сапар барысында Серік Ерубаев облыстық полиция департаментінде де болды. Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ретінде департаменттің жұмысымен танысып, азаматтардың ұсыныс-шағымдарын тыңдады.

Алдағы он күн ішінде депутат аймақтағы елді мекендерді аралап, жол сапасы, шекара бекеттерінің (әсіресе Құрманғазы бекеті), әйелдер колониясы мен емдеу мекемелерінің жағдайымен танысуды жоспарлап отыр. Бұған дейін Құрманғазы шекара бекетіне қатысты жолданған депутаттық сауал аясындағы жұмыстардың барысы да осы сапар аясында тексеріледі.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button