Мәжіліс депутаты ақсақалдармен жүздесті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау өңіріне іссапары барысында облыстық әкімдік ғимаратында ақсақалдармен кездесті.
Бірден айта кету керек, халық қалаулысымен жүздескен атыраулық аға буын өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын (жалпы саны 25-тен астам) қойды. Бұдан бөлек, WhatsApp арқылы облыс аудандарынан жолданған сұрақтар да аз болмады.
Қорытындысында Мәжіліс депутаты отыздан астам сұраққа жауап берді. Оларды сараптап қарағанда, ең алдымен ардагерлерді өңірдің экологиялық ахуалы, ауыз сумен қамту резервтерінің жеткіліксіздігі алаңдататыны аңғарылды. Одан басқа, Атырау мұнай өңдеу зауытынан ауаға таралатын зиянды қалдықтардың шамадан тыс көптігі, газ бен бензин бағасының тұрақсыздығы да толғантатыны белгілі болды. Ардагерлердің ойынша, «Темір жол» акционерлік қоғамына қарасты теміржолдарды мемлекет меншігіне қайтаратын уақыт жеткен сияқты.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 2,5 млн адам кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүруде. Бұл да ойлантатын жағдай. Сонымен қатар, Қазақстанда салынуы жоспарланып отырған атом электр станциясының құрылысы да ақсақалдарды толғандырып отырған мәселе екені анықталды.
Осылардың бәрін мұқият тыңдап, таразылаған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлы қойылған сауалдардың бірқатарына сол жерде жауап қайтарса, қалғандары да жауапсыз қалмайтынына сендірді.
Дәулетқали АРУЕВ